ДАЯШЫ ҚЫЗ

ДАЯШЫ ҚЫЗ
жеке
блог

Алатаудың сілемдері бұл жерден ап-айқын көрінеді. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон деген болмаған. Әйтпесе құмарым қанғанша суретке түсіріп алар едім ғой, амал не? Табиғаттың мына ғажайыбын санамда сақтап қалу үшін, шөгіп жатқан алып нар секілді ары қарай созылған шыңдарға қайта-қайта қарай бердім, қарай бердім.

Шу өзенін жағалап, ескіріп кеткен кедір-бұдыр тас жолмен жүрген таксист мені айдаладағы үлкен жолдың бойына тастап кетті. Енді Алатау алыста қалды, жаңағыдай тамсантар көріністер де көмескіленіп, айдаладан тамашалар қызық таппай, жол үстінен өтіп бара жатқан көліктерді қол көтеріп тоқтатуға әрекет жасай бастадым. Танымайтын, айдаладағы Жетісайдан келген мені ол жердегілер неғылсын, зу етіп өте шығады.

Үлкен жолдың бойы, Алматы – Тараз тас жолында арлы-берлі зулап жатқан көліктер жеткілікті, бірақ тоқтап алып кетпегесін олардан не пайда? Осы кезде ғана шаршап, қарнымның аша бастағаны есіме түсті де, анадай жердегі кафеге ұқсас бірдеңеге қарай аяңдадым.

Кеше осы төңіректегі Жамбыл дейтін ауылға құдалыққа келгенмін. Ауылдан артынып-тартынып бір газель боп шықтық. Келгенше көңілді келіп ек, қайтарда той иелері сөмке-сөмке бірдеңелерді саудагердің жүгіндей қып газельге аямай артты да, бірер адам сыймай қалды. Ана заттарды тастап кетуге болмайды, не істеу керек? Ары ақылдасып, бері ақылдасып, құдалыққа ергендердің ішіндегі ең жасы кіші маған қолқа салды.

— Сен таксимен-ақ бөлек қайта берсейші, аяғың жеңіл ғой, — деп маған жабылған соң, өз бетімше әрекет жасап, сол ауылдың бір көлігімен осы жерге жетіп алдым. Енді осы жерден Шымқалаға дейін жеткізіп салатын көлік шықса тіпті жақсы. Шымкенттен ары қарайғы жолды ғой, уайымдамаймын да.

Кафеде адам аз екен, кафе деуге келмейді, асханаға ұқсас кішірек сырты ақталмаған үй. Төбесіне баттитып «Мерей» деп жазып қойыпты. Кіріп ем, пенде жоқ. Аяқ дыбысымды естісе біреу-міреу келетін шығар десем, ол ойым да қате екен. Үш-төрт партаны қаз-қатар тізіп тастапты. Жақын жердегі мектептің бірінен әкеле салған сияқты. Жөткірініп қойдым. Мелшиген асхананың іші үнсіз, жауап жоқ.

Партаның біріне жайғастым. Мектепке басқалардан ерте барып алған оқушыдай не істерімді білмей отыр ем, сырттан бір көліктің келіп тоқтағаны естілді. Ол жергілікті адам болуы керек, әндетіп, дүрсілдетіп кіріп келді.

— Кім бар-ау? Біреу-міреу бар ма? — деді табалдырықтан аттағаннан. Мелшиіп тұрған асханаға лезде-ақ жан бітті.

Осы кезде қара матамен тысталған кішірек ішкі есік ашылды да, бір бойжеткеннің басы қылтиды. Шашы беліне дейін жететін дөңгелектеу жүзді, тозыңқырап қалған гүлді көйлек киген талдырмаш қыз жанымызға келіп бізбен сәлемдесті. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде даяшылар да осындай жұпыны киініп жүре беретін заман болған.

— Айта беріңіздер, бізде меню жоқ, кешірерсіздер, — деді жартылай қысылған, жартылай кешірім сұраған үнмен.

— Маған палау әкел, жол жүріп барамын, тездет, — деді жаңағы еркек. Еркін жүріс-тұрысынан-ақ жергілікті екеніне шүбәм болмады.

— Сіз ше? — деді қасын қаламмен сыза салғандай көзі мөлдіреп тұрған даяшы қыз маған.

Бірдеңелерге тапсырыс бердім. Қызметші атаулыдан мына қыздың бір өзі сияқты, біресе шәй әкеліп, біресе нан әкеліп, айналдырған екі адамның дастархан мәзірін әзер дайындап бітті.

— Ас болсын, — деді сосын жәй ғана.

