Өмір көшіп кетіпті

Өмір көшіп кетіпті
жеке
блог

Өмір Алматыға көшіп кетіпті. Өмірді іздеп менде келдім артынан. Бірақ өзін ұстай алмай жүргенім.Жалт-жұлт етіп,жете берсем жоқ болып кетеді.Қалаға келіп,қателеспесем, 7күн өткесін газет сататын дүңгіршектен көріп қалдым. Жақын жерде жүргенін көріп, көңілім де жайланды. Тіршіліктің реттер тұсы көптеу болып тұрғасын,əзірге Өмірді мазаламайын деп шешкен едім. Сүйтіп жүріп екі аптаны өлтіріп алыппын. Алдыңғы аптаның жексенбісінде мен отырған автобусқа ол да мінді,қала қартайтып жіберіпті ,орын бердім де,сол қалпы оны ұмытып келесі аялдамадан түсіп кетіппін.Өзіме сол үшін өкпелеп те қалдым.
...Жаңбыр жауған күні қолшатырсыз-ақ іздеп барып театрда кездесіп келдім.Метродағы бір бұрышта отырып кофе іштік. Өткендегідей емес шаштары қайта ақтан қараға ауысқандай ма?! Иə,жүзіне жылу,көзіне үміт ұялапты қайтадан. Сосын тағы...тағы көзжазып қалдым. Маған қарсы бағыттағы поездға отырып кетті... Бірақ сол күннің ертесінде таңертең жұмыс жақтан көрдім. Бұл жерден кездестірем деп ойламағам. Жүрмейтін жерің жоқ, ə?! Жаңбырдан кейінгі Алматы,жылап болып өксігін баса алмаған сұсты сұлудай,əлі жылына алмай,дымқыл тартып салқын оянған күйі болатын.Есіктің алдындағы кішкентай адасқан күшікті əбден тоңдырған-ды. Сен бұл жолы маған емес,сол күшікке келіпсің ғой.Кеудеңдегі қалған бар жарық-жылуды соған беріп тағы кетіп қалдың...
Бүгін жұмыстан ерте шықтым. Жолдан сені алғаш көрген газет сататын дүңгіршекке соқтым."Қазақ əдебиетінің" осы аптадағы басылымы бар екен.Жолым болды деп ойлап та үлгердім,бірақ сен жоқ екенсің...Тағы.. Өзің қалаған уақытта ғана келмей,мен іздеген шақтарда да табылып,кезігіп тұрсаң болмай ма?!
Өмір... Күткен, сағынған, жоғалтып алған адамдарыма хат жазатын əдетім бар-тын.Бүгін,міне,саған жазып отырмын. Бірақ мекен-жайыңа не жазарымды білмеймін. Не уақытқа,не мезгілге бағынбайсың.Тұрақсызсың. Келесі көргенімде қолыңа ұстатармын...Жоғарғы көшедегі жапырақтар сені Алматыдан да көшеді деп өсек айтып жүр.Сен бірақ мені ұмытып кетпе,сенсіз маған да тұрақ жоқ еш жерде. Негізі осы қала ұнап еді..
Əй,мейлі,көш,көше бер,соңыңнан ерейін еркім барда. Тек,өше көрме!
.....Жүріңдер, Өмір сүрейікші!......