Жер биосферасының ғаламдық деңгейдегі мәселелері қоғам өмірінде:саясат пен экономикада,әлеуметтік өмір мен экологияда жаңа ұғымдар мен түсініктердің пайда болуына ықпалын тигізді.Дүниежүзілік жиындар мен симпозиумдардың басты тақырыбына айналған қоршаған ортаның регрессивті жағдайы жаңа экономикалық-экологиялық модельдер мен заманауи концепциялардың қозғаушы күшіне айналды.Аталған мәселелерді шешіп,антропогендік жолмен туындайтын жойқын табиғат апаттарын алдын алу үшін 1983 жылы арнайы құрылған Қоршаған орта және даму бойынша Халықаралық комиссиясының 1987 жылы БҰҰ үшін дайындаған баяндамасында «тұрақты даму» терминіне түсініктеме берілді.Оның негізгі мәні қазіргі адам өмірінің қажеттіліктерін қамтамасыз етіп,болашақ ұрпақ өмірін табиғат ресурстарымен толығымен қамтамасыз ету болып табылады. «Тұрақты даму» термині өткен ғасырдың 80-жылдарында енгізілгенімен,соңғы 15-20 жылдың ішінде ғана «жасыл экономика» ұғымымымен қатар кең қолданыс тапты. «Жасыл экономика» дегеніміз не және оның «орнықты дамуға» не қатысы бар?Жасыл экономика-адам мен биосфера арасындағы тығыз байланысты сақтай отырып,табиғат қорларына зиян келтірмейтін және қоршаған ортаның шаруашылық сыйымдылық шеңберінің ішінде дамитын экономика.Ол қоғамның әл-ауқатын жақсартып, «тірі» мен «өлі» арасындағы өндіру-тұтынудың үйлесімді қатынастарын орнықтыратын модельдегі экономика болып сипатталады.Менің ойымша,мемлекет тарапынан «жасыл экономиканы» дамытуға бөлінген субвенция келешекте орын алуы мүмкін катаклизмдерді тоқтатып,экономиканың өркендеуі мен эргономика талаптарының толығымен орындалу үрдістерін үдетеді.
Біріншіден,Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев 2013 жылы БҰҰ-ның тұрақты дамуы бойынша өткізген конференциясынан кейін еліміздің біртіндеп «жасыл экономикаға» көшетіні жайлы тұжырымдама қабылдады.Осы сәттен бастап жасыл экономиканың алғашқы бағытына сай Қазақстанда жасыл инфрақұрылымды құрып,дамыту ісі қолға алынды.Табиғат қорларының тиімділігін арттыру мақсатында соңғы 5 жылдың ішінде жүзеге асырылған іс-шаралар экофеминистік идеяларға негізделе отырып өткізілді,яғни әйел адамдардың қоғамдағы рөлі мен қамқорлығы табиғатты сақтау арнасына бұрылды.Атап кететін болсақ,елімізде жасыл экономика жолына түсу үшін тозығы жеткен автокөліктерді жою бағдарламасы іске қосылды.Адамдар ескі көлігін өткізіп,өтемақы алып қана қоймай,темір тұлпар қалдықтарының қоршаған ортаға зиян келтірмей,екінші реттік шикізат өніміне айналуына мүмкіндік жасайды.Қазіргі таңда еліміздің 17 қаласында қабылдау бекеттері жұмыс істейді.Ресми деректерге сүйенетін болсақ, 2016 жылдың қараша мен желтоқсан айы аралығында Қазақстанда тозығы жеткен көлік құралдарын өткізуге ынталандыру бағдарламасының пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Осы аралықта ӨКМ Операторының қабылдау бекеттеріне 5665 автокөлік тапсырылды және оның 350-ге жуығын өткізген Семей қаласының адамдары.Ескірген техниканы кәдеге жарату-экономиканың өңдеуші секторын дамытып,кәсіпорындар мен нарқытың «жасылдануына» ықпал етеді.
