Түн. Далада жаңбыр құйып тұр. Күздің өкпек желі алқымнан алып, дірдектеген адамдарды жылы үйлеріне асықтыруда. Мен жолдың қарсы бетіне өту үшін жаяу жолаушылар жүретін ақ жолаққа жүгіріп барам. Төңіректе қараң-құраң еткен адамдардың сұлбасынан басқа ештеңе көрінбейді. Ақ жолаққа жете бере, жолдан өтуге асықтым. Кенет артымнан бейтаныс ер адам жүгіріп келіп, ақ жолақ белгісінің тура түбіне еңкейді. Сонда барып назар салдым, жол жиегінде бір қария қол-аяғын бауырына басып, бүк түсіп жатыр екен.
- Ата, тұрыңыз, жатпаңыз бұлай, мына күннің суығынан аман қалмайсыз, - деді жасы шамамен отыздан асқан, ұзын бойлы жігіт ағасы.
Әлгі атай ұйқысынан оянған болуы керек, айналасына түсінбей бір қарап алып, алқынып атып тұрмақшы болды. Бойындағы ішкіліктің күші атайды жерге қайтып алып ұрды, қария тізесіне тұра алмай, тәлтіректеп құлап түсті.
- Балам, кімсің? - деді сосын.
- Мен жай өтіп бара жатқан адаммын, тұрыңыз, далада жатпаңыз, қай жерде тұрасыз? Мен сізді қолтығыңыздан демеп апарып тастайын, - деді еркек.
Атай: "балам, кімнің баласы болсаң да, көргенді бала екенсің, мен жақын маңда тұрамын, айналайын, рақмет, бақытты бол" деп кемсең-кемсең етті. Қаңғыбас емес екені үстіндегі жөні түзу киімнен көрініп тұр.
Мен бейтаныс ер адамның осы бір әрекетіне қатты таңдандым. Тасбауыр қалада адамшылық жұрнағы қалған екен-ау деп қалың ойға шомып, аяңдап кете бардым.