Ертастың хаты#5

Ертастың хаты#5
жеке
блог

Солаай... Бақытым ба, сорым ба, білмедім... Мен сенің арқаңда ҰБТ-ны сəтті тапсырып, оқуға түстім. 

Студенттік шақ, расында, қызық екен. Жаңа достар, жаңа орта - бəрі керемет, бəрі дос. Есіңде ме, сен маған " - Қалаға барып басқа сұлу тауып аларсың, - деп едің ғой. Мен ол сұлуды əлі таппадым. Тіпті, іздемедім де. Себебі, мен үшін сенен асқан сұлу бұл əлемде жоқ еді. 

Бір күні екеуіміз телефон арқылы сөйлестік. Сенің дауысың көңілсіз шықты. 

- Сабағың қалай, Бағым? 

- Жақсы. Ал өзіңде ше? 

- Жақсы. Дауысыңа не болған? Сен жылап тұрсың ба? 

- Жоға, ештеңе, - бəрібір мен сенің жылап тұрғаныңды білемін ғой. Несін жасырасың? 

- Айтсаңшы. 

- Сені сағындым, - дедің сен еңкілдей жылап. 

- Жə, қойшы. Қыста барамын ғой. Бəріміз бірге жаңа жылды қарсы аламыз. Ал сен ондайыңды қой. Сен оқуға түсуің керек. Сен болашақ əртіссің ғой. Келесі жылы осында келесің. Екеуіміз жиі кездесіп тұрамыз. Жарай ма? 

- Жақсы. 

Алғашқы семестрім аяқтала салысымен мен оқудан шығып кеттім. Біздің Айман есімді курстас досымыз бар еді ғой... Иә, саған ол туралы көп айтатынмын. Білем, сен мені одан қызғанатынсың... Сол қыз қиындыққа ұшырап, сол үшін төбелес шықты. Нәтижесінде - мен оқудан шығып кеттім. 

Жаңа жыл қарсаңында ауылға оралдым. Сен мені көңілсіз қарсы алдың. Оқудан шыққанымды біліп қоймады ма деп əбден əбігерге түстім. 31 желтоқсан еді. Кешкісін жаюлы дастарқанда сыр шертісіп отырдық. 

- Солай оқудан шықтым де... бекер-ақ болған екен... 

- Келесі жылы түсермін, - деп арақ толы стақанды аузыма апара бергенімде:

- Қарғыс атсын бəрін, - деп сен үстел үстіндегі шыны бөтелкені жерге алып ұрдың. - Мынауыңды қашан қоясың? - Мен сенің күйіне жылағаныңды алғаш рет сонда көргем. - Біз қандай бақыттымыз деп ойлаушы едім... Бірақ олай емес екен. Біз неге бақытсызбыз?.. Мен бүгін өз өмірімді құрттым, сенің өміріңді құрттым. Кешір мені! Мен... мен... мен... адам өлтірдім... - Сенің бұл сөзіңді естіп мен бір орында қалшиып қалдым. Десе де, сені құшақтап, басуға тырыстым.

Мүмкін, сенің айтқаның рас шығар... Біз, шынында да, бақытсыз шығармыз. Мен ішем-шегем, оқудан шықтым, ата-анам жоқ, сенің əкең түрмеде, өзің... Ол туралы есіңе салғым келмейді. 

Бір кезде бөлмеге полиция қызметкерлері кіріп келіп, сені тұтқындамақ болды. Бірақ мен бəрін өз мойныма алдым. Сенің тағдырыңа қара таңба салғым келмеді. Енді біз кездесеміз бе, жоқ па? Бұл кезде мен небəрі он сегіз жаста едім. Жеті жылға сотталдым. Обал-ай, кеше ғана отызға келген əпкем мұны көтере алмай, жүрегі ауырып қайтыс болыпты. Жерлеуіне де қатыса алмадым... Ал абақтыдағы күндерім турасында саған айтқым келмейді...