Өміріңізді мағыналы ететін қарапайым күнтізбе

Альберт Эйнштейн, салыстырмалылық теориясында, уақыттың да салыстырмалы екенін дәлелдеген. 

Алайда уақыттың құнын адамдар о бастан білген болатын. Яғни, қызыққа толы уақыттын тез зымырап өтетінін, ал еш пайдасы жоқ, көңілсіз уақытты қамшыласаң да өтпейтінін байқаған шығарсыздар? 
Аласапыран өмірді қалыпта ұстау үшін, күнтізбелер ойлап табылған болатын. Күнтізбеге уайымсыз қарап, уақыттың дұрыс жолмен өтіп бара жатқанын аңғарамыз. Бүгін міне жексенбі, ертең болса жаз, арғы күні демалыс...

Күнтізбенің түр-түрі бар. Уақытты тежейтін немесе оның маңыздылығын түсіндіретін күнтізбелер бар. Бар мәселе осында жатыр. Күнтізбе қаншалықты пайдалы болғанымен, ол да салыстырмалы зат. Сенбейсіз бе?

Мысалға, жылдың әр тәулігі бөлек бір бетке жазылған жуан жыртылмалы күнтізбе бар делік. Күн өткен сайын оны жыртып отырасыз, солай бір жыл өтеді, сіз келесін қоясыз, ол да бітеді, солай кете береді. Осылай ғұмыр кешсеңіз, өмір бақиға айналып кетер. 

Қалталы күнтізбе ше? Иә, өте ыңғайлы, бірақ бұны кемшіліксіз деп айта алмаспыз. Өміріңізді әр күнін бақандай 1 жылға жоспарлап қойсаңыз болады. Жақсы, 1 жыл делік, ал кейін ше? Өмір жалғасуда, қайтадан сондай қалталы күнтізбе аласыз, жоспарлайсыз, солай шыр айналып жүру қызық шығар, иә?



Айтып кеткен күнтізбелерде бір мәселе бар. Олар адам өмірінің бір кезеңін алып қарастырады. Яғни, бірінші жағдайда ол - тәулік, екінші жағдайда - 1 жыл. Қай жылдың қай күні екенін осы күнтізбелерге қарап оңай біле аласыз. Алайда, осы күнтізбелер, бүгінгі күн өміріңіздің қаншасыншы күні екенін айтады ма? Қайдам.


Жақында, осы мәселені толықтай шешетін, өмірге деген көзқарасты өзгертетін кереметтей бір күнтізбе көзіме түсті. 

 


Мәселен қарап тұрсаңыз, бұл адамның 90 жылдық өмірінің күнтізбесі. Бір тор - өміріңіздің бір аптасы. Бір қатар - өміріңіздің бір жылы. 90 жылдық өміріңіздің ұзындығы осылай белгіленіп тұр. Қалай екен, ұнады ма?

Ең қызығы мынада. Осы қағазды басып шығарып, көзге көрінетін жерге іліп, артта қалған апталарды бояп көріңізші. Үштен бірі боялды ма? Үштен екісі ме? 

Осыған қарап өміріңіздің күнтізбесін көресіз. Көре тұра, әр күннің, әр аптаның қадірін білетін боласыз. Қай жыл, қай ай, қай апта, қай күн екенін онсыз да біліп жүретін боласыз. Бірақ осыған қарап, өз өміріңіздің қай аптасы, қай күні екенін біліп жүретін боласыз. Өмірімнің 21-інші жылының 14-інші аптасы өтуде, құлаққа жағымды естіледі ме екен? Олай болса, қамшының сабындай қысқа өмірдің қадірін білейік, әлі де боялмаған торларды қызық та, мағыналы өткізейік.

Дүние бақи емес....



Бөлісу: