Денсаулығым дірілдеп кеткен соң, тіпті, өлетін халге жеткен соң, бауырым, бүйрегімді тексерте қояйын деп, өзім емделіп жүрген емханаға бардым. Бауырымды УЗИ–ге түсіретін дәрігер:
–Терапевтке барыңыз, анализдер тізімін жазып береді, –деді. Жүгіріп терапевтке келдім. Кезек деген сұмдық екен, бір әйел:
–Мен кеше келгенмін, осында қонып шықтым! –деп айқай салып тұр, кезексіз өтіп бара жатқан оған өзгелері налып тұр. Кезек күтіп тұрмын. Бір келіншек менен:
–Ағай, құйрығы сіз бе? –деп сұрады.
–Жоқ, соңымын, –дедім мен. Қзақша білмейтін келіншек керіліп, одан әрі сөйлеуге ерініп, орындыққа отыра кетті. Менің де кезегім келді бір кезде. Терапевт:
–Узиге барыңыз, анализдің тізімін алыңыз, –деді.
–Олар сізге жіберді.
–Айтқанды тыңдасаңыз еді!
Жүгіріп, УЗИ–ге бардым. Олар:
–Терапевтке барыңыз! –деді. Астыңғы қабатқа түсіп, кезексіз кабинетке кіріп келдім.
–Учаскелік дәрігеріңізге барып, «Сәлеметсіз бе?» деңіз! –деді. Амал жоқ, жаным ауырып бара жатса да, учаскелік дәрігер келіншекті тірідей тауып алып: –«Сәлеметсіз бе?» –дедім. «Сәлеметсіз бе?» –деді ол. Қайтадан терапевтке бардым.
– Кешіріңіз, бас дәрігерге кіріп, «Өхе...» –деп жөтеліп келіңіз!» –деді. Бас дәрігердің кабинетіне келсем, өшірет деген... сұмдық енді. Бәрі кезекпен кіріп, «Өхе, өхе!» –деп жөтеліп шығып жатыр. Менің жөтелім неге керек болды екен? Кезегім келді. Кірген бойда: – «Өхе, өхеееееее!» –деп жөтеліп тұрып алдым. «Флюрографияға барыңыз, рентгенге түсесіз, –деді ол.
–Өкпем таза, –дедім мен.
–Қалай, таза? Жоқ қой, сізде маза?
–Кеше кір жуатын ұнтақ ішіп, өкпемді шайып алғанмын, –дедім мен әдейі. Болмады, мына тірлік оңбады. Рентгене түсіп келсем, «Терапевтке барыңыз!» – деп тұр. Жүгіріп, сонда бардым. «Лорға кіріп, есінеп келіңіз!» –деді. Лорда да кезек екен, кірген бойда: –«А–о–е!» деп есінеп салдым. Ол қағазыма бірдеңелерді жазып:
–Терапевтке барыңыз! –деді. Ала–өкпе болып, терапевтке келдім.
–Кардиология кабинетіне барып, дәрігердің бетінен сүйіп келіңіз, –деді. Онда барсам, кезек сұмдық! Бәрі сүйіп шығып жатыр екен. Мен сондағы бір кезекте тұрған апайдың бетінен сүйіп қоя салдым. Қайтадан терапевтке келдім. Терапевт әйел:
–Осылай күнде жүгіріп тұрыңыз, жүгіру денсаулыққа өте пайдалы! –деді. Кешке үйіме әрең жеттім.
–Не болды? –деп сұрады әйелім.
–Өхе! –деп жөтелдім де, бетінен сүйіп алдым. Сосын: –«Сәлеметсіз бе?» –деп қосып қойдым. Біздің елде дәрігерлер осылай сандалтады. Қазір жындыханада жатырмын. «Сәлеметсіз бе?»