Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. ОЯНЫҢДАР, МАУБАСТАР!

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. ОЯНЫҢДАР, МАУБАСТАР!
жеке
блог

 

Кезекті бір жиын өткізіп жатырмын. Тақырып: «Жиналыстарда ұйықтамау тұралы жиналыс». Облыс әкімі қызметінде жүріп, мұндай тақырыпты бірінші рет қозғап отырмын. Әңгімені әріден бастай бергенім сол, артқы жақтан қорылдаған дауыс естілді. Сәлден кейін ырылдаған, артынша сырылдаған қорылдар естіліп жатты. 
Шенеуніктер өзі үйлерінде ұйықтайды ма өзі? Әлде, түнімен жүн түтіп, күбі пісіп, бірдеңе ішіп, кеуіп–ісіп жатады ма? Қашан көрсем осы! Мемлекеттік маңызды мәселелерді талқылап жатсақ та, пырылдап жатқандары. Бұдан былай жиналысты шалқамыздан жатып алып өткіземіз–ау, деймін? Құс жастықты жастанып дегендей...
Бір қарасам, залдағының бәрі ұйқыға кетіпті... Пыс-пыс, ыс-ыс етекен дыбыстар да баршылық. 
–Оян, қазақ! –деп дауыстап едім, біреуі селт етепеді. Ойпырмай, депутаттар ғана ұйықтайды деп жүрсем, қарамағымдағы шенеунікьтер де маубастар екен ғой?
–Оян, қазақ, қалғыма!
Қорылдар одан сайын үдеді.
–Мен қазақпын, мың өліп, бір тіріліген...
Селт етпеді. Бәрінің үстіне көрпе жауып, жан-жағын қымтап жатсам ғой? Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығын түрттім.
–Оян, қазақ...
–Оянбайтын қазақпын... –деген ол басын ары қаратып, қорылға басты. Мыналар қызық–ей? Облыс әкімнің көзінше ұйқыға басты! Дереу көмекшіме телефон соғып, дыбыс күшейткіш алдырдым. Сөйттім де:
–Ояныңдар, құрметті маубастар! –деп айқай салып едім, бәрі ұшып тұрды. Сасқалақтағандары қол шапалақтады... Сіз де қол шапалақтап қойыңыз, ағайын!