Отбасы - табиғат туындыларының бірі

 Адамға өмір бақыттың не екенін сезініп өмір сүруі үшін Алланың берген сыйы. Әсіресе, әйел заты үшін нағыз махаббаттың не екенін сезініп, басынан өткеру маңызды. Көбісінің аузынан түспейтін «әйел бақытына» қол жеткізу. «Шынайы махаббат» өмірде бар ма? деген сұраққа жауап беру. Бұның барлығы әркімнің алдыға қойған мақсаттарының бірі.
Д.Сантаняна: «Отбасы – табиғат туындыларының бірі», - деген екен. Ал, туындыларды екінші мәрте қайталау мүмкін емес. Оларды көздің қарашығындай сақтап, қорғау қажет. Мінсіз отбасы махаббат бар жерде құрылады. Онсыз отбасыны елестету мүмкін емес.Тіпті В.Высоцкий де: «Мен жақсы көремін, яғни өмір сүремін»,- деп айтқан. Отбасы – мемлекет қамқорлығындағы саяси-қоғамдық институт. Бұрынғы кезден бастап отбасы қорғаушысы ер азамат болып қалыптасқан. Оның негізгі міндеті – шағын мемлекетін қорғау мен асырау болса, әйел ерінің сүйеніші, тірегі болған. Жылдар өтті. Билік басына әйел келе бастады. Ердің отбасындағы рөлі төмендей берді. Бүгінгі күнге дейін төмендеуде.
Кез келген некеде, топта көшбасшы болатындығы белгілі. Қай жерде болсын бірінші болуға ұмтылатын, кімнің мінезі сәйкес келеді сол көшбасшы бола білген. Атақты британдық кино және театр актерлары Вивьен Ли және Лоуренстың отбасылық өмірі камераның бақылауында өткен. Олар бірге көптеген киноларға түсті. Қысқасы, жұлдызды мансабы өрлей берді. Бірақ, отбасылық өмірі алға жылжымады. Вивьен ер мінезді әйел. Ондай мінездің оқуда, жұмыста пайдасы бар шығар. Тек жеке өмірде пайдасынан залалы басымырақ. Британдық әртістің осы мінезі де отбасылық өміріне нүкте қойды. 17 жыл бірге тұрған серігі шыдамай оны тастап кетіп қалды.
Осы тәріздес оқиғалар біз өмір сүріп жатқан қоғамда да орын алып жатады. Айналамызға көз жүгіртсек болғаны. Иығынан сәл ғана асатын қара шашты Дина есімді бойжеткен нәзік те аппақ өңді, көрікті сұлулардың бірі. Сыңғыр күлкісімен үйлескен ботадай қара домалақ көздері оны көрген жанды еріксіз баурап әкететін. Үйдің ерке қызы Динаның бойында ерік-жігерімен қоса ер адамға тән мінезі басымырақ болатын. Ата-анасы бетінен қақпай өсірді. Нені қалайды, көп уақыт өтпей қалаған затын қолында ұстайтын. Дина барлық жерде бірінші болуға талпынды. Сыныпта топтың старостасы, кілең беске оқитын озат оқушы. Өз сыныбында ғана емес, мектептің де көшбасшына айналды. Ұстаздары мектеп мақтанышының болашағының жарқын болатындығына кәміл сенді. «Тек қана бірінші орын. Қалғандары керек емес» деген сөз Динаның ұстанымына айналды. Өзінен басқа ешкімнің сөзіне құлақ аспайтын қырсық мінезі де бар бойжеткеннің бойынан қайсар рух, мықты ерік, іс-әрекет пен ой еркіндігін байқауымызға болады. Міне, сол қырсықтығы оған көп қиыншылық әкелді. Сәл болсын айналасындағылардың айтқанына құлақ асса, өмірінде мұндай оқиға орын алмас па еді?
Бір күні Дина мен құрбысы Аружанның арасында арман туралы әңгіме өрбіді.
- Арман туралы не айтасың? Ол сеніңше қандай? – деп Аружан ынтызарлы көзбен құрбысына қарап: - Арман! Ол өте алыста... Қол созым жерде тұрғандай көрінгенімен, саусағымызды да тигізе алмаймыз, - деп жауап қатты.
- Білесің бе, мен армандамаймын. Алдыма мақсат қойып, соған жетуге әрекет жасаймын, - деп сенімді түрде құрбысына Дина жауап берді.
- Мақсат қою арқылы да қол жеткізе алмайтын армандар да бар емес пе? Мысалы, отбасылық бақыт. Әйел бақыты...
Осы сәтте үнсіздік орнап, Динаның көздері алысқа әлденені ойлап тұрған қалпы қарап тұрды. Бәлкім, көп жылдар ішінде Дина бірінші рет ақылының емес, жүрегінің үніне құлас асты ма? Адам баласы барлығына үлгеремін деп асығыстық таныту арқылы ең маңыздыны естен шығарады екен. Өзінің бақытын, ішкі жан дүниесін.
Алдымен қызыл диплом, одан соң мансап қуған Динаның жасы 30-ға да келді. Қартайғанда жалғыс қалмауды ойлаған ол 25 жастағы сабырлы, үндемейтін ер азаматқа тұрмысқа шықты. Оның мінезі Динаның мінезіне мүлдем ұқсамайтын. Екеуі қарама-қайшы адамдар. Дина мансап қуып, жары өзімен өзі таныш өмір сүрді. Бүгіні кешегісінен еш ерекшеленбейтін. Отау құрғанға дейін қандай тыныш болған өмірінде Динаның пайда болғандығы да өзгеріс енгізе қоймады. Отбасында Динаның сөзі жүрді. Күйеуі қарсы шығып, үй ішінде шешім қабылдаса, намысының аяққа тапталғандығы деп ұқты. Зымырап уақыт өте берді.
Күз мезгілінің қоңыр салқын күндерінің бірі. Жайма шуақты күндер артта қалып, айнала алтын түске орануда. Шаршаңқы күйде жұмыстан Дина үйіне қайтып барады. Жан-жағына зер сала қарап, қол ұстасқан ғашықтарды, құшақтасып отырған жұпты, асыр салып ойнап жүрген балаларды көргенде жүзінде мұң пайда болды. Ойына Аружанның «қол жеткізе алмайтын армандар да бар» деген сөзі орала берді. Өмірінде алғаш рет отбасы бақыты туралы ойланды. Жары мен екеуінің қарым-қатынасы туралы. Ол Динаның тек көлеңкесі ғана ма? «Жоқ, мен өзгеремін! Отбасымның күйреуіне жол бермеймін!» деген оймен Дина көзінен жерге жасы тама үйіне қарай жүгірді. Үйіне келсе, ешкім жоқ, барлық жерде орнаған тыныштық. Үй ішіне көз жүгіртіп қарап шықты. Тап-таза. Себебі, жары барлығын тазалықта ұстағанды ұнататын. Қонақ бөлмесінің дәл ортасындағы газет-журнал үстелінде оралған қағазды көзі шалды. Қолы дірілдеп төмендегі жолдарды оқыды: «Мен бұдан әріге шыдай алмаймын. Кешір. Түптің түбінде мен ер азаматпын»
Данагөй әйел үйінде басшы болса да, сырт көзге ерін жоғары қылып көрсетеді. Ақылды әйел және ана болу – үлкен жетістік. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді.


Бөлісу: