Экологиялық таза брикеттер жасап шығару үшін гранттар берілді

Экологиялық таза брикеттер жасап шығару үшін гранттар берілді
жеке
блог

Қазақстанда БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен және Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, Солтүстік Қазақстан облысынан екі кәсіпорын биомассадан брикеттер жасап шығару үшін грант алды. БҰҰДБ-ның бұл бастамасы көмірді біртіндеп ауыстыру мақсатында неғұрлым таза, баламалы отын түрлерін ендіре бастауға бағытталған. Бастама сонымен қатар гендерлік аспектіге ие және әйелдердің энергия ресурстарына қолжетімділігін жақсартуға, сондай-ақ олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

"Әйелдердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі маңызды рөліне қарамастан, әйелдер климаттық саясат пен белсенді бастамалардан көбінесе шет қалуда. Барлық деңгейдегі климаттың өзгеруіне қарсы күресте әйелдердің толықтай және тиімді қатысуынсыз, сондай-ақ көшбасшылығынсыз әділ энергетикалық ауысуға қол жеткізу мүмкін емес", – деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.

Грант алушылар Солтүстік Қазақстан облысының екі кәсіпорны, яғни "Asia Wood's" ЖШС және "Жақыпов" ШҚ болды. Кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы мен ағаш өңдеу қалдықтарын пайдалана отырып, отын брикеттерін шығаруды жоспарлап отыр. Өндірістік желілер іске қосылғаннан кейін кәсіпкерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына отын брикеттерін тегін таратады. БҰҰДБ гранттары қажетті жабдықты сатып алу және орнату шығындарын ішінара өтеуді көздейді.

Қазақстанда жыл сайын коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге шамамен 11,3 миллион тонна көмір пайдаланылады. Қатты отынды пайдалану ауыр металдар мен парниктік газдардың шығарылуына алып келеді. Отын брикеттеріне ауысу бұл шығарындыларды едәуір азайтады.

Ауылшаруашылық қалдықтарын биомасса ретінде пайдалану – жылумен қамтамасыз етудің балама технологиясы болып табылады. Ауылшаруашылық қалдықтарынан алынған биомассаның бірнеше артықшылығы бар: жану кезінде зиянды заттар бөлінбейді, іс жүзінде түтін болмайды  және көмірмен  салыстырғанда күлдің пайызы айтарлықтай төмен. Дәнді дақылдардың қолда бар сабан қорын, сондай-ақ ағаш өңдеуді дамытуды ескере отырып, Қазақстанда осындай өндіріс үшін үлкен шикізат базасы бар екендігін көруге болады.

"Солтүстік және Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласы мен ағаш өңдеу қалдықтарының жеткілікті көлемі бар. Қазақстанда отын брикеттерін жасап шығарудың қолда бар әлеуеті бойынша көрсеткіштерге сүйене отырып, елдегі отын брикеттерін жасап шығаруды дамытудың әлеуметтік және экологиялық тиімділігін атап өту қажет. Қазақстанда биоотын өндіруге барлық қажетті мүмкіндіктер бар", – деп атап өтті ҚР "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры Еркен Наурызбеков.