Қарт аналарымыз осындай қатыгездікке лайықпа!!!
Бұрын бұл мекендерден өзге ұлттардың өкілін жиі көруші едік. Ал кәзір өз қандастарымыз оларды басып озды. Бұл- тәп-тәуір жасөспірім болып, бүгін тасбауыр ересекке айналған бауырларымыздың қатары көбейіп келеді деген сөз.
Осы жағдай, соңғы кезде менің ойымнан шықпай ақ қойды.
Ақыры "Қарттар үйінен хат" деп ат қойып төмендегі өлеңді жазуыма тура келді. Бәлкім мұзға оранған жүректерді толық жібітпесе де, бір сілкіндірер деген оймен жазып едім.
Қарттар үйінен хат
Жабығып жүріп, жалынып жүріп,
Алладан сұрап өзіңді.
Кешірдім бастан, мазасы қашқан,
Түндер мен жайсыз сезімді.
Көтерген сәтте, тұтанып шырақ
Үмітпен атты атты ақ таңым,
Жүрек тұсымда, білмеппін бірақ
Тасбауыр бала жатқанын.
Шаңырағыңнан шақалақ даусы
Шықты деп достар сүйінді.
Шаттыққа бөлер, балапан осы
Көңірсітер деп үйіңді.
Бесіктің өзін көрпеге қымтап,
Деміңді тыңдап қарайлап,
Қалғып отырып, қарсы алушы едім .
Шыққан күнімді арайлап
Қырқыңнан шығып, қырққан шашыңды
Тұмарым етіп сақтадым.
Емшек сүтім мен егде жасымды
Балам ау қалай таптадың.
Дауылдай есіп, ер жетіп өсіп,
Білімді болдың оқыдың.
Жұмыртқа едің басып шығарған
Анаңды қалай шоқыдың.
Бір Аллам қолдап, жарыңды таңдап
Шаңырақ қурдың уйлендің.
Ересек болар жасыңа жеттің,
Жалтақтамайтын күйге ендің.
Табалар қасым, күлетің досым
Мәдениетті ортам көп менің.
Жайқалып тұрған құрақ қасында
Қурайға орын жоқ дедің.
Тойларға кеттің, сүлуыңды ертіп,
Кемпірді қамап көріксіз.
Ойларға кеттім, мұңлы күй шертіп
Білдірмей сыртқа еріксіз.
Мен шайнап берген, сәби күніңде
Тамсанып нанды жеп едің
Жаныма батты, сенен бүгінде
Жиіркенемін дегенің
Қарттардың үйі, мекенім болып,
Жылады кәрі жүрегім,
Не дейін балам, ырысың толып,
Құп болсын әр бір тілегің.
Қартайғаныңда немерелерім
Аялап сені тербесін.
Ойнатып өтсін шөберелерін.
Бұл жерді келін көрмесін.
Қайтейін қалқам. осылай ғана,
Болды ғой сенің алғысың.
Есіңде болсын ешқандай ана
Балаға қимас қарғысын.
Атамасаңда ұмытпа балам,
Жадыңда сақта атымды.
Отырмын жазып, қолымда қалам.
Өзіңе соңғы хатымды