Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. «ЫҢ...ЫҢ...»

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. «ЫҢ...ЫҢ...»
жеке
блог

Түнделетіп, көшеде келе жатсам, бірдеңе ыңылдайтың сияқты... Көлігімнен түсіп, күл–қоқыс жаққа беттедім. Мәссаған! Қоқыстардың арасында бір жасар бала ыңылдап отыр! «Шайтан ба?» дейін десем, «қалалық» шайтандар бол­май­тын шығар? Баланың басынан сипалайын деп едім, саусағымды сора кеткені... Е–е–е, қарны аш екен ғой бейшараның! Қалай ғана көзі қиып тастап кетті екен тасжүрек анасы!  Баланы бауырыма басып, балалы болғаныма көңілім тасып, үйіме қарай құстай ұштым! Есіктен ентелеп кіріп, әйеліме баланы көрсеттім.

–Ың... Ың? –деді әйелімнің көздері фонарик болып.–Зың–зың! –дедім мен қуанып. Өйткені, әйелім бір жыл болды, кенеттен мылқау болып қалған еді... Содан, әйелім «ың-ыңдап», мен «зың–зыңдап», тауып алғанымды түсіндірдім.

–Ғың–ғың...–деген әйелім жылап, баланы бауырына басты. Құдай беремін десе, көшеден бере береді екен ғой! Тағы бір күні екі кештің арасында әндетіп келе жатқанмын... «Лексусымның» артқы жағы «жылап» кетті... Кімнің жылап жатқанын қайдан білейін, денем дір етіп, тоқтай қалдым. Артыма бұрылып қарасам, көздері жылтырап,  екі жасар бала жылап отыр! Быртиған қолында бір жапырақ қағаз! Былай деп жазып кетіпті анасы: «Кешіріңіз, сізді танымаймын. Бірақ, тымпиған түріңізге, мәшинеңізге қарап, миллионер боларсыз деп ойладым да, сіз дүкенге кіріп кеткенде, баламды қалдырып кеттім. Кешіріңізші, бір жігіттен байқамай көтеріп қойдым. Мамам мен папамнан қорқып... Екі жыл бойы подругам үйінде жасырын бағып келді. Рахмет оған! Айтпақшы, балама жақсы қараңыз, пряникті сүтке езіп беріңіз. Каша жемейді. Түнде сиіп қоятыны бар.» О тоба! Қазақ қыздары, қайда барасыңдар? Баланы әйеліме көрсетіп едім:

–Ың–ың? Ың–ың–ң? –деді бұрынғыдан бетер шошып. «Тауып әкелдім!» деген сөзіме сенер емес. «Осы сен–ақ тауып әкеле береді екенсің де! Көңілдесің бар! Екінші қатының бар!» – деген ашуын ымдап түсіндіріп, теріс қарап жатып қалды. Кейін түсінген болды. Баламыздың екеу болғанына қуанып: «Бың–бың!»-деді. Енді көшеде келе жатсам, кәдімгідей қорқатын болдым. «Қалтама салып кетті ме екен?» –деп көстюмімнің қалталарын, көлігімнің бәгәжнігін қарайтынды шығардым. Сөйтіп, мәз болып, офисімнің алдына шықсам... Офисімнің алдында темекі тарты–ып тұрсам, қап–қара бірдеңе еңбектеп барады! Қуалап жүріп ұстап алдым! Қарасам, бір жасар негр баласы! Мойнында тұмар! Жыртық тұмарды ашсам, ішінде тілдей қағаз! Оқыдым. Көзіме жас алып... «Кім болсаңыз да, алдын–ала спасибо! Бір атаңа нәлет шетелдік негрдің қасына әшейін жата салып едім, алдап кетті... Миллионер екен десем, жалаңаш студент екен ғо... Мына баланың аты Негрбек. Жақсылап қараңыз. Басының теміреткісі бар еді, соны емдеңізші. Сәлеммен, мен ғой.»

Қуанып кеттім! Баламыз үшеу болды! Бірақ әйелім: «Мүмкін емес, тоқалың топырлатып туып жатыр!» – деп ымдап жылағанда... Жаным ашып кетті... Өзім де көңілім бос байғұс басым, қосыла жыладым!  Балалар да қосыла жылады... Әйелім оларды жұбатып жатыр: «Жетімдер, жыламаңдаршы... Сендерді Құдай жылатпасыншы...»  Мен әйелімді құшақтай алдым! «Зың–зың!» –деймін бас бармағымды шошайтып... Әй, туғыш қыздар–ай, «Ың–ыңсыңдар» ғой!