Құсайыновтар жанұясы былтыр Уәлиханов аудандық «Мерейлі отбасы» ұлттық сайысында екінші орынға ие болды. Осы бір шағын Кішкене көл ауылының қарапайым, берекелі шаңырағында екі спортшы ұл тәрбиеленуде.
Сәкен мен Жанар бір ауылда, бір мектепте, сыныптас болды. Ата-аналары да бір-бірін білді. Сәкеннің анасы мектепте мұғалім, білім беру ісінің үздік қызметкері. Саналы ғұмырын оқушыларды тәрбиелеуге, оқытуға арнаған Рузия апай қазір немерелерінің сүйікті әжесі.
Мектеп бітірісімен Жанар Астанаға оқуға шешім қабылдады. Ал болашақ жары Сәкенді спортқа деген құштарлық Алматыдағы қазіргі Қазақ спорт және туризм академиясын жетеледі. Хат жазысып, хабар алысып тұрған екі жас оқуларын бітірісімен отау құрды. Қазақы дәстүрмен құда түсіп, сырға салып, межелі күні ұзатылған Жанардың осы шаңыраққа келіп боп түскеніне он жылдан асты.
- біз бақытты отбасымыз. Өйткені, үйімізде ата-енеме де, бізге де, балаларыма да жайлылық бар. Енем маған осы күнге дейін келін деп көрмеді. Бір қызындай қарсы алды, ал қайын апаларыммен апалы-сіңлідей боп кеттік», - деді Жанар.
Қонағы арылмайтын шаңырақта үлкенді сыйлау, дастархан жайып, қазан көтеру – Жанардың күнделікті ісі. Енесі тұрмыста қажетті бар шаруаға үйретті. Қазы айналдыру, еттен пісірілетін түрлі тағамдарды баптау және т.б.
Қырықтан енді асқан Сәкен Қайыргелдіұлы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы. Ол 1989-1990 жылдары еркін күрестен Қазақстанның чемпионы болды. Сәкеннің республикалық сайыстардан жүлдегер шәкірттері бар. Өз ісіне жан-тәнімен берілген спортшы жас командасына жақсы қолдау көрсетіп отырады. Мәселен, шәкірттерінің тамақтануынан бастап мектеп қабырғасынан тыс өміріне дейін қадағалап отырады. Жол қаражатын өзі көтеріп балаларды сайыстарға апарған кездері де аз емес. Шәкірттері де онымен қызықты өтетін жаттығуларды бағалайды, қалаға кетсе асыға күтіп отырады. Спорт залдарында өтетін жаттығуларға бастапқыда еріп барып жүрген екі ұлы Ересен мен санаттың кілем үстінде күрескен спортшыларды көріп еркін күреске қызығушылықтары оянады. Сөйтіп, олар жеті жасында спортпен айналысуды бастайды.
Құсайыновтар отбасының тұңғышы Ересен мектепті қызыл аттестатпен бітірді. Ол 2015 жылы еркін күрестен Қазақстан чемпионы болды. Қазір Астанада С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 2-курс студенті. Күреске деген қызығушылығын әлі жалғастыруда. Ал ортаншы ұлдары Санат 2013-2015 жылдары Қазақстанның еркін күрестен жеңімпазы. Ол осы спортты өмірлік мамандығы ретінде таңдап, онымен кәсіби айналысуға біржола бет бұрды. Қазіргі уақытта Алматыдағы Олимпиада резервінің Республикалық мамандандырылған мектеп-интернат – колледжінде оқиды.
Еліміздегі әртүрлі діни ағымдар қаптап кеткен тұста жып-жылы ұяда отырған баласын өнер үшін алысқа, шалғай жердегі мектепке оқыту әр ата-анаға уайым да туғызады. Әсіресе, жан-жақтан жиналған жастары көп Алматыда болып жататын келеңсіз жағдайларға құлағын түріп отыратын Құсайыновтар Санатқа ислам дініміз туралы, басқа теріс ағымдар туралы ылғи ақпар беріп, әңгімелеседі. Атасы мен әжесі әр күні Санатқа телефон шалып «балам, ойланбай, бізбен ақылдаспай ешқандай қадам жасама. Ислам діні саналыларға арналған мықты дін. Өз уақытында сен де оған келесің» деп ақылдарын айтып отырады.
Жанар өзі өнер мектебінде есепші боп жасағандықтан ба, ондағы небір қабілетті музыкант жеткіншектерді көріп, кенже ұлы Жәңгірдің домбырада ойнап, күйші болғанын армандайды. Дегенмен, алты жасар Жәңгірдің де қалауы да – еркін күрес боп тұр!
Сәкеннің жанұясында мемлекеттік мерекелермен бірге мерейтойлар да міндетті түрде аталып өтеді. Сондай қуаныштарда алыстағы студенттер келіп, отбасы жиналып балалардың сүйікті тағамдарын пісіреді. Бәрі бірге табиғаты тамылжыған Бурабайға барып бір демалып қайтады.
Отбасында береке болу үшін түсіністікпен қарап кешірімді болу, байыппен қарап сабырлы болу секілді шаңырақтың шайқалмауына әкелетін жақсы қасиеттерді бойға жинай білу қажет. Мұндай жақсы қасиеттерге ие Құсайыновтар шаңырағы шаттыққа толы, шын мәніндегі бақытты отбасылардың бірі.