Көзіңізге қаншалықты көңіл бөлесіз?

Көзіңізге қаншалықты көңіл бөлесіз?
жеке
блог
Бүгінде әлем медицинасындағы басты мәселе көз аурулары болып отыр. Халықаралық агенттіктердің мәліметтеріне сүйенетін болсақ, шамамен 284 млн адам көз ауруы проблемасына шалдықса, олардың 39 млнға жуығы мүлде көз жанарсыз қалған. Алайда көз ауруына шалдыққандардың дені дер кезінде емделуге салғырт қарайды. Көз жанары ауруларының түрлері көбейіп отыр. Дәрігерлер, әсіресе жас сәбилерде кездесетін дертке алаңдаулы. Өйткені, дүниеге келген сәбилер арасында суқараңғылық, яғни, глаукома белең алуда. Туа біткен глаукома міндетті түрде хирургиялық операцияны қажет етеді. Бір өкініштісі, ата-ана болса, баланың көз ауруы мектеп жасына жеткен соң пайда болады деп ойлайды. Ең қиыны - сәби көзін ауырғанын, нашар көретінін сезбейді. Сәби дүниеге келгеннен кейін, міндетті түрде дәрігер офтальмологке тексерілу қажет. Әсіресе, оны бірінші, екінші күндері қарау керек. Бұл көру жүйесінің туа біткен ақауларын анықтауға мүмкіндік береді. Ал, келесі қаралу алты айдан кейін болу керек. Бұл да, көру жүйесінің дұрыс дамығанын тексеруге мүмкіншілік береді. Егер баланың көз өлшемі сізге үлкен болып көрінсе немесе екі көзінің өлшемі екі түрлі болса, қарашықтың түсі сұр немесе ақ болып көрінсе, демек, бұл көз ауруының алғашқы сатысы болып табылады. Бала өсе келе көз ауруына шалдықпас үшін, мына ережелерді қаперіңізге сақтаңыз: 1. Бүлдіршін жартылай қараңғылықта ұйықтауы тиіс; 2. Жасына сай келетін ойыншықтармен ойнауы керек; 3. Компьютерге жолатпау қажет; 4. Ең бастысы - баланы кітап оқуға 4 жастан кейін үйреткен дұрыс. Құрғақ көз синдромы. Аурудың туындауына әкелетін негізгі факторлар: 1. Темекі шегу 2. Жанаспалы линза қолдануы 3. Көлік кондиционерлері Бұл синдромға шалдыққандардың саны жыл сайын 20 пайызға артып келеді. Алғашқы белгілері: 1. Көз жанарлары тез шаршап, қызарады. 2. Көзге құм түскендей, түйнеп ауырады. Жанаспалы линзаны қазіргі таңда сәндік үшін тағатындар көбейді. Естеріңізде болсын, олардың қандай түрлері болмасын, дәрігер кеңесін алу керек. Жанаспалы линзаларды тек қана дәрігер тағайындап, дәрігер ұсыну қажет. Сонымен қатар, жеке басты гигиенаны сақтау, қолдану тәртібін де сақтау өте маңызды. Көз аурулары ішінде ең жұқпалы түрі - конъюнктивит. Ол науқастан көздің іріңі арқылы беріледі. Егер адам одан емделмесе, ауру асқынып кетуі мүмкін. Сондықтан, дер кезінде дәрігерге көрініп, ем қабылдау керек.