Жер қадірі...

Жер қадірі...
жеке
блог

Түс ауған шақ. Әл-Фараби көшесі бойында, күн зәулім сарайдай биік ғимараттардың терезелеріне шағылысып, бет қаратпай, өзінің тұңғиық теңізіне батып бара жатқандай. Көшелерде жасыл кілем жапқандай, жануарлар мен жеміс мүсіндері көшені безендіріп тұр. Биік таулардың өзі бұлттармен жанасып, суретшінің қыл қаламынан тамған ерекше сурет тәрізді. Бір таңғажайып әлемге кіргендей боласың.

Алмагүл апай Алматыға келгелі осы табиғат суреттерін  тамашалап жүргеніне  екі-үш күн болды. Келгеніне көп болмасада, бұл жерде біраз жыл тұрғанмен тең келді. Осы күндер ішінде өзін ауруынан айыққан адамша сезініп, таза ауаның рахатына бөленді. Кешке серуендеуге жиі шығады. Бірақ, жалғыз ұлының өзіне ренжіп, бұлданып жүргенін көргенде біраз қиналып қалады.  Себебі, “Қытайда өзімнің туған жерімде оқимын” деген баласын күштеп Қазақстанда оқуға алып келген болатын.

Қазір міне, Талдықорғандағы туыс – туғандарына жол жүріп келе жатыр. Ішіндегі уайымы басылар емес.  Жанындағы ұлының өзімен емес, ұялы телефонымен шүйіркелесе  сөйлесіп отырғанына қынжылды.  Қытайдағы сынақтан сүрінбей өтсе де, Түркістандағы жоғарғы  оқу орнына түсірді. “Сірә, жас болғандықтан болар еш нәрсені жақсы ұғына бермейді, бұл жақта біраз тұрса бәріне де үйреніп кетер” деп ойлап,  жолда баласымен осы жайытың басын ашып сөйлесіп, барлығын  түсіндіргісі келді . Анасының сөзін аяғына дейін тыңдамай жатып, не айтарын ұғынып қойған баласы:

-Анашым, қаншама достарым қалды. Бәріде маған ренжіп, тіпті, менімен сөйлескілеріде келмейді.  Бұл жер сіздің туған жеріңіз болғанымен менікі емес қой.  Сонымен қоса, Қазақстанға келіп - кетіп жүрген адамдардың қазақ елі, қазақ жері туралы бір мақтау сөз айтқандарын  естідіңіз бе? Айтыңызшы? – деп анасының бетін қайтарып тастады.

Туған жері Қазақстан болғандықтан болар анасының ет жүрегі елжіреп,  бүйрегі осы жаққа қарай бұрады да тұрады. Ұлының бұл қылықтарына  қатты қапаланады. Бірақ, қайтсем де ұлымды осы Қазақстанның азаматы етемін деген мақсат алдыға жетелейді!