Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. «ПІС ҚАЗАНЫМ, ПІС!»
блог
Біздің елде кәсіпкерлерді қолдамайды, қорлайды, бірдеңе ойлап тапсаң, салықтан, жемқорларға қарсы күрес жақтан сорлайды, қысқасы, оңбайды. Мен үш жаңалық аштым! Қазақтың «Ұр, тоқпақ!» атты ертегісі бар ғой? Тура сондағыдай қазан ойлап таптым! «Піс, қазаным, піс!» –десем бар ғой, бифштекс, пицца, лаваш, қуырдақ, әсіп, палау, манты дейсіз бе, неше түрлі тағам өзінен–өзі пісіріліп шыға келеді. Ішіне ештеңе салмасаң да. «Сиқырлы қазан» атты кафе ашқалы жүргенмін. Екінші жаңалығым, бір есек сатып алып, өзімше өңдедім. «Құс есегім, құс!» – десем болды, тек мұнай құса береді. Үшінші жаңалығым: ағаш тоқпақ жасадым. «Ұр, тоқпағым, ұр!» –десем, құдай болсаң да, қуалап сабай жөнеледі.
Қайдан естігенін қайдам, еліміздегі бір мықтының мықтысының немересі келіп тұр. Рейдерлік жолмен тартып алмақшы.
–«Піс қазаным, піс! –дедім мен. Құстар етінен піскен қуырдақтан тойып алған оллигархтың немересі:
–Қара қазаныңды маған бермесең, антикор, прокурор, салықтан жіберемін! Соттатамын! –деді зілденіп.
–Бұл менің маңдай терім.
–Маңдайыңды жыртып тастаймын!
–Кешір, саған бәрін тартып ала беруге бола ма, не? «Ұр, тоқпағым, ұр!» –деп едім, тоқпағым оны тоқпақтай жөнелді. «Джипіне» қарай қашқаны сол, қара есегім үстіне қара мұнайдан құсып–құсып жіберді. Қара маймылдай болды. Кіжініп кеткен. Ертеңіне жемқорлыққа қарсы күрес бастығы келіп тұр.
–Сіз жемқорсыз! –деді.
–Қойыңыз, мен жем жемеймін.
–Жемқор сияқтысыз!
–Сияқты да емеспін. Арпа–бидай жеп көрген емеспін! –дедім де, «Ұр, тоқпағым, ұр!» –деп едім, тоқпағым оны да сабалай жөнелді. Есегім оны мұнайға шомылдырды. Сол күні прокурор, полиция басқармасы бастығы келді.
–Қарнымыз ашып кетті, қонаққа келдік! –деді олар. «Піс, қазаным піс!» –деп едім, ет асылып, неше түрлі кәуәптер қақталып, олар ой, бір тойып алды. Сосын, тамағымды жеп болды да, прокурор:
–Антикор бастығын сабағаныңыз үшін, үстіңізден қылмыстық іс қозғалды, –деді.
–Ия, сіз тұтқындалдыңыз, –деді полиция бастығы. Оларды да тоқпағым тоқпақтап, есегім құсып... Ертеңіне одыраңдап, облыс әкімі келді де:
–Тоқпағыңды берші, мені жамандай беретін блогерлер мен журналистерді сабатып алайын! –деді. Бердім. Қызықтап қарап тұрды да:
–Инструкциясы қандай?–деп сұрады, сосын:–Сені зам аким етіп қызметке қабылдаймын, –деп қосып қойды.
–«Ұр, тоқпағым, ұр!» дейсіз, –дегенім сол, тоқпағым әкімді тоқпақтай жөнелді. «Ойбай, тоқтат мынауыңды!» –деп жалынды ол. Басын сипалап тұрып: –«Ұр, тоқпағым, мына сұмның өзін ұр!» –еп қалып еді, тағы да оны сабалай жөнелді. Бәр кезде: –«Неге мені тыңдамайды, неге мені ғана ұрады?» –деп сұрады. «Өйткені, сіз халық қарғысына ұшыраған сұм адамсыз!» –дедім мен. Бәрі бір билік тыныштық бермеді. Мені түрмеге жауып, есегімді тұтқындап, қазаным мен тоқпағымды алып кетті. Бірақ, қазаным мен есегімді менсіз ештеңе орындамайтындай етіп жасаған едім. Тоқпағыма өзгеріс енді енгіземін деп жүргенмін. Бір күні Премерь–министр мені үкіметке шақыртып алды. Шүкір, есегім менің бұйрығым бойынша мұнай құсып жатыр. Сонда да, байымаймыз. Қара қазаныммен бай–бағландарға қызмет еткізіп қойды. Ал, халық аш. «Іш, же!» –деген ресторандадамын. Ең жаманы сол, «Ұр, тоқпағыммен» өзімді сабатып тұрады... Өмір, ауыр мырзалар...