Біз кімді жоғалттық: Covid-19-дан қайтыс болған танымал қазақстан

Біз кімді жоғалттық: Covid-19-дан қайтыс болған танымал қазақстан
жеке
блог

Біз кімді жоғалттық: Covid-19-дан қайтыс болған танымал қазақстандықтар

     Әлем тарихында 2020 жыл өте ауыр, өмір үшін күрес пен тартысқа толы болған жыл ретінде жазылады. Себебі, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі адамзатты айналып өтпеген, қауіпті әрі жұқпалы Covid-19 індеті пандемия ретінде жарияланып, өршіп кетті. Бір жылдың ішінде короновирус жұқтырып, салдарынан өмірмен қоштасқандардың саны – 1 миллион 700 мыңнан асады. Бұқаралық ақпарат өкілдері күнделікті қайғылы оқиғаларды хабарлап, эпид ахуалдың қандай дәрежеде екенін жеткізіп отырды. Қазақстан үшін маусым мен шілде айы өте ауырға соқты. Бұл кезеңде індетті жұқтырушылар саны күрт артып, жақындарынан айырылып, қара жамылған отбасылар көбейді. Қаза болған адамдардың ішінде еліне елеулі, халқына қалаулы болған жарық жұлдыздарымыз да бар. Солардың ішінде елімізге белгілі, ән сүйер қауымның көңілінен ойып тұрып орын алған композитор – Кеңес Дүйсекеевті айтуға болады. Кеңес Дүйсекеев әлемдік мәдениетке орасан зор шығармашылық мұра қалдырды. Оның шығармашылық қоржынында - симфониялар, романстар, мюзиклдер, оперетталар, рапсодиялар, камералық оркестрге арналған композициялар және басқа да атаулы туындылар бар. Ол көптеген кинофильмдерге, мультфильмдерге, теледидарлық қойылымдарға керемет музыкалық сүйемелдеу жазды. Кеңес Дүйсекеевтің ұстаз, әрі композитор ретінде жеткен жемісі — "Славян базары" байқауында Дүйсекеев пен Сариев бірлесіп жазған "Қарағым ай" әнімен тәрбиеленушісі – Димаштың жеңіске жетуі еді.

     Ал, 2020 жылдың 2 тамызында 69 жасына қараған шағында атақты қазақстандық спортшы Жақсылық Үшкемпіров өмірден озды. Ол өзінің жарқын мансабын кедергілерге қарсы ұзақ күресте құрды. Үлкен ерік-жігер, мінез және күш оған мүмкіндіктіктерін толық жүзеге асыруға көмектесті. Жақсылық Үшкемпіров халықаралық сайыстың бірінші айналымында-ақ Румыниядан келген бас фаворит - ешқашан жеңілмеген Константин Александраны жеңіп, Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. Спортшы мансабын аяқтағаннан кейін, қоғамдық қызметке араласып, кәсіпкерлікпен айналысты. Сонымен қатар, болашақ чемпиондар - қазақстандық балуандарды баптап, оларға жанкүйер болуды қатар алып жүрді. Жақсылық аға өмірде де, кәсіпте де, спортта да жеткен зор жетістіктеріне қарамастан, масаттанбай, қарапайым болмысын, адамдық ақ жүрегін мәңгі сақтап қалды. Чемпион өзінен кейін үлкен мұра қалдырды. Грек-рим күресінің әлемдік тарихына Жақсылық Үшкемпіровтың есімі алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз.

     Шілде айында қу індеттің құрсауынан шыға алмаған тағы бір жарық жұлдызымыз, актер – Дархан Дайырбек. «Әкім», «Құдалар» және т.б. көптеген фильмдердегі сомдаған басты рөльдері арқылы халыққа танылған актердың тағдыры қыршыннан қиылды. Шығармашылығы енді дамып, қарыштап келе жатқанда айтпай келген аурудың кесірінен өмірмен қоштасты. Актердың кәсіби қызметінің едәуір бөлігі Алматы Балалар және жасөспірімдер театрында өтті. Дархан Дайырбек эстрадаға кеткеннен кейін, шығармашылық импульсті тыныштандырып, театр актері бола алмады. Нәтижесінде, әртіс мансабын тастап, Ғ.Мүсірепов есімі берілген театрдағы жұмысына қайта оралды. Осы кезеңде актер көптеген рөлдерді ойнады. Ол сомдайтын кейіпкерінің жан-дүниесіне кіретіні соншалық – бала да, ересек те оның Дархан Дайырбек екенін білмейтін. Сондықтан да, көрермендер Дархан Дайырбектің орындауында көрген кейіпкерлерді мәңгі есте сақтайды. Фильмдері әлі ұзақ уақыт бойы көрермендерін қуантатын Дархан Дайырбектің актерлік мансабы кинематографиялық Олимптың шыңына көтерілген кезеңде тоқтады.

     Өмірден озған өнер иелерінің бірі – Қазақстан жұртшылығына танымал дизайнер –  Берік Исмаилов. Көптің көңіліне қонымды, сонымен қатар сапалы да қолжетімді киімдердің авторы дүнииеден мезгілсіз өтті. Небәрі елу бір жыл ғана ғұмыр кешсе де, артын алтын жолдай жарқыратып, өшпес естеліктер қалдырды. Көптеген эстрада жұлдызының сүйікті дизайнеріне айналып, талғамның биік дәрежесін қалыптастыруға үлес қосқан Берік Исмаиловтың дүние салуы – халқымыз үшін орны толмас қаза болды.

     Аса қауіпті індет Қуандық Шамахайұлы, Жолдасбек Дуанабай, Диас Омаров сияқты қазақ журналистикасының шоқтығы биік майталмандарының да өмірін жалмады. Саналы ғұмырларын ұлт мүддесіне, тіл мен әдебиетке, публицистикаға арнаған арқалы азаматтардың есімі мәңгі өшпейді.

     Сұм ажал Ислам дінінің көрнекті өкілі, қадірлі ұстаз, уағыздаушы Әбдіғаппар Смановты да алып кетті. Ойы отты, сөзі оқты, әр мәселені асқан шеберлікпен, терең мағынамен жүрекке жеткізетін Әбдіғаппар ұстаздың қазасы барша мұсылманды дүр сілкіндірді. Өмірлік тәжірбиесі мен жиған бар білімін жастарға беруден шаршамайтын ол кісінің бұл дүниенің қызығын аз көргені аса өкінішті, әрине.

     Осылайша, Covid-19 атауымен танылған бұл індет – жас пен кәріні, бай мен жарлыны таңдап отырмады, уысына түскен бетте жалмап, өмір сүруге деген мүмкіндігінен айырды. Медицинаның қыр-сырынан хабардар дәрігерлер де – ауруға қарсы шыға алмады. Бұл уақытта індетпен күресте ең бірінші қатарда жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерен. Қазақстан үшін өте ауыр болған осы кезеңде халықпен бірге жылап жүріп, қолынан келгендерінен аянбағандары үшін басымызды иіп алғыс айтсақ та аз. Алғашында қарапайым ғана «тұмау» болып көрінген коронавирус – өмірімізге сонша сіңіп, араласып, көзқарастарымызды өзгертеді деп ешқайсысымыз ойламадық. Алайда, осы арқылы жақындарымызға көбірек уақыт бөлуді, шын жүрекпен жақсы көруді, өмірде жақсылық та, жамандық та аяқ асты, айтпай келетінін түсіндік деп ойлаймыз. Денсаулықтың қадірін біліп, амандығымызды сақтайық, індеттен сау, аурудан аулақ болайық ардақты ағайын!

 

Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

Құралай Калыкулова, 1-курс студенті