Неге арналсаң - соны істе!

Неге арналсаң - соны істе!
жеке
блог

Өмір - сағат тілінен де жылдам. Дүниеге келген сәттен бастап, тіршілік үшін күресіп, "Өмір" деген түсінікті ұмітіп кетіп те жатамыз. Алайда, бүгінгі күн - ертеңгі тарих екенін ескерсек, өмірді сүруде өзгелерге үлгі-өнеге боларлықтай іс атқару міндет. 

Әр адам өз өмірінің иесі десек те болады. Ендеше, әркімнің жақсы өмір сүруіне мүмкіндігі бар. Бірақ, біріне керемет дүниенің ғажабын сезіну қымбатқа соқса, біріне оңай жолмен келеді. Қандай ғұмір кешсе де, бастысы өмірден өкінбей өту. Сондықтан, өмірде данадан дұрыс тәлім-тәрбие алып, білім мен мәдениетке жақындай түсу керек секілді. Адам өзінің жолын тапқан кезінде ғана, ғалам реттеле түседі. Міне, осы орайда бала кезден бастап, адам болшақты ойлау керек сынды дейміз, өйткені, арман-мақсаты жоқ адамның келешегі де жоқ. Армансыз адам - қанатсыз құспен тең деп жатамыз. Расында да, мақсатсыз адамның бұл өмірді сүрудегі мән-мағынасы болмайтыны мәлім.

Қазіргі таңдағы көптеген әлеуметтік, экономикалық, жалпы мемлекеттік мәселелердің көпшілігі адамдардың өз кезегінде дұрыс мамандықты таңдамауының салдарынан болады. Өйткені, мектепті аяқтағаннан кейінгі басты мәселелердің бірі - мамандық таңдауға келгенде, оқушылардың көпшілігі қиналып қалады. Оның бірден-бір себебі бала кезінен бері өзінің бағытын таппаған адам жай ғана мемлекеттік грант үшін немесе ата-анасының қалаған мамандығын таңдап жатады. Осындай олқылықтардың салдарынан адамның өзінің мамандығына деген сүйіспеншілігінің болмауы, "Жүрдім-бардым" қарауы туындайды. Ал, бұл қазіргі таңдағы жұмыстардың дұрыс атқарылмауына алып келеді. Соның салдарынан, түрлі бағыттардағы мәселелер туындап, халық жағдайы нашарлайды. Олай болса, өмірлеріңіз мәнді де, сәнді болсын десеңіздер, дұрыс мамандықты таңдай біліңіздер!