Гогольдің мистикалық өлімі жайлы не білесіз?

Гогольдің мистикалық өлімі жайлы не білесіз?
жеке
блог

Гоголь өмірінің соңына дейін күйзелістің шырмауынан шыға алмай, қиындық көрген жандардың бірі. Оның өмірі өзінің туындылары секілді "керемет" болмады. Жанының емін таппай, тынысы тарылып, өмірдің қай бұрышынан өзін табарын білмей, меңіреу күй кешті.

Жаны әбден күйзелген Гоголь өмірінің соңында мынандай мағынадағы хатты  жазуға мәжбүр болды:

"Ештеңе жайлы айтқым келмейді. Әлемдегі бүкіл қызықтың бәрі суретшінің бөлмесінде жасалып жатқан дүниелердің  бәрінен де төмен екені соншама, ештеңеге де қарағым келмейді. Бұл әлем мен үшін жаратылмаған секілді" (Н.В.Гоголь. Толық томдық шығармалар жинағы. Мәскеу. Көркем әдебиет 7- ші том, 353- ші  бет)

Бұл жазушының суретші Александр Андреевич Ивановқа жазған соңғы хаты болатын. 

Халқына қалдырған соңғы өсиетінде "Өлі емес, тірі жан болыңдар. Мына әлемде Ғайса Пайғамбар көрсеткен есіктен басқа есік жоқ" дегенді, айтқан Гоголь емес пе? Шын мәнісінде Гоголь қаны бұзылған заманының тәнінен үзіліп түскен бір түйір таза тамшы болатын. Өз Отанын да дәл Гоголь сияқты  ешкім беріле сүйе алған жоқ. Менің ойымша, өз халқының келешегі үшін шынымен жаны ашитын жазушы халқын әлдеқалай  мақтап емес, Гоголь сияқты ашына сүю керек. Халықтың жақсы жағын айту ешқайда қашпайды, керісінше халқының бойындағы келеңсіздіктерді күйіне, ызалана жазу керек. Халықты бар ынтасымен сүю дегеніміз - оның құлы болу емес, қайта сол құлдықтан құтқаруға талпыну. Қара тобырдың арасынан белсеніп шығатын бір-екі сүмелектен қорқып үндемей қалу адамның азаматтығына нұқсан ғана емес, ол - халыққа жасаған сатқындығың.

Өзінің сеніміне  өмір-бойы берік болған Гогольдің жаны неге, неліктен тым құрыса бір сәтке болса да байыз таппады? Оның себебі - біз өмір сүріп жатқан дүниенің санасының таяздығы, адамдардың қатыгездігі еді. Гоголь адам санасындағы әлі бұзылмаған жалғыз таза талшық еді. Сол себептен де бұл қоғамда Гогольдің жаны тірідей тозаққа түсіп, санада қалған бір ғана таза талшықты былғау үшін, сайтанның неше түрлі айла-амалдары іске қосылды. Солардың ең сорақысы және үрейлісі - жазушының ақыл-есі ауысқан деген қаңқу сөздердің таратылуы болатын. Қоғамның ойдан шығарып, жазушыға таққан осы бір  өтірік диагнозы Гогольге ауыр соққы болып тиді де, оның жан-дүниесін желқайықтай   шайқап жіберді.

- Бәрі де, көзімше маған жынды деп айтып, ақыл-есі ауысқан адамдардың түрлі дәрі-дәрмектерін ұсына бастады. Ал, осы кеңесті беріп жүрген ақылды адамдардың бәрінің де бір ауыздан менің кітабымда ешқандай жаңалық жоқ, бәрі жалған деуі мені онан сайын қайғының теңізіне батырды. Бұл адамдардың маған жасаған ең ауыр қатігездігі... Мен қателесуім мүмкін, бәлкім адасқан да шығармын, адамның бәрі жалған болғандықтан олардың түсінігіне сәйкес өтірік айтқан шығармын: бірақ менің жүрегім мен жанымнан ақтарылып түскен дүниелердің бәрін де жалған деу - қатігездік, -деп, жазды ол, өмірінің соңында.

Осылайша не істерін білмей жаны қысылған Гоголь ауыр қылмысқа барып, 1852 жылы граф А. П. Толстойдың үйінде Матвей әкейдің азғыруымен өзінің "Өлі жандар" поэмасының екінші кітабын отқа жағып жіберді...

"Өлі жандардың" екінші кітабын өз қолымен отқа жағып жібергеннен кейін Гоголь түк нәр татпай, ешкіммен сөйлеспей, бүк түсіп жатып алыпты. Жазушыға зорлап тамақ ішкізбек те болған, денесіне неше түрлі суық бақа-шаяндарды салып өтірік емдемек те болған. Жазушының жанына тыныштық беруін сұраған жалынышты өтінішіне ешкім де құлақ аспаған.

Қоғам Гогольдің өлімін тіледі. Сағат түнгі он бір кезінде  Гогольдың жаны ышқынып, айғайлап сұраған ең соңғы өтініші: "Маған баспалдақ беріңіздерші. Мен жоғары шыққым келеді" болыпты.

Замандастарының айтуынша, ұлы жазушының қатарынан бірнеше күндер бойы летаргиялық ұйқыға кетіп қалатын ұстама ауруы бар екен. Өмірінің соңында жазушының осы ауруы қайталанған. Санасы уланған, жүрексіз қоғам Гогольды өлді деп танып, летаргиялық ұйқыдан оянып кетпей тұрғанда, тезірек, қара жердің қойнына тапсыруға асықты. Осылай боларын алдын-ала сезген Гоголь халықтың арасынан бір тірі жан табылатындығына үміттеніп, 1845 жылы мынандай өтініш жазып кетіпті. Бұл Гогольді қоғам әлі жынды деп жариялай  қоймаған, өлерінен алты жыл бұрын жазған өтініші болатын:

"Есімнен танбай және ақылымнан адаспай тұрған кезімде,  соңғы өтінішімді  ертерек жазып кетуді жөн санадым. Мүрдем иістене бастамайынша, менің тәнімді жер қойнына тапсырмаңыздар. Мұны естеріңізге салып отырған себебім, ауруым ұстағанда өмірлік белгілерім жоғалып, жүрегім мен тамырымның тоқтап қалған кездері болған". (Н.В.Гоголь. Толық томдық шығармалар жинағы. Мәскеу.  Көркем әдебиет баспасы. 6- ші том, 187- ші бет)

Гогольдің денесін жер қойнауына тапсырып жатқан сәтте, оның ауыр күрсінгенін де естігендер болыпты. Алайда, ар-ұятты, аяушылықты ұмытқан халық оны елей қоймады. Оның барлығы көпке дейін халық арасындағы аңыздардың бірі болып қана жүрді.

Тек, 1931 жылы жазушының сүйегін Новодевичье зиратына қайта жерлеу туралы ұйғарым жасалынады.

Гогольдің сүйегіне көртергеу (эксгумация) жасау барысында кебінінің жыртылып, табытының  тырналып тасталғаны және марқұмның бүк түсіп жатқаны анықталады...

Осылайша, орыстың ұлы жазушысының бірі - Гоголь, өз қоғамынан аяушылық көрмей, басқа әлемге аттанып кете барды...