Мынадай асхананы бірінші көруім. Айдалада орналасқаны аздай, қыздың бір өзі қызмет жасап жүр. Шымқала мен Жетісайда тамақтанатын орынның түр-түрін көріп қалған басым мына қарабайыр асхананы менсіне қоймадым. Бізге асымызды әкеліп берген бойжеткен жаңағы матамен тысталған есікке кіріп тағы да жоқ болды. Тамақ жеп болып, ақшасын төлемей кетіп қалсаң да сезбейтін сықылды.

Тамақтанып отырсам да ойым ана матамен тысталған есік жаққа елеңдейді. Ана қыз тағы да шығуы тиіс. Есептесуі керек қой. Бірақ біздің ақша төлемей қашып кетпейтінімізге кәміл сене ме, тым-тырыс. Тап бір клиенттерді емес, үйіне барған қонақтарды күткендей жайбарақат.

Асықпай отыра беретіндей туған нағашымыздың үйі емес қой, демде-ақ тамақтанып болдық. Мұнымызды қалай біліп отырғанын қайдам, дереу әлгі мен көзбен аңдып отырған есік ашылып, жаңағы қыз шыға келді де, есеп-қысап сұрады. Тиісті тиын-тебенін беріп сыртқа шықтық. Тағы да көлік күтуім керек. Бұл кезде күн түске тармасып, тамыздың ыстығы өз күшіне міне бастаған-ды. Жолдың шетінде тағы да қақиып тұрдым да қойдым. Көлік тоқтайтын түрі жоқ. Мына түріммен кешке дейін Шымкентке жете алмайтын сияқтымын.

Қанша уақыт жол торығаным есімде жоқ, ыстық күн маңдайымнан өтіп, кәдімгідей мазам қаша бастады. Әлгі асханаға қайта-қайта қарайлаймын, біреулер келіп, біреулер кетіп жатыр, бірақ жаңағы қыз мүлде көрінбейді. «Ауық-ауық сыртқа шығып қойса қайтеді екен?» деп енді айналысатын түк таппай, сол бейтаныс бойжеткенді жазғыра бастадым. Тағы біраз уақыт жол күзетіп тұрдым да, шөл қысқан соң жаңағы жерге аяңдадым. Бағанағы бойжеткен тағы алдымнан шықты.

— Ой, сіз әлі кетпедіңіз бе? — деді таң қалған үнмен.

— Кете алмай жатырмын ғой сол… Шайыңыз бар ма? Шөлдеп кеттім, — дедім шаршаған дауыспен. Түріме қарап-ақ халімді түсіне қойды ғой деймін, «қазір» деді де ішкі есікке кіріп кетті.

Қыз әкелген ыстық шәйді екі кесеге сапырып құйып, суытыңқырап сораптап отырдым. Осы кезде ғана іштен басқа бір адамның даусы естілді. Жаңағы қыз жалғыз емес екен. Бәсе, мынадай айдалада қыз бала бір өзі жүруші ме еді.

— Сіз қайда барасыз? — деді жаныма кеп «тағы да не нәрсеге тапсырыс бересіз?» деп сұраған қыз.

— Шымкентке жетуім керек.

— Ұзақ екен. Бұл жерден көлік тоқтауы қиын. Бәлкім кешті күтерсіз?

— Кешке не болады?

— Кешке Алматыдан қайтқан автобустар өтеді, солардың біріне мінбесеңіз, басқа көліктер адам мінгізбейді.

Кешке дейін уақыт көп. Мына ыстықта уақыт өткізу де оңай нәрсе емес. Айналысатын нәрсе жоқ, демалатын жердің және реті келмейді. Мына кафені паналайын десең ұят. Келетін клиенттер бар, солардың орнына сомадай боп отырып алсаң, сені кім жақтырады? Ата-бабаларымыз «үйден қырық қадам ұзап шықсаң, мүсәпірсің» дейтін. Рас екен ғой. Осы ойымды қызға да айттым.

— Осында отыра беріңіз. Клиент бізге онша көп келе бермейді. Сізге орын тауып беремін ғой.

— Ұят емес пе?

— Несі ұят? Көлік күткен талай адам осында кеп тынығып алатын. Тіпті осында ұйықтап, демалып алатындар да бар. Ұялмаңыз. Қанымыз қазақ қой. Қонақты жатырқамаймыз.

— Рахмет… — дедім қыздың танымайтын адамдарға да қамқор бола алатын қазақы мінезін аңғарып, онысына іштей риза болып.

— Бұл жақта жайша жүрсіз бе? — деді қыз үстелдің үстін сүртіп жатып. Жайымды түсіндіріп жатырмын.

— Құдай-ау, мынадай ап-арық бола тұра, газелге сыймай қалғаныңыз күлкілі екен! Лақтырыпты ғой сізді! — деп өз сөзіне риза боп күлді. Амалсыз езу тарттым.

