Ғарышқа билет бар ма?

Ғарышқа билет бар ма?
жеке
блог

      ...Ғаламторды ақтарып отырған бала, кенеттен, "мәссаған" деп таңғалысын жасыра алмады. Жерден жеті қоян тапқандай қатты қуанып отыр, не көргені де өзіне ғана аян. Теледидар көріп отырған анасы мен әкесіне бұл хабарды жылы шыраймен жеткізді. Сөйткен жаңалығы, "енді ғарышқа ұшып, саяхаттауға болады екен, тіпті билет алғандарда бар екен-мыс". XXI ғасырда ол, әрине, мүмкін нәрсе. Бүкіл әлемді аралап болды, енді қалғаны ғарышқа саяхаттау шығар. Одан кейін қайда барар екен?! 

      Әлгі жаңалықты естіп, анасы мен әкесі де біраз әңгіме қылып отырды. Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер демей ме, анасының есіне тамақ әзірлеп жатырғаны сап ете қалды. -Ойбуу, тамағымның асты күйіп кетті-ау! Балам, оны не қыласың, бар, қолыңды жу, тамақ ішесің, сосын сабағыңды оқы, телефонды маған бер, - деді де ас бөлмесіне асыға жүгірді...

      Тамақ ішіліп болды. Баласы сабақ оқимын деп өз бөлмесіне кетті. Ал, қалғаны бітпейтін телехикаялардың тағы бірі басталып, соның ішіне кіріп, қызығына батып отыр. Ал бала ше? Бала сабақ оқып жатыр! Бұл тек ата-ананың сенімі ғана еді. Сабақ оқимын деген бала, күбірлеп, бірдеңені есептеп отыр екен. А.а.а билеттің құны екен ғой. Пәленше миллион теңге деп жатыр. Бәлкім, оны тағы доллардың курсына көбейту керек екенін білмейтін болар!? -Жұмыс істеп, көп ақша табамын, сосын билет сататын жерден "ғарышқа билет бар ма?" деп сұраймын. Айтпақшы билетті қайдан алар екенмін!? -деп қиял үстіне қиял қосып жатқан бала ұйықтап кетіпті. Ал сабағы...

      Иә, расында, әрбір адамның армандап, алдына белгілі бір мақсат қойғаны жақсы-ақ. Мол табыс тапқаны да қуантарлық дүние. Алайда, құр қиялдың жетегіне ермей, еліне, ата-анасына қызмет ететін "ақылды азамат" болса тіпті жақсы болар еді!..