ЛУДОМАНИЯ немесе автоматтардың алдынан кете алмай жүргендер

Қазіргі таңда қоғамдағы түйткілді мәселелердің бірі- Құмар ойынға құмартқандар мен талай отбасының ойранын шығарған автомат ойындарының шырмауы.

Иә, бүгінде күндері азық-түлік алайын деп дүкенге кірсеңде, көшеде де темір қондырғылардың қасында тұрған жас балалар мен жалтақтап қараған үлкен ер адамдарды көресің. Өзі киінер киімі мен ішер тамағынан аяған ақшасын, санаулы минуттарда-ақ мағынасыз құрылғыға салып бере салуға не себеп?! Бір сөзбен айтқанда бұл нәпсі тимаушылықты "азарт" , "құмар ойын" дейді.

Құмар ойындар жайлы мынандай анықтама берілген: «қолда бар ақшаны тәуекел етіп, оны кездейсоқ ұтыс арқылы көбейтуге тырысу». Киелі кітап құмар ойындар ойнауды, жеребе тастауды немесе лотерея ойнатуды нақты түрде әкшерелемегенімен, бізге ақшаны сүюден аулақ болуды ескертеді. Сонымен бірге Киелі жазба бізді «оңай олжаға» ұмтылудан сақтандырады (Нақыл сөз. 13:11; 23:5; Уағыздаушы 5:10). Құмар ойындар негізінде адамдардың ақшаға деген қызығушылығын қоздырып, оларды оңай олжаға қызықтырып, азғырады.

Осы бір жансыз автоматтың салдарынан ата-ананың тапқан ақшасы, артқан сенім,үміті бекерге кетсе, талай шаңырақтың берекесі кетіп, ойрандалып жатыр. "Анда-санда ойнаймын", "қалтамда бар 200 теңгені салып, кәдәмгідей көтеріп алғансың ғой" деген секілді тағы басқа да тіркестерді өз таныстарымның аузынанда жиі естимін:

-«Лотерея киоскісі» деген атпен жұмыс жасап жатқан құмар ойын автоматтарын қаламыздың кез-келген жерінен кездестіруге болады. Оның айналасында жүргендер оңай олжаға кенелгісі келетіндер.
Ойыншының құмарлығын оятатын бұл автоматтар қоғам үшін өте қауіпті. Себебі, қаупі жағынан құмар ойындарға тәуелділік нашаға немесе маскүнемдікке деген тәуелділіктен еш қалыспайды. Ойын автоматтары бар жерлерге, мен де «құмар ойыншының» кейпінде бас сұқтым...

Павлодар қаласындағы Теміржол вокзалында орналасқан бұл «лотерея киоскісіне»қалтама 2000 теңге сала бардым. Аппараттың басында кәмілеттік жасқа толмаған жастар мен иегін ақ шалған аталарымызға дейін жүр. Автоматқа кем дегенде 200 теңге салып, ойынды бастай беруге болада екен. Қалтамыздан 500 теңге алып, автоматқа салып жібердік. Бойды қорқыныш үрей кетті. Екі рет басып, 3000 теңгені шығарып алдық. Жан – жағымызға адамдар бірден жинала қойды. Олар үшін ол азғантай ұтыс екен. Кейбіреуі тіпті 50-60 мың теңгеге дейін шығарған. Бірақ ұтыстан гөрі, жеңіліс көп екендігін жігіттер мойындап отыр. «Соны түсіне тұра, неге ойнайсыз» деген сауалға, «азарт қой» деп жауап қатты. Негізі бұл автоматтар шынымен де ойыншының құмарлығын оятады екен. Бір рет ақша ұтылып қалған адам, екінші мәрте ұтамын деген оймен қайтып келеді. Ұтысқа ие болса да, қайта келіп ойнай бергің келіп тұрады. Тіпті «осылай табыс тауып отырсам болады екен» деген ой пайда болады. Бірақ қайдам. Әмияндағы бар ақшаның қалай кетіп қалғанын білмей де қаласың. Көп замандастарымыз еңбекпен тапқаны бар, ата-анасы кредит төлеуге жіберген ақшасы бар, әйтеуір қолдағы бар тапқанын салып, ұтылып жатқандар да кездесті. Ойнап жатқандар оны дерт деп түсінгісі де келмейді. «Ақшаны қайдан табамын» деген ойларымен отырады да қойды. (Қарлығаш ХАШЫМ Регион.kz 25 Ноября 2014)

-Сүйгеніммен отбасын құрып, бір жылдан аса уақыт бір шаңырақ астында тұрдық. Ата-енемнің үйіне келін боп түсіп, ақ босағасын аттаған соң жұбайым екеуміз жатақханаға орналастық. Өз күнімізді өзіміз көрерміз деп ойладық. Бірақ, олай болмады, өкінішке орай. Басында оның кемшіліктеріне көз жұма қарайтынмын. Алайда, уақыт өте келе ол күн-түн үйге келмейтінді шығарды. Жалақысын да ештеңеге жарата алмадық. Құрсағымда оның баласын көтеріп жүрсем де, еңбекақысынан, тіпті, бір бөлке нанға жетерлік ақша қалмайтын болды. Менің сол кездегі жалақым жалдап жатқан бөлмемізден аспайтын еді. Көрші бөлмедегі құрбыларым маған жаны ашығандықтан қолдарынан келгенше көмектерін аямады. Сөйтсем, ол қолына түскен тиын-тебенін автоматқа салып жүр екен. Оны кеш білдім. Артынша, үйдегі заттар да, әшекей бұйымдарым да жоғала бастады. "Оны келіп-кеткен қонақтар алған шығар", - деп мені өзімнің туыстарыммен шағыстырып қойатын еді. Бір күні абайсызда ломбардтың қағаздарын тауып алып, жағамды ұстадым. Тіпті, мені "қатты ауырып, жансақтау бөлімінде жатыр" деп адамдардан ақша да алған. Осылайша жағалай жұрттың бәріне берешек боп, қарызға белшесінен батқан. Құмар ойындары оның миын әбден жаулап алған. Кейде соңғы тиынымызға "Бинго" лотореясын сатып алатын. Босанғаннан кейін нәрестемнің керек-жарағына жаратармын деп жинап жүрген біраз ақшамды да ұрлап, автоматқа салып жібергенге дейін барды, тіпті үстіндегі су жаңа тонын да сол темір үшін тиынға сатты. Соның кесірінен дүниеге сәбиімді әкелгенде, тіпті, оны орайтын жаялыққа ақшам болмай, құрбымның баласынан қалған ескі-құсқы дүниелерін пайдалануға мәжбүр болдым. Осылай күндеріміз өтіп жатты. Оны түзеле ме деп талай уақыт күттім. Бірақ, үмітім ақталмады. (Қарлығаш ХАШЫМ Регион.kz 25 Ноября 2014)

Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына өзіндік кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ерекше ықпал ететіндігі сөзсіз екендігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзейік десек, құмар ойындарына шатылып, шайтанның арбауына түспейік. Иманымызды күшейтіп, өзімізге, отбасымызға, айналамызға, қоғамға, қоршаған ортаға пайдалы істермен айналысайық. Алла тағала бізді құмар сияқты лас ойындардың шырмауына түсуден сақтасын деп тілейік.



Бөлісу: