Көңіл күйімнің гүлі

     Бала кезімде үйде бір өсімдік болатын. Үнемі қыс кезінде гүлдеп, қалған уақытта гүлсіз ақ жасылданып тұрады. Анам апта сайын күтіп, суарады. Сол өсімдіктің гүлденгенін күтіп жүретінім әлі есімде. Ішіме жылылық сыйлап, қуанышым қойныма сыймай секіріп-секіріп аламын да, күні бойы сұлулығына көзім тоймай қарап отырамын. «Анашым, гүл шықты!» деп шаттана айқай салған сәттерім кеше болғандай көз алдымда. Анам да менің тәтті қылықтарыма қарап, «гүлім» деп еркелеткенін ұмыту мүмкін емес.

     Жасөсіпірім шағымда әлем қиындап кетті ме, менің қабылдауым ауырлап кетті ме, әйтеуір мінезім қыңырлана түсті. Әр нәрсеге шамданып, бөлмемнің есігін тарс жауып алып, өзімнен-өзім безініп жүремін. Бір күні сондай сәттердің бірінде анаммен сөзге келіп қалдым. Ашуланып бөлмеме қарай беттедім де, қалай өкпелегінмді көрсін деп есігімді ашық қалдырдым. Ал, анам қолына суы бар құтысын алып терезе алдындағы гүлді суарды. Сол кезде бала кезімде көңіліме қуаныш болған гүлім есіме түсті. Анам да соны көрсеткісі  келсе керек, менің бөлмемнен шыққанымды күткендей көзқараспен үнсіз қарап тұрды. Шыдай алмай, жүгіріп құшақтап алдым да, себепсіз жылап жібердім. Иә, сол күн де, сол гүл де ұмытылмақ емес.

     Ересек болып, алғашқы жұмысыма орналасқаныма жарты жылдан асқан кез. Қауырт жұмыс, шаршау дегенді үнемі сезгеннен бе деймін, мойныма біреу мініп алғандай болатын. Үйге үнемі салбыраған иықпен, суық түрмен кіріп келетін әдетім пайда болды. Жұмыстан жылы қабағымен күтіп алатын анам мені көрген бойда өсімдік суарады да жүреді. Өзінің белгілеп алған уақыты сол болар деп мән бермейтінмін. Бір күні бастығымнан сөз естіп, әдеттегіден де салыңқы күймен үйге келдім. Суы бар құтыны ұстап жүрген анам менің таныс өсімдікті гүлдегенін көрсеткісі келгендей басымен нұсқады. Мен әдемі, жаңа шыққан гүлін көріп, жылап жібердім. Сірә, анам көңілімді жұбатқысы келген болса керек.

     Анам өмірден өткен күні жүрегім қарс айрылып, әлемнен теріс айналдым. Не істерімді білмей, көзімнен жасымды тоқтата алмастан өз бөлмемде шыр айналып жүре бердім. Көңіл айтып келген қонақтар кеткен кезде кенет анамның қолынан түспейтін құтысын көріп қалдым. Оны суға толтырып, көңіліме жұбаныш болған өсімдікті суара бастадым. Осы кезде кеш болса да, түсіндім: «Менің көңілімнің гүлі менің анам екен. Үнемі қабағыма қарап, көңіл күйімді әрдайым бақылап жүретін. Осы уақытқа дейін байқағаным, салым суға кеткенде санамды оятқысы келіп, бала кезімдегі қуанышымды қайтарғысы келгендей үнемі гүлімді суарып  жүретін. Сірә, өз «гүлін» солай жайқалтқысы келген шығар. Мені бала көрсе де, мен бала болуды ұмытып кеткен екенмін. Оған бәрін ашып айта алғанымда ғой, анамның көңіліне шынайы гүл бола алар едім». Әттең, кеш түсінген екенмін...



Бөлісу: