Отбасы - басты құндылық.
блог
Отбасы қоғамның ең кіші бөлшегі. Яғни мемлекет немесе ұлт отбасылардан құралады. Егер де отбасы деген кіші бөлшектер сапалы болса, онда қоғам да мықты болмақ. Ал, егер отбасыда шаңырақ шайқала бастаса, қоғам да іріп-шіри бастады дегенге саяды. Сондықтан да, қоғамды түзету үшін отбасы иниститутына ерекше көңіл бөлуіміз қажет.
Еліміз ажырасу статистикасы бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. 2016 жылы 140 мыңнан астам жұп отбасы құрса, 51575 жұп ажырасқан екен. Сонымен қатар, жыл сайын 40 мың бала жартылай отбасыда тәрбиеленушілер қатарына қосылады немесе «тірі жетім» атанады. Осы көрсеткіштердің өзі-ақ отбасы иниститутына ерекше көңіл бөлінуі керек екенін байқатады деп ойлаймын. Әрине, көңіл бөлу мемлекет тарапынан бастау алуы керек. Дегенмен де, тек қана мемлекеттен күтіп отыра бермей бермей, әрбір азамат атсалысуы қажет.
Мен өзімнің жастарға арнап өткізетін семинарларымда жастардан «Патриотсыңдар ма?» деп жиі сұраймын. Әрине, бәрінің жауабы «иә». Өйткені, бәрі патриот болу керек екендігін жақсы біледі. Патриоттықтарының белгісі ретінде не істеу керек екендігін толық білмесе де, патоиот болудың жақсы екенін біледі. Расында да, патриоттық белгісі ретінде не істеуіміз керек? Қалай ойлайсыздар?
Сұрақ сұрап, сәл ойлануға уақыт бергеннен соң, сұрағымның жауабын өзім де беруге тырысамын. Менің ойымша, патриоттығымыздың белгісі ретінде бақытты отбасы құруға немесе бақытты отбасы болуға тырысуымыз керек. Өйткені, бақытты отбасы шаңырағынан бақытты ұрпақ тәрбиеленіп шығады. Бақытты ұрпақтан құралған ұлт та, қоғам да бақытты болмақ.
Айтуға оңай... Гәп осында. Бақытты отбасы қалай боламыз? Бақытты отбасы болуға отбасы мүшелері бірге ұмтылуы керек деп ойлаймын. Бірге ұмтылып, бақытты отбасы болудың қыры мен сырын бірге зерттеп, үйренгендерін отбасыларының басты қағидаларына айналдыра алса, олардан бақытты жандар болмайтын секілді. Ең бастысы, «бізде бәрі жақсы», «мен бәрін білемін» секілді алдамшы түсініктерден арылуға тырысайық!
Елжас Ертайұлы.
«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығы.