Жақсы қыздың "Кішкентай Ақниетке" жазған хаты!
блог
Ахоша! Немесе жəй ғана Ақни! (Иə, достарың сені солай атайтын жəне ол саған ұнайтын)
Көп ойлана келе саған осы хатты жазуға бел будым. Бүгінде сенің жағдайың жақсы екенін білемін.
Сен айтатын "Егер сенде бір зат жоқ болса, демек ол саған керек емес" - деген сөзіңді əлі ұмытқан жоқпын. Қазір сен есейіп кетсең де, əлі сенің жан дүниеңде баяғы кішкентай ғана, көп нəрсеге көңіл бөле бермейтін, аңғал, сəби көңілді Ақниет өмір сүріп жатыр. Бірақ, сен соған қарамастан, төзімдісің, мықтысың. Сен көп нəрсені өз күш-жігеріңмен жеңе алатыныңа сенемін. Бір кезде кітапханадағы апай Нина Федоровна "Акниет, ты - храбрая девочка. У тебя всё получится!" - дегенде, "Я не хочу остаться храброй" - деп абайламай көзіңнен мөлдір шық үзіліп түскен сəттер де болған.
Ахоша, өзің туралы көп нəрсе айтқың келсе де, сенің сыртыңдағы қожайынның - үлкен Ақниет сен туралы бөтен адамдар білмей-ақ қойса екен дейді. Кейде өміріңде бір адамның жоқ болғанына өкпелеп жылап алатын кездеріңнің де куəгері болдым. Бірақ сен өзіңді тез қолға ала аласың, сен басқалар сияқты əлсіз емессің ғой...
Сені бір көрген адамдар "өзінше", "адам менсінбейді" деуі мүмкін. Жақындарың сенің мінезіңнің қиын да, күрделі екенін, дөрекі екеніңді айтуы мүмкін. Бірақ сен олар ойлағандай тым суық жан емессің, оны да білемін. Тек өміріңе өзіңнен басқа ешкімді кіргізгің келмейді, сен үшін біреу шешім қабылдағанын қаламайсың. Əркім өз өмірінің шекарасын білсе дейсің. Өзіңді басқара аласың. Иəəə, сен бəрінен де еркіндікті жоғары қоясың. Сол үшін кейде көп нəрсеге қолды бір сілтеп қоя саласың.
Сабырсыздығың да жоқ емес. Күткенді ұнатпайсың. Уақытты бағалайсың. Сен қалаған уақытта қасыңнан табылмаған адамның саған уақыты жоқ деп түсінесің. Демек, сенің де оған уақытың болмауы керек. Сол мезетте өміріңнің айқара ашылған қақпасына құлып салып, келесі жолы ол адамды кіргізбейсің. Мүмкін, қызуқандылығыңның арқасында көп тəуекел етіп, жолың болатын шығар. Соның арқасында батылдау шығарсың. Соның арқасында өзіңе сенімді шығарсың.
Ылғи көмекке дайын, мейірімді, қамқор жансың. У-шуды жақтырмайтын кірпияз мінезің болса да, кішкене балаларды жақсы көресің. Əсіресе, ұл балаларды. )) Тіпті, біреулер жақтырмайтын мысық-күшіктерді де қатты жақсы көресің. Қолыңдағы наныңды да соларға бөліп беруге дайынсың.
Өз ортаңда көңілді, жиі күлетін, қалжыңға құмар қызсың. Мүмкін, достарың сені сол үшін де жақсы көретін шығар. Себепсіз күле салатын əдетің кейде ессіздік сияқты көрінеді. Бірақ сен бəріне сол күйіңде ұнайсың. Эмоцияларыңды іште сақтағың келмейді, сақтамайсың да.
Адамдар сені өзгертуге тырыспаса дейсің. Сені дəл қазіргі күйіңде қабылдаса дейсің. "Мінезіңді өзгерт" - деген сөзді мүлде ұнатпайсың. Дəл осы күйіңде жаныңда қалатын адамдарды бағалайсың, жақсы көресің. Бірақ оларға жақсы көретініңді мойындау, осал сезімдеріңді көрсету саған қиынға соғады.
Сен өзгелер ойлағандай тұйық қыз емессің. Сенің Оралда да, Таразда да, Алматыда да, Атырауда да, Қарағандыда да өміріңде мүлдем көрмеген, бірақ жақын сырласатын дос-құрбыларың бар. Қоғамдық шараларға араласудан тартынбайтын ашық мінезіңнің арқасында жақын достар таба аласың. Болашақта қай адамдармен қызметтес болатыныңды да білесің. Жаныңдағы достарың сені "пысық", "зыпылдап қалған" деп бағалайды.
Сені өзіңнен артық ешкім жақсы көре алмайды. Сен осындай болғансың және осылай қалғың келеді. Сен - мықтысың!
P. S. Ноутбукте сақталған архивтегі суреттеріңе қарап отырып, саған риза боламын. Өйткені бар уақытыңды өкінбестей, мəнді етіп өткізген бақытты бейнеңе қарап, əр сəтімнің бақытқа толы болғанына қатты қуандым. Сен қалай бар болсаң, мен сені сол күйіңде қатты жақсы көремін. Мүмкін, мен нарцисс шығармын.
Сен - өзіңнің қайталанбас, идеал нұсқаңсың!