Ертастың хаты#2

Сəрсенбі. Үзіліс кезінде дəлізге шығып, сені іздедім. Қолымда бір шоқ раушаным бар еді. Анау жаққа бір, мынау жаққа бір қараймын. Бірақ сені бұл маңнан көре алмадым. Сыныбыңа барып:

 - Ей, Əнуар, бері кел, - дедім сенің сыныптасыңа. Ол тысқа шықты.

- Не болды?

- Бағым қайда?

- Ол бүгін сабаққа келмеді, - деді Əнуар маған бажырая қарап.

- Көзіңді тартып тұр, - деп мен сыныпқа қарай кетіп қалдым. Кабинетте раушанның əр күлтесіне қарап отырдым. Мінезім тұйық болғандықтан, өз сезімімді өзім түсіне алмадым. 

Қоңырау соғылып, екінші сабақ аяқталды. Мен тағы да дəлізде тұрдым. Сен келіп қалар деген үмітпен раушанды қолымнан тастамаған едім. Сол кезде сонау жерде əмиянындағы ақшасын санап тұрған орыс қызды көрдім. Кешегі əпкемнің дəрі таппай қиналғаны есіме түсіп кетті. Білдірмей барып, қолындағы əмиянды қағып кеттім. Орыс қыз: 

- Мой кошелёк, деньги мои, вор... - деп айғайлап, жылап қала берді. Дəлізде алды-артыма қарамай жүгіріп келе жатсам, сен мені бірнеше қадам қашық жерде бақылап тұр екенсің. Көздерің мөлдіреп, мені аяп тұрғандайсың. Менің тағдырым солай еді... Мен біраз ыңғайсызданып қалсам да жаныңа бардым. 

- Қалайсың? 

- Жақсымын. Ал сен ше? - дедің сен көзің жасаурап тұрсаң да күлімдеп. 

- Сені көргелі... - деп бөгеліп қалдым да, - жақсымын, - дедім. - Мынау саған, - деп сені екі сабақ бойы күтіп отырған раушанды өзіңе сыйладым.

- Рақмет! Қолыңды жаралап алыпсың ғой, - деп сен менің қолымнан ұстадың. 

- А, ештеңе етпес, - дедім мен. Саған деген сезімнің жарасы одан да ауыр еді. - Саған не болды, жылап тұрсың ғой?

- Жоға, ештеңе емес, - деп сен теріс бұрылып көзіңді сүрте бастадың.

- Айтсаңшы.

- Ештеңе... Қазір қоңырау соғылады. Мен сабаққа барайын, - деп сен кетіп қалдың. Саған сыйлаған раушан гүлдің тікені қолымды жəй ған жырмай, қанатып кетті. Ал сен жүрегімді... 

Сабақтан соң кешегідей тағы да сені күтіп тұрдым. Сен шыққанда... сен менің жанымнан өтіп кеттің.

- Бағым? - мен сенің бұл қылығыңа түсінбей қалдым. Сен маған мойныңды бұрып қарағанда: - Тоқтасаңшы, - дедім мен. 

- Не болды саған? 

- Ештеңе. - Сонда да сен менен бірдеңе жасырып тұрғаныңды түсіндім.

- Дəлізде... неге ол қыздың əмиянын тартып алдың? 

- Мен... Ол ұзақ əңгіме, - деп мен жауапты қысқа қайыра салдым. Өзімнің жағдайымды кейінірек ашып айтармын деп ойладым.  

Кешке бізде би кеші болды. Мектептің оныншы жəне он бірінші сынып оқушылары орталықтағы клубта бас қосатын болды. Бұл бас қосудан мен де қалмадым. Клубтың іші у-шу. Даңғыраған музыка, көк түтін, тұншықтырар иіс менің басымды ауыртып жіберді. Тысқа шықсам, Бағым да осында екен. 

- Саған жұлдыздар ұнай ма? - дедім түнгі аспанға қарап. 

- Иə. Армандардың орындалуы да осы жұлдыздарға байланысты деседі.

- Ал сен армандар орындалатынына сенесің бе?

- Білмеймін. Ал сен ше?

- Мен де білмеймін... Анау жұлдыз, - деп мен қолымды бір жұлдызға қараттым, - сол саған ұқсайды екен.

- Ал мен сені соның оң жағындағысына ұқсатар едім, - дедің сен жымиып.

- Рас па?

- Əрине, қарашы, сен қазір өзіңді жұлдыз сияқты ұстайсың...

- Енді... мен жұлдыздың қасында тұр емеспін бе?! - Біз бір-бірімізге қарап күлдік. Бұл да біздің бақытты кездеріміздің біреуі еді.

 



Бөлісу: