Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. ДҰШПАН IЗДЕП ЖҮРМIН
блог
Адамдар дос іздейді ғой, менің дұшпан іздеп жүргеніме ыржиың, немесе, тыржиың қалған шығарсыз? Өтірік достар, көбік достар, сатқын достар көп қой, ал, шынайы, дұшпандыққа адал, бір сөзінде тұратын дұшпандарымды құрметтеймін. Бiр күнi еліміздің бас прокурорына жолыққым келді. Кердеңдеп келген едім, күзетші кеңірдегімнен қысып, былай деді, тілі қышып:–Доптай, домалап, не үшін келдіңіз? –деп сұрады ол..–Кешіріңіз, дұшпан іздеп жүр едім, –дедiм мен.–Прокурормен дұшпан болмақшысыз ба?– Не, мен адам емеспін бе? Жұрт сияқты, менің де дұшпаным болуы керек шығар? –дегенім сол, күзетші мені екі бүктеп, пакетке сала қойғандай, умажлдап жатқан, прокурор ішке кіріп келеді екен. Ол тоқтай қалды. Күзетші жағасын түзеп, қақиды да қалды. Бас прокурорға жақындап:–Сіздің дұшпаныңыз болғым келіп еді, –дедім мен.
–Менің сізсіз де дұшпандарым көп.–Бас дұшпаныңыз болсам деп. Таразда көйлек ұрлаған қыздар бес жылға сотталды, КНБ бастығының орынбасары былыққа батса да, сотталмайды. Неге? Осы сөзім үшін дұшпаныңыз болайыншы?
Күзетші менің кеңірдегімнен қылғындырып, қуып шықты. Тек кеңірдегімнен қылғындырады екен, сирағымнан қылғындырса болады ғой? Енді кімнің дұшпаны болсам екен? Жүз теңгең болғанша, жүз дұшпаның болғанға не жетсін? Әлде, облыс әкiмi Мыжбан Тәпековке барсам ба?
«Жеке мәселем бар едi» – деп, кезекке жазылып, жетi ай дегенде, облыс әкiмiнiң де кабинетiне кiрдiм-ау!–Ия, қандай шаруамен келдіңіз? –деп сұрады ол.–Мен жәй, дұшпаныңыз болайын деп.–Менің дұшпаным–орынбасарым. Орныма әкім болғысы келеді. –Мен сіздің супер дұшпаныңыз болар едім! Өтірік жамандаған болып, сіздің дұшпандарыңызды жіпке тізіп берер едім! Қызметке алсаңыз?–Әкімшілікте дұшпан деген штат жоқ қой?–Жершілдік, рушылдық саясаты деген бөлім ашыңыз...
Қорқып кетті ғой деймін, көмекшісін шақырып, мені құрметпен шығарып салды. Қоштасып тұрып: –«Көрмегенім сіз болыңыз!» –деді.
Құдай-ау, денi дұрыс дұшпанымды қайдан табамын? Қайдан? Мен де адам баласымын ғой. Әлде, әлде, мәдени шаралар өткізген болып, соған бөлінген қаржыдан қарпып қалатын облыстық мәдениет басқармасының бастығына барсам ба? Әйел бастықтың алдындамын.–Адам емессіз! –дедім салған жерден.
–Неге олай дейсіз?–Адам емес, бастықсыз дегенім ғой.–Жәйша келдіңіз бе?
–Дұшпан іздеп жүрмін.–Бізде дұшпан қалмады, дұшпанданса болды, жұмыстан шығарып жіберемін.–Сіздің дұшпаныңыз болсам.–Менің дұшпандарым сотталып кетеді. Не өліп қалады.–Мейлі. Сіздей сұмырайдың, жемқор әйелдің дұшпаны болсам, арманым жоқ! –дегенім сол, «ахранасын» ақырып шақырып алды да, қуып шықты. Қайда барсам екен? Әлде, әлде, Премьер–министрдiң дұшпаны болсам ба? Осы ойымды көршім Тыжбанға айтып едiм:– О, сорлы, Премьер-министр сенiң не теңiң? Дұшпан да, тең–теңімен, тезек қабымен! –дегені. Әне, дұшпан iздеп жүрсем, жанымда жүр екен ғой, дұшпандарымның көбейгенін көре алмайды! Сіздің ше, өзіңізге адал, жаны ашитын дұшпаныңыз бар ма өзі?