Өлді деуге бола ма айтыңдаршы?!
блог
Оның өзгеше өмірі бәрімізге ерекше көрінетін. Оның қаламынан шыққан әр сөз оқырман жүрегіне бірден жететін. Ол - адамзаттың жәрдемшісі, адам жанын танушы, шындықты ашудың сан түрлі тәсілдерін шеберлікпен игерген жазушы, еді...
Қазақ елі қайсар азаматынан айырылды. Қазақ Әбішінен, бір туар тұлға Әбіш Кекілбайұлынан қол үзіп қалды. Мойындау қанша қиын болғанымен, амал қанша...кетіп қалды...алысқа, тым алысқа...
Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. Ол жайлы, оның өмірі жайлы білмейтін қазақ жоқ шығар. Талай жерде жазылды, жазыла да бермек.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында «Әбекең - әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Көркем ойдың, көркем әдебиеттің көсемсөзге жол берген тұсында ол ел-жұртына үлгі беретін үрдіске қол артып, уақыт мінберіне көтерілді. Ағынан жарылды, адалынан сөйледі. Әлі де қоғам мен қауымды толғандырған келелі мәселелерде кең толғар пайым қажет болғанда, қаламына қайраткер сөз ұштап, шынайы пікірі мен шырайлы бәтуасын жайып салады. Жұртының мүддесі үшін жазары таусылмаған жазушы болу да бір бақыт қой. Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен деп тілеймін!», деген еді. Иа, ол елі мойындаған, ел басшысы мойындаған, қайталанбас дара тұлға!
"Жазушының тiлiнде де, дiлiнде де мiн жоқ. Қашанда сергек, қашанда сезiмтал, бәйгенiң алдынан ғана келетiн тұлпарларға ұқсатам мен Әбiштi. Ал, аспанға қарасам оның жұлдызын оңай танимын. Оның жұлдызы сол Әуезов, сол Шолохов, сол Айтматов, сол Нұрпейiсов жұлдыздарымен қатар тұр. Ол да жарық жұлдыз, мәңгi жанатын жұлдыз."
Тұманбай Молдағалиев
Иа, ол енді көгімізде мәңгі жанатын жұлдыз! Жай жұлдыз емес, жарық жұлдыз!
Бақұл бол, қазағымның мақтанышы...