Айдалада асханада істеу де оңай емес. Бірақ күн көріс қажеттігі адамға не істетпейді. Мынадай жап-жас қыздың мұнда неге жүргені қызықтырғандай болды. «Клиенттер көбірек келсін» деп жұмысқа сұлу қыздарды алатындарды білуші ем. Мына қыз жұмысқа ондай мақсатпен тартылмаған сияқты, өйткені, киімі тым жұпыны. «Клиент тарту үшін» шақырылса, жұтындырып, жасандырып қояр еді ғой. Бәрібір де, көнетоз көйлек қыздың сұлулығын бүркей алар емес. Даяшы қыздың мына болмысы қоғамымыздың сол кезеңдегі оңала алмай жатқан көрінісіне ұқсап кетті. Қайран, тоқсаныншы жылдар…

— Даяшы болу қиын шығар? — деймін қызды әңгімеге тартқым кеп.

— Қиын емес. Керісінше рахат қой. Қарның тоқ болады, — деп күлді қыз. Күлген кездегі сұлулығын сөзбен жеткізу қиын, күлкі мен көркі бір-бірімен үйлесе кетеді екен де, жүзі одан бетер ажарлана түседі. Шіркін жастық шақ, ғажапсың-ау!

Қыз күлкісін тоқтатты да сөзін жалғады.

— Жұмыстың оңайы болушы ма еді? Үйдегілер «күзге дейін істе де, оқуыңа ақша тап» дегесін осында жүрмін. Жазғы демалыстың қайда қалғанын да білмеймін…

— Қайда оқисыз?

— Белгісіз. Әлі түскенім жоқ. Енді әрекет жасаймын. Ата-анам қалтасына қарап көреді де. Егер оқуға түсе алмасам осында істей беретін шығармын… Бұдан басқа дайын тұрған дені дұрыс жұмыс та жоқ. Эх, студент боп кетсем ғой, бір арманым орындалар еді…

Қыздың көңілсіздеу жауабынан соң әңгіме қысқарып қалды. Тыныштықты енді қыздың өзі бұзды.

— Сіз ше? Студентсіз бе?

— Жоқ… — дедім мына сұрағы онша ұнамай.

— Студент болғансыз ба?

— Жоқ.

— Түсінікті…

Әңгіме осымен сұйылып қалғандай болды. Ары қарай өрбімеді. Шәйді үнсіз іштім. Оның үстіне қыздың әңгімесі қалың ойға батырып тастағандай еді. Оқығысы-ақ келеді, бірақ бәрі ақшаға кеп тірелетін мынадай нарық заманында арманыңа баратын жол жабық болатыны несі екен? «Өмірдің мәні ақшада емес» деген әңгімені кейде қостамаймын да. Ақшаның өмірдегі орны сондай мәнсіз болса, мына қаршадай қыз осылай үйінен безіп айдалада жүрер ме еді? Ақша жарықтықтың соңынан ерем деп, қайталанбас жастық шағын біртіндеп ұрлатып жатқанын сезер ме екен…

— Неғыласыз? Осында кешті күтесіз бе? Әлде жолға шығып, көлік тоқтатасыз ба? — деді қыз шәйдің ақшасын есептесіп жатып.

«Жүрген аяққа жөргем ілінеді» дей ме? Асханада отыра бергім келмей, лажы болса елге ертерек жеткім келді. Тағы да манағы, үйреншікті боп қалған тұсқа барып көлік күттім. Қыздың айтқаны рас-ау деймін, тоқтамай зу етіп шығады да, зығырданыңды қайнатады. «Ауылға барған соң көлік алмасам ба!» дедім көлік тоқтатудан зәрезап болып.

Мен тұрған жерге Қырғызстан шекарасы тиіп тұр. Осы жерден шығысқа қарай көлікпен екі-үш сағат жүрсең, Алматыға да жетесің. Уақытымды қиып, бұрын көрмеген Алматыны да көріп қайтсам болады, бірақ ауылда қаншама шаруа күтіп тұр. Алматыдан гөрі ауыл маңыздырақ. Сонда мына алып Алатау біздің Түлкібастан Алматыға дейін созылған болып тұр ғой. Неткен кең өлке! «Жұмыс-жұмыс деп ел аралап, жер көруге де уақытымыз болмай, өмірден өте береміз-ау» деп мына жалғаннан бір сәт түңілгендей де болдым.

Жол шетінде қарауыл құсап сопайып тұра беріп те жалықтым. Күннің ыстығы тіпті күшейіп, апшымды қуыра бастады. Түстіктің жазы тым ыстық болады. Әсіресе тамыз айында қайнап кетеді. «Егінді пісіретін ыстықтар ғой» деп ақсақалдар жаздың соңғы ыстығын әңгіме қылып отырушы еді. Оның үстіне асфальттің ыстығы жер бетіне теуіп, шаңқай түсте қапырықтың көкесі басталады. Бүкіл әлемді оттай қарып жатқан алып күнге жердің бір бұрышында ноқаттай боп тұрған сен кімсің, тәйірі. Бұйым құрлы көрмейді ғой.

