Мамандығым – мақтанышым

Өмірге келгенде  адамның көзқарасы құбылмалы толқын дерсің. Балалық шағында аспанда қалықтап ұшқан құсқа да еліктеп самғағысы келеді. Қазіргі кезде мамандықтың түрі де көп, келтіретін пайдасы да зор. Мектеп қабырғасында жүрген ұстаздардың тақырыпты барынша ашып оқушыларына жеткізе алған ұстаздың пәні, ерекше пән болып көрінеді. «Мен осы пәнді жақсы көрем, өскенде ұстаз болам» – деп, мамандығын таңдап қояды. Ұстаздың алдынан болашақ инженер де, ұшқыш та шығады. Ұстаздың берген білімі болашақ көзі. Мектепті бітіріп өмір жолының алғашқы табалдырығын ұстаз болам деп аттаған адам, өзінің арманын басқа саламен ауыстырып кетуі, шынайы сараптап, ой таразысына салмағандығы. Кейде адамдар өзі шамасы келмейтін мамандыққа жармасады, ол сізге бедел әкелмейді.

Өз ісіңіздегі табысқа жету сіздің мамандығыңызға емес, сіздің біліктілігіңізге байланысты. Біріншіден, таңдап алған мамандық адамзатқа қаншалықты қажетті және пайдасы барына көз жеткізу;

Екіншіден, атқарайын деп отырған қызметіңіздің  қаншалықты жауапты екенін білу;

Үшіншіден, мамандықты жаңылмай таңдағаныңызды паш ету.

Адам жүріп келе жатып шалыс басып жығылуы мүмкін, ал мамандықты дұрыс таңдамау адамның өзіне деген сенімсіздігінің дәлелі. Өз арманына жетелейтін бір ғана күш, ол еңбексүйгіштігі, білімділігі мен зеректігі. 

Заманауи кезеңде мамандықты таңдауда өзгеріске дайын болу керек. Кеше мұғалім, бүгін әнші, бір адамның басында бірнеше қабілет болуы мүмкін, тек оны аша білу керек.

Мен мамандықтардың ішінен ұстаз болуды таңдадым. Ұстаз болу бір төбе, қандай пән ұстазы болам деп ойланып жатпадым. Мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап қазақ тілі мен әдебиет пәнін жақсы көрдім. Осы пәнге байланысты іс-шараларға қатысып жүріп, жүлделі орындарға ие болдым. Тек өзім ғана емес мектептің беделінде көтере білдім. Хакім Абай айтқандай: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып, ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танитындығы, сондайдан білген, көргені көп болған адам білімді болады», -деген. Соған мысал болғандай бүгінде міне, жас маманмын. № 86 мектеп гимназиясында оқытушы қызметін атқарамын. Ең алғаш жетектеп сыныпқа келіп таныстырған Ишамбаева Шаухан апай: «Балалар, Аяжан Ерланқызы бүгіннен бастап сендерге қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ жүргізеді!» - деді баяу ғана. Барлық мұғалімдерге берілетін жылдық жүктеме мағанда бөлінді. Сабақ кестесі бойынша сабақ беруді бастадым. Жас болғандықтан ба, төменгі сыныптарды берді. 6-7сыныптарда ауыз әдебиетін оқып үйрену арқылы оқушылар халықтың ұлттық рухын, дүниетанымын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін мәдени мұра ретінде танып біледі. Халық ауыз әдебиетін оқып-үйрену оқушының рухани жетілген әлеуметтік тұлға ретінде қалыптасуына, халқының өткені мен бүгінін салыстырып, ой елегінен өткізе алуына жәрдемдеседі. В.М.Монахов: «Педагогикалық технология — әр бөлшегіне дейін ойластырылған педагогикалық әрекетті жобалау моделі, оқу процесін қалайда оқушы мен мұғалімге ыңғайлы жағдайда ұйымдастырып өткізу», – дейді. Сабақты жүргізбес бұрын күнтізбелік жоспардағы тақырып, мақсат, міндеттермен танысып, соған сәйкестіре отырып тапсырма ұйымдастырамын. Оқушыларға алған тақырыбым қызықты әрі түсінікті болуы үшін ақпараттық технология түрінде бағдарламамен ойын түрінде өткіземін. Сабақ үстінде балалар жеке, жұптық, топтық жұмысты да атқарады. Сонымен қатар, кері байланыс кезінде оқушылар «Екі жұлдыз бір тілек» әдісін  пайдаланып бір-бірін бағалайды. Бағалау сәтінде оқушының қабілетін, белсенділігін, жеке жұмыс кезінде өз бетімен жұмыс істеуін, шығармашылық ойлауын, топтық жұмыс арасында жауапкершілікті алуы, жұптық жұмыста өзара шешімге келуі, олардың өзіндік ерекшеліктері ескеріледі. Сабақ беретін сыныптар жоғарлаған сайын қазақ әдебиеті мен қазақ тілі салалары күрделене береді. Қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын талдау, олардың ХІХ ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі жазған еңбектері оқытылады. Сыныптарыма сабақ бере жүріп өзімде көп нәрселер үйренемін, ерекше сыныппен жұмыс жасаймын, ортаға байланысты көзқарасымды өзгертіп, олардың тақырыпты толығымен ашпаса да ынтасы мені жігерлендіреді. Жақсы жұмыс жасаған, оқушыларды марапаттап, қолдап, оны жоғары дәрежеде көрсету үшін ойын әдіс-тәсілдерін  пайдаланған дұрыс.

«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады.» К.Д.Ушинский. Мен біліктілігімді арттыру үшін мектеп мұғалімдеріне арналған «Өрлеу»  ұлттық орталық курсына қатыстым. Алғаш рет курсқа қатысып отырған маған берер әсері мол болды. Түскен ортам өзім қалағандай, білмді, іздемпаз, жақсы адамдар болып шықты.

Ұстаздың өз өміріннен алынған тәрбиесі оқушыларына сабақ десем қателеспеймін. Оқушыларды өмірмен ұштастыра отырып тәлім-тәрбие бере жүреді. Ұстаздың ерекше қасиеті осындай жағдайда байқалады. Мысалы: «Жол ережесін сақтамай» жолдан өтейін деп тұрған баланы тоқтатуы. Әткеншекті қатты айналдырып жатқан балаға дұрыс емес екенін түсіндіруі, төңіректегі қозғалыстарға бейқам қарамауы, оның өз мамандығын адаспай таңдағанын көрсетеді. Балаларды тек біліммен ғана шектеп қоймай, оларды өмір жолына  шыңдауы, «Сен өскенде бір жерден ойып тұрып орын аласың», болмаса «Сенен бірдеңе шығады» -деген қолдауы, шын табысқа жетуіне себепкер болады.

Қорыта келгенде, мектеп қабырғасынан ұстаздың да алары көп. Ұлағатты ұстаз болу яғни, ұстаз кәсібін жетік игеру табиғи дарын, білімімен бірге қажырлы еңбек адамы болуы тиіс. Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, «Өзіңді өзің танысаң-істің басы» деген екен. Мен өзімнің мамандығымды мақтан тұтамын!

Сагидолда Аяжан Ерланқызы

№86 мектеп гимназиясының мұғалімі



Бөлісу: