Жылдар жылжып өтеді баяу ғана...

   Бүгін күн ерекше ыстық еді. Анасының түндегі айтқаны есіне түсіп, Айсұлу ұйқысынан ояна сала, үйін жинастыруға кірісті. Інісі әлдеқашан тұрып қойыпты. Жексенбі күндері ертемен теледидардан көрсететін мультфильмдерді тамашалап отыр екен.

-         Әділет, киімдеріңді жинастырсаңшы – деп бұйырды ол інісіне – Әділет деймін! Естіп тұрмысың өзі?

-         Қазір, әпке, сәл күте тұршы. Көріп біткен соң жинаймын.

-         Жарайды, бірақ ұмытып кетпе.

Түс ауған мезгілде азық-түлікке толы сөмкелерді көтеріп, анасы келді.

-         Айсұлу, қызым, көмектесіп жіберші маған. Әкеңнің де кәуаптары дайын болған сияқты. Бақшаға дастархан дайындап жіберейік.

   Бүгінгі күні барлығы қуанышты еді. Әділет те анасы мен әпкесіне үстелге керекті заттарды әкелісуге көмектесіп жүрді.

-         Далада, таза ауада ішкен тамақ сондай дәмді болады – дейді Әділет қуанып.

-         Ия, Әділет мырза, сіздің қалауыңызбен табиғат аясында кәуап та әзірленіп жатыр.

Әділеттің қуаңғаны соншалық, дастархан жаюға кірісіп кетті.

    Барлығы қуанышты күйде үстелге жайғасты. Әкелерінің дайындаған кәуабын асыға ауыздарына сала бастады. «Абайлаңдар, ыстық қой!» - деген аналарының сөздерін де елер емес,

Бір кезде Әділет:

-         Ащы ғой мынау! Қанша тұз салған мынаған? – деп бұртиып, аузындағыларын түкіріп тастады.

-         Әділет, мұның не? Саған қанша айтамын, тамақтанып отырғанда ондай әдепсіздік жасама деп?

-         Мам, дәмін қарасаңызшы енді, қалай жеймін?

-         Балам, әкең тырысты ғой сендер үшін. Оны ренжітпейік.

-         Ия, Әділет, қазір папа келгенде олай жасама.

Осы кезде әкесі де келе қалды.

-         Жесеңдерші, мені күтіп отырсыңдар ма? Қалай, Әділет, ұнады ма?

-         Мхм...

-         Не болды? Неге бұртиып отырсың?

-         Пап, отыршы. Суретке түсіріп алайын бәріңді...

   Қазір ол сурет жоқ. Сол ащы кәуап дайындайтын әке де жоқ. Балаларының еркелігін көтеретін ана да жоқ.

                            Жылдар жылжып өтеді баяу ғана,

                            Уақытпенен таласар шамаң бар ма?

                            Кей күндерден сақталған естеліктер

                            Сыйлайды жүректерге қаяу ғана.



Бөлісу: