Қызғаныш-балалық шақтың жемісі

Бала бойындағы ең "көрінбейтін" қасиеттердің бірі- қызғаншақтық. Анасының махаббатынан бастап, ойыншығы, киімі, тамағына дейін қызғана беруі оның болашақтағы жеке бас қасиеттерінің қалыптасуына алып келеді. Алайда сол қасиеттердің қалыптасуына немесе тосқауыл қоймауына өзіміз де кінәліміз. 

1. Балаға өз заттарына мұқият болуды үйретеміз. "Киіміңді ұқыптап ки, затыңа ие бол, тамағыңды өзің ғана іш, ақшаны біреу үшін тауып жатқан жоқпын" т.б сөздерді жиі айтамыз. 

2. "Кімнің баласысың?" Қазақтың қанына сіңіп кеткен жаттанды осы сөздер балаға қалай әсер ететінін ойлап та жатпаймыз. Бала не анасын, не әкесін, не ата-әжесін таңдай алмай жүргенде, біз осы сөздермен жүйкесіне тиеміз. Болашақта оның өз туыстарын, балаларын да бөліп, "тек менікі" эгоистік сезімінің оянуына мүмкіндік жасап жатқанымызды ұмытпауымыз керек. 

3. Біреудің жетістігін қызғанып, бала көзінше жамандау, сөгу. Осы әдетімізден арылмасақ, отбасыда ешқандай тәрбие-тәлім болмайды.

4. Отбасыда тұңғыш немесе екінші баладан соң артынан сәби туылғанда, бала бойындағы қызғанышты туыстары өз махаббаттарымен баса алуы керек. Сонда баланың өз бауырына деген ерекше сезімі қалыптасады. Одан кейін де дүние есігін ашатын бауырлары үшін қуанатыны анық. 

5. Баланың қолына қаражат беріп, өзінің қажетті заттарын сатып алуға мүмкіндік беру. Әдетте, ата-аналар баланы кішкентай көріп, барлық қажетті заттарын өздері сатып алып беруге тырысады. Алайда ақшаны санай алатын балаға қаражатты ұстатып сенімділік артса, бала  ақшаның қадірін түсінеді. Әрі артылған қаражатына басқа балалармен бөлісуді үйренеді. Кейбір балалар эгоитстігі соншалық қолына ақша бітсе тек өзіне ғана жұмсай салады. Тек өзін ғана ойлайтын, өзгелерден қызғанатын өзімшіл балалар көп екенін мойындауымыз керек. 

  Бала-өз ата-анасының айнасы. Кез келген жағдайда әке-шешесін үлгі тұтып, солардың ізімен жүруге тырысады. Сондықтан болашақта балаларымыз қателігімізді қайталамас үшін дұрыс жол көрсетіп, өнегелі тәрбие беруге тырысалық. 

 



Бөлісу: