КОУЧИНГ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
блог
Сондықтан да, коучинг десең, «ол не?» деп сұрайтындар да аз емес. Бұл қалыпты жағдай. Өйткені, коучинг ұғымы батыстық елдерде жиі қолданылып, модаға айналып үлгерсе де, біздің елімізге енді ғана ене бастады. Сондықтан да, осы бір жаңалыққа халықтың бойы үйреніп, таныса түсуі үшін уақыт қажет.
Коучингтің сөздік мағынасына сүйенер болсақ, коучинг (ағылш. coaching — оқыту, жаттықтыру) — консалтинг және тренинг әдісі; классикалық консалтинг пен тренингтен айырмашылығы — коуч кеңес және қатаң ұсыныстар бермейді, ол шешімді клиентпен бірлесе отырып іздестіреді. Ал психологиядан айырмашылығы коучингтегі мотивацияның бағытында. Коучпен жұмыс істеуде белгілі бір мақсатқа, өмірде және жұмыста жаңа, позитивті тұжырымдалған нәтижелерге жету ұйғарылады. Яғни, коучингте адамның жеке, отбасылық немесе бизнестегі өмірінде мақсатқа, нәтижеге қол жеткізу көзделеді.
Енді коучингтің ерекшеліктері мен артықшылықтарына тоқтала кетейін:
- Коучинг саласын шектеуге болмайды, ол жан-жақты. Нақты айтар болсам, коучингті өмірдің кез-келген саласында пайдалануға болады. Яғни, кез-келген адам өзіне жеке коуч тауып, кез-келген проблемасын шешуге ұмтыла алады.
- Коучтің көмегіне сүйену арқылы өмірдегі ең бағалы нәрселеріңіз уақытыңыз бен ақшаңызды тиімді пайдалана аласыз.
- Ең қызығы, коучингте жалпы шешімдер, ұсыныстар, әдіс-тәсілдерді тікелей қолданбайды. Яғни, коучке келген клиенттің жеке жағдайына байланысты арнайы жоспар дайындалып, мақсатқа жетудің жобасы әзірленеді. Одан кейін коуч пен клиент бірге іске асыруға тырысады.
- Өзіңіздің жеке коучыңызбен бірге мақсатыңызға ұмтылып, жоспарыңызды іске асыру барысында өзіңізді жауапкершілікке тәрбиелеп, уақытты басқаруды үйренесіз.
- Ең бастысы, коучинг өзіңізді толық тануға, мақсатыңызды анықтап, сол мақсатқа қол жеткізуіңізге өз септігін тигізеді.
Сөзімді қорытындылай келе айтарым, коуч «сиқыршы» немесе «көріпкел» емес. Сиқырлы таяғын сізге тигізе салып, сіздің арманыңызды орындап бермейді. Коуч сізді мақсатыңызға жету жолында сізді жетектейді, сізбен бірге жол жүретін жолдасыңыз болады. КОУЧ – СІЗДІҢ СЕНІМДІ ДОСЫҢЫЗ!
Елжас Ертайұлы
Коуч-тренер