Өмірлік тапсырма
жеке
блог
блог
Жерге түскен жапырақ, кеудені тесіп бара жатқан салқын ауа мен алыстан құлаққа кірген дыбыс. Дыбыс – ол әрдайым бар. Соның бірі – жүрек қағысы – өзінше бір сарқынмен шертілген күй секілді. Бәлкім, керісінше, күй ол жүрек қағысы ма екен?!... Бұл да мазалар бір сұрақ. Мазалау демекші, бәрімізді ішімізден жеп бара жатқан сұрақтар көп болса керек: бірі іштен есеп шығарып жүрсе, ал бірі “бәленше неге ренжіді” деп жүруі де мүмкін, ал енді біреу “түскі асқа не жейміз: балық немесе қуырдақ” десе керек. Иә, шіркін, осы сұрақтарсыз ішіміз тіптен бос болып қалар ма еді? Әлде сол бос болғаны үшін де сұрақтар туындайды ма екен? Бос бегеніміз қалай? Оны өзім де түсінбеймін.
Күн атысымен түн батып жатқанын байқатпас осы дүниенің уақытының құны жоқ секілді. Кейде құлағымды музыкадан тыныштандырып, жан-жағыма қарасам, қызық бір көрініске куәгер боламын: басын тік ұстап, бір жаққа асыққан адамдар, бірі ұялы телефонмен сөйлесіп, ал енді бірі кішкентай бөбекті балабақшаға жетелеп бара жатыр. Бұның несі қызық дейтін боларсыз? Иә, расымен несі қызық... Осы заман күнделікті тірлігігміздің ерекшелігі мен бар мән-сәнін, өмірдің қызығын жасырып қояды-ау шамасы! Өмірдің мәні не деген сұраққа жауап табыла бермейді, алайда мән мен құндылық мақсаттың айқын және ашық болуын қажетсінеді. Қойылған мақсаттың маңыздылығына қарай оған деген ұмтылыс та әр қалай. Адамның қажеттілігіне қарай мақсат та әр түрлі және істеген істің сапасы да соған қарай түрленеді.
Адамның жаманы болмайды, адамның мақсатына жетудегі амалдары болады. Бір адам болады, оған бақыт болса, жеткілікті. Алайда бақыт дегенің де уақытша емес пе?! Оған қоса, бақытты болу оңай: сабақтан алған жақсы бағаң немесе жай ғана шоколадтың өзі кейде одан асқан бақыт болмайтындай сезіндіреді. Ал біреу үшін бақыт емес, мансап - мақсат: ақшам болса, менде бәрі болса екен деп ұмтылады. Енді өзге біреу атақ құмар келеді: мені айтса, мені байқаса деп. Ал енді біреулер абырой-беделді мақсат етеді: “мені бір жоғары мәртебемен байланыстырса” дейтіндер аз емес, мысалы, “мені Европада оқыған дәрігер десе” немесе ата-анасы баласын жұрт бір мекемеде бастық деп айтса дегені. Даңқ, абырой, мансап – бұның барлығына оңай қол жеткізетін адамдар да болады, және олардың мақсаты одан да жоғарырық – «бірінші» болуды армандайды әрі сол үшін барын істейді, не істесе де соңына дейін әрі мейлінше мінсін етеді. Тарихтан көріп отырғанымыздай, әлемді өзгерткен, көш бастаған адамдар бар, олардың мақсаты тек «бірінші» болу емес, олардың мақсаты із әрі әсер қалдыру еді. Дегенменде, одан да биігірек мақсатты адамдар болады, олардың мақсаты – әділеттілік және әділеттілікті орнату, шындық және шындықты табу әрі түсініп-түсіндіру. Жоғарыда айтылған мақсаттар оларға оңай келеді, өйткені олар үшін шындық пен әділеттілік маңыздырақ.Сондай адамдардың қасында жігерленіп, оларды еріксіз жақсы көресің.
Көбіміз ойлаймыз: адамдарда бір сыйымдылық болады және сол сыйымдылыққы қарай әрекеттенеді деп. Жоқ, олай емес. Адам жаратылысында өзіне тән қабілет болады. Істеген ісінің сапасы мен көлемі қабілетке байланысты келеді. Мақсат деген жетелеуші күш болса, қабілет оны сусындырар нәр болса керек. Қабілетімізге қарай мақсат, екеуінің қатынасынан әр адамның өз сыйымдылығы туындайды. Сыйымдылық, өзі айтып тұрғандай, бойына бір нәрсені сыйдырады.
Басында айтылып кеткен ішіміздің бостығының себебі осыда болса керек: қабілетімізге сай мақсатымыздың жүзеге асыралып отырса, сыйымдылығымыз толса, міне сонда бар сұраққа жауап табылса керек, міне сонда ішімізде тыныштық мен тепе-теңдік орнығар. Олай болса, өз қабілетіміздің шыңы мен мақсатымыздың өзектілігін түсіну өзімізге қойылған өмірлік тапсырма.