Келін алдында бас ию ме, әлде келін алдындағы міндеттер ме?

Келін алдында бас ию ме, әлде келін алдындағы міндеттер ме?
жеке
блог

Ененің жас келін алдындағы міндеттері қандай? Ол не үшін керек? Өйткені келінге талап қойған екенмін, онда менің де жауаркешілігім де болу керек қой. Сонымен менің, әрине, менің  келіндерім алдындағы міндеттерім:

• босағамды аттаған күннен бастап тәлім беру;

• беташардың мәні өте маңызды, сондықтан «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, беташарды айтушыны жоғары талғаммен таңдау, өйткені онда айтылған сөздер жас келіннің бойына сіңіп, аспаннан нұр болып жаууы керек, себебі әрбір айтылған сөз киеге толы ғой.

• отбасыңдағы қалыптасқан заңдылық пен дәстүрмен бірден таныстыру.

• үйде басыңа орамал тағып жүру;

• не нәрсені ашық айту.

• ас әзірлеуге, табақ тартуға, қонақ күтуге үйрету;

• біреу айтыпты деп еш уақытта өсек айтпау;

• ұлыңның жақсы жағы мен кемшін тұстарын ашық айту;

• ол нені жақсы көреді, нені ұнатпайды оны айтып отыру;

• отбасы мүшелерінің де мінез-құлқы мен талғамын айтып беру;

• атасының алдында өзін қалай ұстау керек екеніне үйрету;

• жүктілік кезінде демеу болу ( жүрекайнудың салдарынан тамақ әзірлеуде қиналуы мүмкін, көңіл күйдің мың құбылатынын ескеру қажет, ол туралы ұлыңа, отбасы мүшелеріне айтып, қолдау көрсетуін сұрау керек) қажет деп білсе емханаға бірге бару;

• құрсағына бала біткен күннен бастап, ерекше көңіл бөлу керек, өйткені сен келініңді қолдау арқылы болашақ ұрпағыңды тәрбиелейсің;

• жүктілік кезінде тамақтану мен киінудің маңызын түсіндіру;

• абысын мен жақын деген келіншектердің арасында кішігірім құрсақ тойын жасау;

• келіннің әр істеген жақсы істерін айтып, мақтап, қателессе  уақыт оздырмай қатесін талдап түсіндіру;

• болашақ бала және жүктілік туралы көп әңгімелесу (ене мен келінді жақындастырады деп білемін);

• келінмен дүкенді көп аралағаннан бұрын мәдени орындарға бару;

• босану кезінде қасынан табылу (адамнан адам шығу оңай емес және сол сәт адамды жақындастыра түседі, өз тәжірибемнен білемін, құр қарап тұрмай сол сәтте қандай сөз айту керек, қандай қозғалыс жасау керек, қалай массаж жасауды біліп барған дұрыс, бұл туралы өз енемнен және интернеттегі мәліметтерден білемін, сіздерге де кеңес беремін);

• қырық күн шілде терісін шығарып, келінді күту (бұл – келесі немерелердің аман-есен дүниеге келуінің кепілі);

• баланы шомылдыру, созу, майлауды өз қолына алу;

• ұйқысының дұрыс болуына көмек беру;

• аттергеудің не екенін түсіндіріп, атты атасы қою керек екенін айту;

• қазақтың салт-дәстүрінің не үшін қажет екенін айтып отыру;

• жыласа уату жырын, бесікке бесік жырын айтып бөлеу (ол дегеніміз – немеренің болашағына сөзден нұр шашу, келінді әже болуға тәрбиелеу);

• екі жастың ортасына түспеу;

• ұлыңа келіннің кемшіліктерін айтпау;

• келіннің кемшіліктерін өзіне айтып, одан шығар жол ұсыну;

• не бір жаман нәрседен жақсылық іздеуге үйрету;

• келіннің төркіні туралы жаман айтпау (оларға сіз сыншы емессіз);

• құда-құдағилармен тығыз қарым-қатынаста болу (келіннің көңілін көтереді деп білемін);

• күнделікті қал-жағдайын сұрап, алаңдатып жүрген жайттар бар ма екенін біліп отыру;

• қаражат мәселесіне араласпау;

• ол да біреудің мәпелеген баласы екенін ылғи есте ұстау (менің анамның сөзі);

• оның әр бастамасына көмекші болу

• Жалғасын әже болғанда жазамын. Бұл менің пікірім, сіздерге де ой салар деп ойлаймын. Егер біз жас келіндерге демеу болсақ, отбасымызда береке болады деп білемін. Бұл ойлар ене болуға дайындалып жүрген кезде басталып, келінімнің біздің отбасымыздағы алғашқы туған күніне орай жалғасын тапты.