Ертастың хаты#1

Ертастың хаты#1
жеке
блог

Сəлем, Бағым! Хəліңнің бүгінде жақсы екенін білсем де сұрағым келді, халің қалай? Менде бəрі жақсы. Құдайдың жазғаны осы болар. Біз бəрібір де бірге... Жə, қойшы! Екеуіміздің оқиғамызды сенің есіңе салғым келіп тұр. Əй, махаббат қызық мол жылдар-ай!

Сол жылы мен он бірінші сыныпқа көшкен едім. "Жұрттың балалары" өліп-талып ҰБТ-ға дайындалып жүргенде ешкімнің де баласы болмаған менің оған басым қата қойған жоқ. Иə, мен ешкімнің баласы емес едім. Əке-шешесіз өстім. Олардың келбеті де есімде жоқ. Қайда екенін білмедім. Мен əпкемнің қамқорлығында болдым. 

Жаңа оқу жылында жаңалықтар мен жаңа оқушылар көп болды. Олардың ешқайсысы да мені қызықтырмаған еді. Ешқандай қыз да менің жүрегімді жаулай алмады. Мен əлі алғашқы махаббатымды кездестірмеген едім де. Сонда біздің сыныптың жанындағы оныншы сыныпқа жаңадан тағы бір қыз келді. Ол - сен едің. Үзіліс кезінде екеуіміз дəлізде соғысып қалғанымыз есіңде ме? Екеуіміздің жанарларымыз түйісті. Сенің мөлдір мұңлы көздерің сонда мені ғашықтық дертіне ұшыратқанын байқамаған да едім. 

- Іі, кешір, - деп сен сонда сыныбыңа қарай асығып кетіп қалғансың. Сен сондай сұлу, сүйкімді қыз едің. Мен сені мұңлы, қорғансыз көздерің үшін ұнататынмын. Бірақ мен өзімді саған тең көрмейтінмін. Себебі, біздің жағдайымыз нашар еді, əпкемнің жүрегі ауыратын, ал мен күн көріс үшін біреудің тауығын, біреудің тауарын ұрлап, біреудің əмиянын тартып алатынмын. Мектептегі бұзақының бұзақысы мен едім. Шылым шектім, арақ іштім.

Бір күні, сейсенбі еді ғой, біздің сыныптағы Арман 27-кабинет алдында саған сезімін білдірді ғой.

- Бағым, мен сені жақсы көремін. Менімен "жүресің бə?" - деді. О, құдайым-ау, бас-аяғы жоқ, қызға осылай да сөз сала ма? Ақымақ, дұрыстап та сөйлей алмайды. Ал сен сонда:

- Мен сені жақсы көрмеймін, - дедің. Сондағы қуанғанымды көрсең ғой... Əйтсе де, əлгі Арман менің қуанышымды аяқ астынан дауылға айналдырып жіберді. 

- Бейшара, əкең түрмеде шіріп жатыр, ал сен неңе шіренесің? - дегенде қаным басыма шауып кетті. Ол тіпті сенің бетіңе түкіргенде... Ашуланып барып, желкесінен жұлқып қалдым. Ал сен жылап тұрдың.

- Не деп тұрсың, сұмырай? - деп жұдырықтап көзінен бір соқтым. Сосын жағынан ұра бастадым. - Мына жағыңның ішіне түкірігің сыймай бара ма, əлде жағыңнан тек жарымаған сөздер шыға ма? Мен сені жөніңе қоярмын, - төмпештеп ұра бердім. Ол қолымен бетін көлегейлеп əлек. Сол кезде сынып жетекшім келіп қалмағанда, мен оны өлтіріп қояр ма едім? Бірақ бұл жолы іс жабулы қалды. 

Сабақтан соң сені мектеп ауласында күтіп тұрдым. Сен шығып келе жатқанда жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Жақындап келгенде саған қарай беттеп:

- Бəрі жақсы ма? - дедім. 

- Иə, рақмет саған, - дедің сен. 

- Бір нəрсе сұрасам, ренжімейсің бе?

- Сұра... - екеуіміз жəймен келе жаттық.

- Сенің əкең... түрмеде ме?

- Иə... Əкемді есірткі тасымалдады деп айыптап, соттады. Бірақ мен оған сенбеймін... - Сен қайтадан жыладың. 

- Жылама, бəрі жақсы болады, - деп мен не істерімді білмей, біресе иығыңнан ұстап, біресе арқаңнан сипап абыржып қалдым. Тіпті, есіміңді де білмедім. 

Межелі жерге жеткенде сен:

- Сенің есімің кім? - дедің. 

- Мен - Ертаспын. Ал сен кімсің? - дедім мен қуанып. 

- Бағым... 

Екеуіміз қоштасарда қол алысып, бір-бірімізге күлімдеп қарап тұрдық. Осыдан соң мен қандай бақытты болғанымды білсең ғой...