Қарттардың қадірі

Қазақ халқы ежелден отбасының әр мүшесін бағалап, жетімі мен жесірін жылатпай, қарттарын құрметтеген халық еді. Ал қазіргі уақытта елімізде жыл сайын қарттар үйіне ата-аналарын тапсыратын, тасбауыр ұл мен қыз көбеюде, бұл халқымыздың өз ұстанымдарын ұмытып бар жатқанына дәлел.

Қарттар- тарихымыздың діңгегі. Біздің осындай қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүруіміз солардың еңбегі. Балаларының жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткен жандар алдындағы қарызымызды өтеу жолында оларға алтыннан үй соқсақ та борышымыз өтелмес.

Алайда, неге кейбіреулер ата-ана алдындағы борышы туралы ойламақ түгілі, олармен қарым-қатынасын үзіп, барлық жастығы мен күш-қуатын балаларының болашағына арнаған жандарыды жалғыздық пен мұң жайлаған қарттар үйіне тапсыруға асық. "Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер" деген ертеден келе жатқан сөз бар, өз ата-анасының осындай қатігез ісін көрген балалары да оларға сондай тасбауырлық көрсетпейтініне кім кепіл?!

Үйдің берекесі әрі ұйытқысы болатын біздің қарттарымыз. Қаншама ата-ана жылуынан айырылған жандар,солардың қамқорлық пен жанашырлық сезімінсіз қалған жандар ата-анасын бір көруге зәру болса, басты байлығы ата-анасының екеуі де жанында жүрген жандар сол бақытын бағаламауда.

Отбасы-ең басты байлық, ал қарттар сол байлықтың берекесі. Бұл сөздердің мағынасы біздің халқымыздың ұстанымы мен өмірге деген көзқарасын ашып көрсетеді. Ал осы жаһандану заманында батыстан үйренеміз деп, жақсысы мен қоса өз тарихымызбен қалыптасқан болмысымызға қайшы келетін қылықтарды да өз бойымызға сіңірудеміз. Соның салдарынан батыстық көзқарас қалыптасқан кейбір жастар сол елдердің үлгісімен "аяғыма тұрғызу ата-анамның міндеті, ал аяққа тұрған соң өз өмірімді қамдаумен айналысуым тиіс" деп ата-анасы туралы мүлдем ұмытуда.

Адам баласы жасы келген сайын бала іспеттес болатыны рас, олар кішкентай баладай жанына жақын жандарының мейірімі мен қамқорлығына зәру болады. Сондай қартайған шағында балаларының жылуынсыз қалған қарттарымыз баспана еткен қарттар үйіне, балалары өз жөнімен кеткен жалғыз қалған қарттарға барып, оларға бар қолдарынан келген көмегін көрсетіп жүрген жастар да аз емес. Солардың қатарында Әл-Фараби атынғағы ҚазҰУ студент жастарынан құралған "Көмек" қоғамдық қоры. Жас ұрпақтың арасында осындай жанашыр, қамқор жандардың болуы, халқымыздың әлі де жарқын болашаққа деген үмітін сөндірмеуде.

Ендеше, бұл бес күндік жалғанда кеш қалдым деп өкінбей өмірге келуіміздің, қазіргіміз бен болашағымыздың себепшісі болған жандардың уақытында қадірін түсіне білейік!



Бөлісу: