Жүрегіңнің түбіне терең бойла...

Жүрегіңнің түбіне терең бойла...
жеке
блог

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология және әлем тілдері факультетінің «Лингвистика» мамандығы бойынша білім алушы 2-курс магистранттары педагогикалық іс-тәжібиеден өту барысында екі шет тілі мамандығының бакалвр студенттерімен бірлесе отырып «Жүрегіңнің түбіне терең бойла...» атты Абай Құнанбайұлын әдеби-музыкалық еске алу кешін өткізді.

Әдеби-музыкалық кеш « Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы –соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» деген Ахмет Байтұрсынұлының және өзге де танымал тұлғалардың Абай атамыз жайлы айтқан қанатты сөздерін әсерлене оқумен басталды.

Келесі кезекте Абай Құнанбайұлы жайлы экранда қысқаша бес минуттық видео көрсетілді. Видеода Абай атамыз жайлы мәліметтер, портреті бейнеленді. Видео аяктала салысымен  кеш қонақтарына біршама қызықты сұрақтар қойып, дұрыс жауап бергендерге шағын сыйлықтар таратық. Осылайша, кеште тек ұйымдастырушылар ғана емес, катысушы қонақтар да белсене қатыса бастады. Кеш қыза бастады...

Кешке қатысушы екі шет тілі мамандығының 2-курс студенттері ұлы ақын Абайдың  «Есіңде бар ма жас күнің», «Бойы бұлғаң», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңдерін тамаша сарынмен мәнерлеп оқып, көрермендердің жүректерін тебірентті. Келесі болып, он саусағынан өнері тамған студент Аружан қобыз аспабында «Елім-ай» әнін орындап берді. Керемет әуеннен кейін 2-курс студенттері Абайдың 17 қарасөзін қойылым етіп ойнап берді. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра демекші, кеште қобызбен қатар домбыра да болды. 2-курс магистранты Мырзабек Бибіхан домбыраның құлағында «Ерке сылқым» күйін тарту етті.

Әдеби-музыкалық кешіміздің соңында тек қазақ халқы арасында ғана емес, өзге елдерге жетіп үлгерген Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» әнін жанды дауыста «Лингвистика» мамандығының магистранттары болып хормен орындап бердік. Кешке қатысушы бакалавр студенттері мен кеш қонақтары да магистранттармен қосылып әнді айтып, аудиторияны Абай атамыздың үнімен жаңғыртты.

Абай тек қана ақын, сазгер ғана емес, сонымен қатар қарасөздің шебері, философ. Оның артынан қалдырған асыл да, бағасыз мұралары көпшіліқ қауым арасында елеулі орынға ие, әрі рухани күш беруші екендігі рас. Осылайша Абай атамыздың үні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы да бір рет жаңғырып, «Жүрегіңнің түбіне терең бойла...» атты әдеби-музыкалық еске алу кешіне қатысушыларды рухани байлыққа кенелтті.

Кеш соңында қатысушы конақтар өз пікірлері мен ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып жеткізді. Әдеби-музыкалық еске алу кешімізді өткізу арқылы өзіміз де үлкен әсер алдық. Осымен тоқтап қалмай, тағы да түрлі іс-шараларды жүргізуге деген ынтамыз ашылып, өзіміздің бойымызда жауапкершілік сезімін сезіндік. Себебі, Абай Құнанбайұлы сынды қазақ халқымызда дарынды тумалар қаншама... Олардың әр қайсысы туралы осыған ұқсас іс-шаралар өткізіп, өзіміздің және өзгелердің естеріне түсіріп, рухани кенелту, қазақ зиялыларының есімдерін ел есінен шығартпай жаңғыртып тұру – бізге жүкетеген міндет ретінде қарағанымыз жөн. Осы тәрбиелік маңызы зор іс-шараны өткізуге тапсырма берген университет ұстаздарына алғысымыз көп.

 

Шынар ӘБІТАЕВА

                                                                                                   Филология және әлем тілдері

                                                                                          факультетінің 2-курс магистранты

                                                                                                  Жетекшісі: З.А.МУКАНОВА