Бұл әлем тек жауыздықтан құралған ба?..

Бұл әлем тек жауыздықтан құралған ба?..
жеке
блог

Сіз "Девочка со спичками" фильмін көргенсіз бе? Әділдік іздеп жүріп, өз өмірімен қоштасқан кішкентай қыз... Көрмеген болсаңыз, ол фильм жайлы сіздерге қысқаша айта кетейін. Фильм Ганс Христиан Андерсен ертегісінің желісі бойынша түсірілген:

"Шаммен ғана жарықтанып тұрған көше. Жаңа жыл қарсаңы... Барлығы жаңа жылды отбасымен қарсы алу үшін асығып, керек заттарын алып, жан-жақтарына мән берместен, тез-тез басып, өтіп жатты. Осы қарбаластың арасынан әлсіз шығып тұрған: "Сіріңке аласыздар ма?" - деген дауысты ешкім елей қоймады. Жан-жағына алақтай қараған кішкене қыз, қолындағы бар сіріңкені сатып, ақша әкелмесе, әкесі оны аямайтынын біледі. Сол себепті, даланың суығына қарамастан, үйге қайтуға асықпады.

Аяқ алысы азайып, көше босаған кезде, ол сүйретіле басып, ескі қоймаға келді. Жылыну үшін бір-бір сіріңкеден тұтатып отырды. Әрбір сіріңкені тұтатқан сайын оның көз алдына әжесі, кезіндегі бақытты шақтары, жылы үй, тойымды тамақ елестеді.

Таңертең қала тұрғындары қолына сіріңке ұстаған кішкене қыздың мәйітін тапты..."

Осы фильмді көріп болып, ұзақ жылағанмын. Бұл өмірден нағыз бақытты таба алмай, басқа әлемге кете барғандар қаншама?! Ойланып қарасақ, кішкене мейіріммен, БІР ЖАННЫҢ ӨМІРІН АМАН САҚТАП ҚАЛА АЛАМЫЗ. Кішкене ғана аяушылық, жылулық бір адамның өміріне тұра ма? Әрине жоқ. Ендеше, неге мейірімділік жасап, айналамызды нұрландыруға асықпасқа?!