Мұхтар ШЕРІМ. КӨТІБАР...

Құдай маған әкiмдiктi бере салды, басыма бақтың өзi келе салды. Қалаға әкiм болған күнi ертеңiне орынбасарларымды жинап алдым, “сендер ұйықтап жүре бересiңдер ме?” деп бiраз қинап алдым.

– Халықтың көңiлiн көте­руiмiз керек! Ол үшiн батырларымыздың пәленбай жылдық тойын өткiзейiк. Кiмде қандай ұрандаған ұсыныс бар? – деп сұрадым мен. Орынбасарларымның бiрi ойланып, екiншiсi столды сау­сағымен тықылдатып, үшiн­шiсi төбеге қарап қал­ды.

– Тойбек Таппасұлы, бiз тойшыл халықпыз... Қала қаржысымен той өткiзе-өткiзе шаршадық. Оның үстiне батыстан девальвация келе жатыр.., – дедi бiрiншi орынбасарым.

– Сол Девальвацияны да тойға шақырайық! Көрсiн қазақтың қандай екенiн! –деп салдым мен.

Өзге орынбасарларым үнде­мей­дi. Бiрi саусағын мыжғылап, екiншiсi төбеге қарап...

– Неге Қобыланды батырды тойламасқа? Руы кiм өзi? Ұлы жүз, кiшi жүз, орта жүз? – дедi орынбасарымның бiрi.

– Қамбар батырды тойлайық та. Ол кедейден шыққан...

– Олар эпостық жырлар...

 Мен үшiншi орынбасарымның бетiне қарадым.

– Сол Эпос бабамызға ес­керт­кiш орнатуымыз керек! Қамбар батыр қайда туған? Бiлмей­сiңдер! Топастар! –деп салдым. Қатты кеттiм-ау деймiн.

– Францияда туған... –деп мырс еттi екiншi орынбасарым.

– Вот, Францияға делегация болып барайық. Ел көремiз, жер көремiз, әрi Қамбар бабамыздың топырағын әкелiп, жерлей­мiз... Сүйегiн қазып алып жатуға уақыт жоқ... Тағы кiмде ұсыныс бар?

– Тойды қоя тұрсақ... Қыс келiп қалды. Қаланың жылыту мәселесiн...

– Сендер өзi тойдан неге қашасыңдар? “Айман-Шолпан” жырындағы Көтiбар көкемiздi бiлесiңдер ме? Баяғыда сегiзiншi класта өткенбiз. Сол Көтiбар бабамыздың құрметiне той жасаймыз! Естуiмше, тарихи тұлға көрiнедi! 

– Бiр түрлi ыңғайсыз естiледi екен...

– Ештеңе етпейдi. Қазақ баласына Боқбасар деп те қойған ғой! “Көтiбар жылы” дейiк, тамаша пияр! Атымыз шығады. Журналистер жамырай жазады. Тарихта қаламыз!

– Қаржы жағы...

– Батырымыздан несiн аяймыз? Сексен миллион теңге бөлiнсiн...

– Көп емес пе? – дедi екiншi орынбасарым ойланбастан, башкасы iстемейдi осының! Өзiн “отставкаға” жiбере салу керек екен.

– Әй, Айман-Шолпан әпкелерiмiздi де қоса қабат атап өте салмаймыз ба? Солар болмаса, Көтiбар кiм?

– Ендi келiп, Көтекеңе қарсы шығып отырсыз...

Орнымнан ұшып тұрдым.

– Жетер! Көтiбар жылы басталды!

Орынбасарларым жым болды. Қысқасы, идеям ме­нiң зың болды. Көтiбар кө­ке­мiздiң тойына келiңiз­дер!



Бөлісу: