Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. ҚОЙЫРТПАҚ

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. ҚОЙЫРТПАҚ
жеке
блог

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. ҚОЙЫРТПАҚ

( Қоғам қайраткері Дархан Мыңбай інімнің мақаласы ізімен)

     Құдайым–ау, өміріміз шала болды, халық билікке нала болды, қасқырлар қой біткенге «пана» болды, мәдениеттен жұрдай болып, қыздарымыз тырдай болып, дәстүріміз ада болды... Әншілер енді «Попуриге» көшті.  Шетел әндерін үзіп–үзіп, таныстыру үшін шырқаса мейлі, қазақтың қаймағы болған әндерді жұлмалап, қиқалап, попури шырқайтын «өнер» ретті, ретсіз  сәнге айналды.  Попури – «Pot–pourri» дегенді француз тілінен төңкеріп жібергенде, «Қойыртпақ» деген мағынаны білдіреді екен.

   «Қызық концерт болады екен!»–дегенге делебем қозып, жаяулатып, әйелімнен озып, үшінші қатарда отырмын, мойнымды алға созып. Бір кезде, атақты, домбырасы шашақты бір әнші сахнаға шыға келіп: «Сіздерге попури шырқап берейін!» –деді. Шәмшінің «Арыс жағасындасын»  сондай әдемі шырқап келді де, үзіп жіберіп, көше әні «Махаббатым өліп қалды»  әнін шырқай жөнелді. Оны тоқтата салып, жарамазан айтып кетті ме? Оны шорт үзіп, рәпке көшті:

Әкім: «Халқым!» – деді,

Одан–бұдан жеді,

Әкім «Жер–жер!» –деді,

Жерден де жеді,

Атауыңды жегір,

Қалмады ғой, дегбір,

Біздің оған ойымыз,

«Отставка» еді... –деп қоя салды да, «Адай» күйін тартып кетті ме... Сосын, тағы рэп айтты: –

 Ана жерім,

Мына жерім,

Тағы бір жерім,

Мына бір жерім,

Ішім,

Тісім,

Үйрек–үйрек,

Бүйрек, бүйрек,

Жауыр–жауыр,

Бауыр–бауыр,

Қалай енді сауығады?

Барлық жерім ауырады... –деп келіп–келіп, Е. Хасанғалиевтің «Ата мекенін» шырқап кетті. Медицинамыздың да қойыртпақ екенін, адам денсаулығының да қойыртпақ екенін, әкімдердің де қойыртпақ екенін білеміз, бірақ сахнада  сарнайтындай, оларға рэп арнайтындай, бұл қандай қойырпақ, өзі? Сосын,  қара сөзбен қоңырлатып: –«Әлемнің өзі  попури! Бір жерде тыныш, бір жерде быдыжың, быдыжың, гүрс–гүрс соғыс... Израйль Газа секторын жермен жексен етті. Ах...» – деді. Ойы, ниеті дұрыс, бірақ, әнге араластырғаны несі? Бұл өмірде қойыртпақ болмаған не қалды өзі? Дініміз де қойыртпақ, діліміз де, тіліміз де қойыртпақ, дәстүр, салтымыз да, Отанға берген антымыз да қойыртпақ... Қысқасы, көңілім–шөл, «Нәстірение нәскиде» –нөл!