«Осыдан елге жетіп алайын, қайтадан бұл жерге аяқ баспаспын» деп күннің ыстығына да, тоқтамайтын көліктерге де кейіп, машина атаулыдан күдер үзіп, ана асханаға барып жан шақырайын деп оқтала бергенімде бір «Жигули» зулап келіп тоқтай қалды.

— Қайда барасың? — деді шопыр терезеден басын шығарып.

— Шымкентке баруым керек!

— Отыр!

Мұндай қуанбаспын. Салып ұрып көлікке жетіп бардым. Алдыңғы есікті ашып, жайғаса беріп ем, шопыр:

— Асықпа, радиаторға су құйып алайын, сосын жүреміз. Мен де Шымкентке барамын…

Мейлі, не болса да көлік тоқтады. Кешке дейін жолға телмірмейтін болдым. «Жол азабы — көр азабынан» құтылатын болғаныма қуанып, мына айдаладан ертерек кеткенше асығып тұрғанымда, кенет ойыма жаңағы даяшы қыз сап ете қалды. «Айтпақшы ана қыз ше? Ол осында қап барады емес пе?» дедім көңіліме сол арада тосын қимастық пайда бола қап. Асханаға көз салып ем, тым-тырыс. Бойжеткен көрінбейді. Жүзін кетер кезде бір көріп қалсам, соның өзі көңілге медет. Болды, дәл қазір тәңірден басқа ештеңе сұрамаймын. Қанша дегенмен шамалы уақыт болса да онымен сұхбаттас болдым ғой. Қыздың қамқорлығы мен адам баласына деген мейірімділігі кәдімгідей жүрегімді жылытып жіберген еді. Иә, әлемді мейірім ғана жылыта алады. Ол болмағанда мына қайнаған ыстықта әлдеқашан маңдайымды күн тесіп, жол шетінде талып жатар ма ем, кім білсін? Дүниені қиратпай, сақтап тұрған осындай адамның игі қасиеттері шығар, сірә.

Қазір ғана «бір көлік тоқтай қалып, кете қалсам» деп армандап отырған көңлім енді мына жерде ұзағырақ бөгелуді тілеп отырғанын қарасайшы. Көңіл қалауы дегенде тұрақ болмай ма деп қалдым. Бір тілегім орындалды, бірақ аяқ астынан пайда болған екінші тілек бәрін быт-шыт қылды. Бар ойым да, есіл дертім де жаңағы бойжеткенді бір көріп қалу болып, өзіммен өзім арпалысып, тынышсызданып отырғанда шопыр келіп жайына қонжиды да, кілтке қолын созды.

Осы кезде ғана асхананың есігі қимылдады. Ақырын ашылып, жаңағы бойжеткеннің қарасы көрінді. Көліктің алдыңғы орындығына жайғасқан маған көзі түсті де, іркіліп тоқтап қалды. Арамыз аса қашық та емес, он-ақ қадамдай жерден боталап қараған қос жанарынан ешқандай ой оқи алмадым. Көлік қозғала берді. Қыз да қарап қалмады. Оң қолын басынан асыра маған қарай бұлғап-бұлғап жіберді. Менімен қоштасқаны ғой. Мен де қол бұлғадым. «Қош бол, жақсы адам!» деп күбірледім.

Ол жерден ұзай бердік. Көліктің айнасынан қарағанмын. Қыз біз көрінбей кеткенше асхананың алдында қозғалыссыз қалшиып тұрды да қойды. Үлкен жолдың бойы демесең, айдала, аңызақ дала. Зырғып өтіп жатқан көліктерден өзге тіршілік белгісін байқау қиын. Әлгі қыз сол мелшиген асхананың маңында қалып қойды. Анадай періштені ондай сұрықсыз жерге обалсындым, қимадым. Ол жерде әлі қанша уақыт жұмыс жасап, қашанға дейін нәпақасын жинап, қашанға дейін несібесін ол жерден теретіні белгісіз…

Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде бесіктен белі шықпай жатып, жастық шағын осылай күн көріс жолына құрбан қылғандар тым көп-тұғын.

*  *  *

Сол кеткеннен Алматыға бірнеше жылдан кейін ғана жолым түсті. Бірақ сол асханаға соғудың еш реті келмеді. Оның үстіне жаңа тас жол салынып, көліктер басқа жолмен жүретін болды да, жаңағы асхана үлкен трассаның қай тұсында қалғанын еш таба алмадым.

Әлгі қыз сол күйі кездеспеді. Неғылды екен, оқуға түсті ме екен? Атын да білмеймін. Аман болса әлемнің бір түкпірінде жүрген де болар… Иә, ол кезде адамдар қазіргіден гөрі мейірімділеу еді.