Екіншіден,экологиялық бағалау жүйесін заң жүзінде іске асырып,ел аумағындағы жойылып бара жатқан жануарлар популяциасын сақтау – жасыл экономиканың негізгі тармағының бірі.Еліміздің экологиялық мәселелері жайлы сөз қозғалған сәтте Каспий теңізі ахуалын атап өтпеу мүмкін емес.Каспий теңізінің эндемигі саналатын итбалықтардың саны қоршаған ортаның экологиялық факторларының қысқа және ұзақ мерзімді өзгерістеріне тәуелді.Ауыр өнеркәсіп пен мұнай қалдықтарымен ластанған теңіз суы 2000-2001 жылдардағы Қазақстан, Түркменістан, Ресей, Әзірбайжан және Иран жағалауларының бойын дағы шамамен 30000 итбалықтың өліміне әкеліп соқты.Зерттеу нәтижелері бойынша «Ecotox» халықаралық ғалымдар тобы бұл жағдайда етқоректілердің оба ауруын итбалықтардың қырылуының негізгі себебі деп болжаған.Ал 2013 жылы Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі Шальга аралында 1200 өлі шағала табылды.Осындай мәселелердің туындауының басты сеуының басты себебі- ірі өндіріс орындары.Оған дәлел ретінде «Тенгиз Шевройл» компаниясының 2011 жылы қоршаған ортаға келтірген зияны үшін 1 млрд. 715 млн. 291 мың 566 теңге айыппұл төлегенін келтіруге болады.Менің ойымша,бұл оқиғалардың экологиялық қана емес,экономикалық та зардабы бар,өйткені ластанған атмосфера мен экожүйені қалыпқа келтіру жаңа материалдық-техникалық база мен қаражатты талап етеді.Сонымен қатар,ауа құрамындағы ауыр элементтер тұрғындардың денсаулығына әсер етіп,жергілікті жерде бірқатар әлеуметтік проблемалар пайда болады.Сондықтан,жасыл экономикаға көшу арқылы біз аграрлы өнеркәсіп пен табиғат арасындағы балансты сақтайтын жасыл көпірді орната аламыз.
Үшіншіден,баламалы энергия көздерінің «қоңыр экономиканы» ығыстыруы «Үшінші өнеркәсіптік революцияның» басталуы мен жалпы ішкі өнімнің өсуіне әсер етеді деп ойлаймын. «Қара алтынды» тасымалдау және өңдеу,сонымен қатар,атомдық станцияларды іске қосу үлкен қауіптерді туғызады.Оған мысал ретінде қуат өндіретін станциялар мен танкерлердің жарылуын келтіруге болады.Альтернативті қуат көздерінің артықшылығы неде?Ең алдымен,баламалы қуат көздері қоршаған ортаға және адам өміріне қауіп тигізбейді және минималды дәрежедегі жұмыс пен максималды энергия мөлшерімен қамтамасыз етеді.Әр мемлекет өзінің географиялық ерекшелігін ескер отырып, күн,толқын немесе жел энергиясын қолдана алады.Қазіргі таңда еліміздегі КСРО заманынан қалған электр жүйелерінің ескіргенін ескере отырып,Қазақстанға күн және жел қуатын тұтынған тиімді деп ойлаймын.Мысалы,ел аумағының басым бөлігінде антициклондық ауа райы басым:оңтүстікте шамамен 260 күн ұдайы ашық және бұл- күн энергиясын қолдануға таптырмас мүмкіндік.Ал желдің ең үлкен жылдамдығы жылдың өтпелі кезеңдеріне тұспа-тұс келеді. Жел жылдамдықтарының максималды мөлшері биік асуларға, тау шыңдарына, жел өткізуші дәліздерге және жағалауларға тән.Сондықтан баламалы энергия көздерін тұтыну арқылы табиғи капиталды және мемлекеттің қазіргі кездегі отын-энергетика кешеніне жұмсалынатын қаржының 70%-ын сақтауға болады.
Бүгінгі күні әлем елдерінің басым бөлігі Жер ғаламшарының биосферасын қорғап,ұрпаққа сақтау- жалпыға ортақ міндет екенін түсініп, елді «тұрақты даму» концепциясы негізінде басқаруды қолға алды.Жаһанның басты мақсатына жету әлеуметтік прогресс және өмір сүруге қауіпсіз,биоалуантүрлікті сақтау,яғни«жасыл экономиканың» көмегімен жүзеге асырылмақ.