Мақтаусүйер балалар мен ата-аналар
блог
Өткенде мектеп директоры бір жиында оқушыларды үнемі мақтап тұруымызды сұрады. Бұл көптеген мәселелердің алдын алатынын және баланың тілін табу, мерейін өсірудің алғышарты екенін ескертті. Расында, осы біз мақтауды жақсы көреміз де, біреудің жетістігін асырып мақтау, лебіз білдіру, ниеттес болу деген сияқты қасиеттерден кем екендігімізді сезіндім. Өзіңіз ойлаңызшы: Сізді көпшіліктің алдында мақтауыңызды асырып, мықты әріптес, маман ретінде бағаласа, мерейіңіз өсіп, көңіліңізде қуаныш кернейді емес пе? Дәл солай балаларымыздың немесе оқушылардың кішкентай болса да жетістіктерін ауызға алып, көпшілікке жеткізе білсек, ол баланың болашақтағы талпынысы мен талабына айрықша әсер ететінін сөзсіз.
Сонымен біз күнделікті балаға қанша рет мақтау айтамыз. Және оның жетістігі үшін немен марапаттап жатырмыз?
1. Балаңыз сайыстан немесе олимпиададан мақтау қағаздарымен оралса, жай ғана "жарайсың!" деп айтып қоя салу жеткіліксіз. "Сен менің үмітімді ақтадың, сенен мықты ғалым, журналист, әдебиетші шығады" деген сияқты мадақтау сөздер айтуымызды ұмытпауымыз тиіс.
2. Күнделікті алған бағаларымен мақтану баланың әдеті. Ондай сәттерде "жақсы оқу-сенің міндетің!" деп балаға жүк артпай, "мен де кезінде күнде жақсы баға алушы едім, сен өзіме тартқан озатсың, сенімен мақтанамын" деген сөздермен өзіңіздің артыңыздан еріп келе жатқан ұрпағыңызбен мақтанғаныңыз дұрыс. Әдетте, балалар өз ата-анасына еліктеп, соларға ұқсап баққысы келеді.
3. Ешқашан балаңызды көршіңіздің немесе туыстарыңыздың балаларымен салыстырмаңыз. Салыстыру-баланың жеке тұлға ретіндегі "мендігін" өлтіру деген сөз. "Жұрттың баласы" тіркесі қаншама балалардың жаман комплекстерін тудырып, өмір бойы онымен күресуге итермелеген. Ол-сіздің балаңыз. Және ол басқаларға ұқсауға міндетті емес! Әрқашан балаға: "Сен ерекшесің, өйткені сен менің баламсың, сенен артқы бала маған керек емес" деген сөздер баланың мерейін өсіріп, өзіне деген сенімділігін арттырады.
4. Баланың енді дамып келе жатқан шығармашылығын дамытатын да ата-ана. Өйткені алғаш рет қолына қалам алып сурет салу, өлең жазу, ән салу, музыкалық аспаптарды меңгеруде алғашқы пікір айтушы-ата-анасы болады. Осы кезде жақсы мадақтаулар талантты балалардың дүниеге келуіне септігін тигізеді.
5. Баланың бірінші қадамына үнемі қолдау білдіріңіз. Бала үнемі қолдау, мадақтауға мұқтаж. Өз қолыңызбен балаңыздың болашағына балта шауып жүрмеңіз. Сіз қалай мақтау сүйсеңіз, өз перзентіңіз де мақтауды, жылы лебіз білдіріп, қолдау көрсетіңізді шын жүректен қалайды. Жүрегіңіз балаға келгенде әрдайым таза болғай!