Бүгін бір сұлулық көрдім

Бүгін бір сұлулық көрдім
жеке
блог

Бүгін бір сұлулық көрдім.

Басқалар ештеңе көре алмайтын жерде, қарапайым нәрселердегі сұлулықты көре алатын адам бақытты. Барлығы керемет, тек мұқият қарау жеткілікті.

Ауыл. Сол баяғы күйбең тіршілік. Бірақ көзің түскен жердің бәрі өздігінен сұлу. Табиғаты, адамдары сондай жылы. Бәрі көркем, қарасаң көзің тоймайды.

Сұлулық мен үшін қарапайым адамдар арасындағы қысқа да болсын, ерекше диалогтар, атасының немересінің басынан “құлыным” деп сипағаны, иттің көбелекті шыр айнала, тілін салақтата қуғаны, күннің батысы мен таңның атуы, бейтаныс адамның маған қарап жымиғаны, бәрі-бәрі мен үшін ерекше сұлу.

Күн ұясына кіруге ыңғайлануда. Малын өрістен әкеле жатқан көршінің жанынан өтіп барам. “Сәлем бердік апа!”,-деп қатты дауыстап айттым. Апам риза болып, сәлемімді алып, амандығымды, саулығымды сұрап жатыр. Бір кезде қолын жанқалтасына салып, бір нәрсені қазбалап іздеп жатқандай. Маған қарап “ботам, айналайын, күте тұр” деді. Іздеген дүниесін таба алмай маған қайта-қайта қарап ыржиып күлімсірей береді. Мен асықпадым. Бір мезетте бір уыс кәмпитті шығарды да, маған ұстатты. “Шырағым ала ғой. Өзіңе ризамын. Әрдайым жағдайымды сұрап жүресің. Аман бол, сау бол” деді. Осы сәтте бойымда ерекше жылулық ұялады. Құдды ішіме нұр енгендей. Екі бетім алмадай қызарып, апамды құшақтап алдым да, “Апау, рақмееет!” деп қуанышым ішімей сыймай, жүгіріп кеттім.

Апамның жүзі жылы, көздері әдемі еді. Әр көрген сайын оған қарап мен жымия беретінім. Осы тұста мына бір өлең жолдары есіме түседі.

Қарай бергім келеді,

Қарай бергім.

Келеді жүзіңізді талай көргім.

Қарап саған өзгеше сарайға ендім,

Жадыраған жүзіңнен арай көрдім.

Пах шіркін десеңші! Айта алмағаныңды өлең жолдарымен жеткізудің өзі неткен ерекше еді.

Осылайша жол жөнекей бір сұлу дүниеге кезіктім. Жасы шамамен он бірді құрайтын, қара торы келген,өрілген орайы бар, бұрын соңды көрмеген (соған қарағанда, шамасы көшіп келген-ау) баланы көзім шалды. Ол бір ботаны сипап, күбірлеп бірденелерді айтып жатыр. Анық естілмей тұр. Кішкене жақындадым. Әні, енді естілді. «Білесің бе, менің анамның көзі дәл сенікіндей. Сондықтан, маған боталар қатты ұнайтын. Бір уақыттары анам мен әкем оны біліп, туған күніме бота сыйлаған. Кейін, міне, өзіңді күн сайын күтіп, баптап жүрмін. Негізі өмірімде алған сыйлықтардың ең құндысы ол сенсің»,-деп ботаны бір сүйіп алды. Көзім тояр емес. Ерекше көрініс. Осынша сұлулықты бір күнде көруге бола ма екен? Өйстіп ойларымның арасында қалықтап кете бергенімде алыстан “Қызым!” деген анамның дауысын естіп, үйге бет алдым. Ал, жаңа ғана көрген сұлулық сол жерде қалды…