Махаббат құтқарады деп ойлайсың ба?

Махаббат құтқарады деп ойлайсың ба?
жеке
блог

Ол өзінің заттарын жинастырып, кетуге асықты. Артынан жүгіре шыққан сымбатты жігіттің сөздерін құлағына да ілместен, есікті тарс жауып, кете барды.

Екеуі осыдан 2 жыл бұрын кездейсоқ танысып қалды. Жұмысқа асыға басып, алдынан шығып қалған қыз баланы байқамай, қолындағы ыстық кофені аппақ көйлекке шашыратып алды.

-Көзіңізге қарамайсыз ба?

-Кешіріңіз, мен байқамай...

-Әрине, байқамай. Әдейі келіп төкпегеніңізді өзім де біліп тұрмын. Сонда да адам сәл абайлап жүру керек қой.

-Ия, мен...асығып... Кешіріңізші...

Ол даусын сәл жұмсартып:

-Жарайды, түк етпейді. Бәрі дұрыс. - деді де, асыға басып жүріп кетті.

"Ол неткен сұлу еді! Тіпті ашуланған кездің өзінде..." Оның ойын арқасынан қаққан жұмыстасы бұзып жіберді:

-Ия, қашанға дейін ойға шомып тұрмақсың? Кеңсеге неге кірмейсің?

-Мен жай... Жүр...

Ол 2 апта бойы оның бейнесін ойынан шығара алмады. Апыр-ай, ғашық болып қалмадым ба мен осы? Осы уақытқа дейін ондай сұлуды әлі кездестірмеппін...

Сағат таңғы 6:00-ді соққан кезде, оятқыш бажылдап қоя берді. Ол түрін тыжырайтып, ашумен сөндірді. Неге ренжулі? Ол жай ғана өзінің қызметін атқарып тұр ғой... Ұйқылы-ояу мұздай судың астында тұрды. Өзіне кофе әзірлеп, таңғы асын ішіп, жұмысқа киінді. Көлігіне жиіркене қарап, көше бойлап, әр қадамын санап басып, жүріп келеді. Өмір неткен сұрықсыз еді. Қарбалас тірлік, өмірмен алыса күн кешіп жатқан халық... Бәрі сондай сұр... Күнделікті қайталанатын іс-әрекеттерді орындап жүрген роботтар секілді. Ал, ол кім? Ол да сол қараңғы әлемнің бір тұрғыны емес пе? Неге өмір сонша қызықсыз көрінеді? Менің әлемімнің жарқын бояулары қане? Менің әлеміме жылулық пен жарық сыйлар күнім қане? Жол бастар жұлдызым?!.. Жә, не деп кеттім өзі?! Күнім аспанда, тек сәл бұлттар жауып тұрғаны болмаса...

Сағатқа қарап еді, кешкі 20:15... Бүгін бойын тым түсініксіз сезімдер билеп алды. Өзі құдды басқа бір әлемнің тұрғынындай, бәрі жат, бәрі таңсық... Көңілін сәл көтермек ниетте жақын маңдағы кафеге бас сұқты. Әдетте ол бұл жерге түскі ас ішуге жиі, тіпті күнде келіп тұратын. Оның сүйікті кафелерінің бірі. Неге екені белгісіз, осы жерді тым қатты ұнатады. Адамдары да сондай бақытты болып көрінетін. Бірақ, соңғы кезде ол түскі ас туралы мүлдем ұмытып кеткендей... Есікке жақын маңдағы орындыққа жайғасты. Мәзірге көз салмастан, әдеттегі өзінің сүйіп жейтін креветкалы пастасына және зімбір шайына тапсырыс берді. Кенет оның көзі таныс бейнеге түсті... Бұл сол ару... Аппақ көйлегіне кетпес дақ қалдырған ару... Бүгін ол қызғылт жейде мен қара шалбар киіпті. Толқынды шаштары жоғары түюлі. Ол ойланбастан, жанына барып жайғасты. Шиеден жасалған тәтті бәлішті аузына сала бергені сол еді, бұл көрініске ол аңтарылып қалды.

-Сәлем!

-Эммм.. Сәлем!

-Мені танымадың ба?

-Шынымды айтсам, жоқ..

-Есіңде ме, осыдан біраз бұрын сенің маржандай ақ көйлегіңе кофемді төгіп алған ем ғой?!

-Аааа, ия... Есіме түсті...

-Сенің есімің кім? Ол сәл жымиып:

-Күн! Ал сенің ше?

-Ай..

-Қойшы, сен мені мазақ қылып отырсың ғой

-Жоға... Бір-біріне қарап ұзақ күлді...

Жалғасы бар...