Букмекерлік кәсіп
блог
Сәлем достар! Екі күн бойы ғаламторға кіре алмап едім, біртүрлі өзімді бәрінен қалып қойғандай сезініп отырмын... Бүгін мен көзім көріп жүрген мәселенің бірін жарияламақшымын. Оқып, пікір қалдырарсыздар деген үміттемін. Әрине, ұзақ. Дегенмен де көз жүгіртіп шығарсыздар)))
Үлкен спорт – тек салауатты өмір салты емес, сондай–ақ, үлкен табыстың көзі. Бүгінде бұл бұлжымас қағидаға айналды. Соны ескеріп, балаларын тенниске, футболға үйретіп жүрген ата – аналар да жоқ емес. Өйткені қазіргі кезде допты дұрыс тебе білсең, долларды уыстап ұстауға болады. Атағыңды алты қырдан асырып, әлемге әйгілі қылатын «әулиелігі» тағы бар. Әйтеуір кәсіби спорт – қазынасы ортаймайтын қамба іспетті...
Бұл күндері осы қамбадан кәнігі спортшымен қатар қарапайым жанкүйер де өз үлесін алып жүр. Олар – алаңға шыққан спортшының әр адымынан ақша тауып отырған бәс тігушілер. Яғни, букмекерлер. Бұл сөз осыдан 10 шақты жыл бұрын қазаққа таңсық еді. Ал бүгінде бәс тігіп, бәсекені қыздырып жүргендер өз арамызда да жетіп артылады. Алайда бұлай ақша табудың дінімізге, ділімізге қаншалықты сай келетінін елеп жатқандары шамалы.
Жалпы бәс тігудің тарихы сонау Рим империясынан бастау алады. Ол кезде ат жарыстырып, қораз төбелестіріп, адамдар соған ақша тігетін болған. Алғашында бұл жай көңіл көтеріп, уақыт өткізу үшін ұйымдастырылса, бүгінде біреулердің күректеп табыс тауып отырған кәсібі.
ХХ ғасырда кез келген спорттық ойынға алдын ала болжам жасап, ақша тігуге мүмкіндік туды. Сола-ақ екен, онсыз да делебесі қозып жүрген жанкүйерлердің тиегі ағытылды. Мұны байқаған пайдақұмарлар бәс қабылдайтын арнайы орталықтар ашып, ауадан ақша жасауға көшті. Содан бері букмекерлік кәсіптің аясы тарылып көрмеген.
Алғаш Ұлыбританияда ашылған букмекерлік кеңселер біздің елге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ келіп үлгерді. Десек те, мұндай кәсіпті бұрын-соңды көрмеген халық бастапқы кезде оларды елеген де жоқ. Оған әлеуметтік жағдайдың да себеп болғаны даусыз. Тек «қарын тойып, көйлек көргеннен» кейін ғана кейбіреулер құмарлықтың құлы бола бастады.
Жер-жерде казино мен ойынханалар ашылып, күн санап оған барушылардың саны артты. Мұның соңы жақсылыққа апармайтынын сезген Үкімет те дер кезінде қимылдап, Қапшағай мен Щучинск қалаларынан өзге жерде орналасқан барлық құмар ойын-сауық орталықтарына заңды түрде тыйым салды. Содан бері букмекерлік кеңселердің айы оңынан туып, аясы кеңейіп сала берді. Өйткені бәс тігу құмар ойындардың қатарына енбей, қалтарыста қалды. Ескере кетер жәйт, бәс қабылдайтын кеңселер студенттік жатақханалар маңында өте көп шоғырланған дейді. Букмекерлік кәсіп қылып отырғандар онсыз да жарып жүргені шамалы студенттерді біржола тонауға бел буған дерсіз. Тіпті құмарлыққа салынған кейбір студенттер ұялы телефон, ноутбук сынды бағалы заттарын ломбардқа кепілдікке өткізіп, соның ақшасына бәс тігеді екен. Бұл не деген ессіздік десеңізші?!
Йә, расымен бұл мәселеге бүгін көңіл бөлмесек, ертең кеш болуы әбден мүмкін. Себебі, букмекерлік кеңселер күн санап белең алуда. Тіпті, үйден шықпай-ақ ғаламтор арқылы бәс тігуге мүмкіндік жасап қойған олар мұнымен шектеліп қалмайтыны анық. Бәс тігу орталықтарында алкогольдік ішімдіктердің сатылуы да тегін емес. Ол аз десеңіз, әлемге танымал ірі букмекерлік орталықтар ойынның нәтижесіне әсер етіп, миллиондаған жанкүйерлерді сазға отырғызып кетеді. Яғни, ойыншыларды сатып алады.
Мұндай жағдай ресми түрде анықталмаса да жанкүйерлер арасында көп айтылады. Мәселен, жеңісіне күмән келтірмейтін ең мықты теннисші белгісіз біреуден ұтылып қалуы мүмкін. Ал оның жеңісі үшін сан мыңдаған жанкүйердің тіккен ақшасы букмекерлік орталықтардың қамбасына құйылады. Әрине, мұндай олжадан ойынын сатқан спортшы да құр қалмайды. «Екі түйенің ортасында шыбын өледі» демекші, нәтижесінде бәс тіккен жанкүйерлер ғана жапа шегеді. Ал құмарлықтың өрісі кеңейген жерде қылмыс та артып, ынтымақ-бірлікке сызат түсетіні сөзсіз. Ендеше еңсемізді тіктеп, елдігімізді нығайту үшін букмекерлерге де заңмен тыйым салынса екен дейміз.