Балада міндет болмай ма?
Күнсұлу апаймен жұмыс барысында таныстым. Мен жаңа ұжымға қызметке келгенде жылыұшырай қарсы алғандардың бірі осы апай еді. Жасы біразға келсе де, «мен үлкенмін» деп жатпай, құрақ ұшып жүгіріп жүретін. Осы бір жүзінен мейірім төгіліп, айналасына шуақ шашып жүретін мейірбан жанды бәріміз жақсы көрдік. Апай әңгімешіл болатын. Сонау балалық шақтағы қызықты оқиғаларын, жас күніндегі ұмытылмас кезеңдер мен күні бүгінге дейінгі өмірін жіпке тізгендей етіп әсерлі әңгімелейтін. Тыңдап отырсаң, уайым-қайғысы жоқ секілді көрінетін. Анамыздай болып кеткен сол кісіні төрт құбыласы түгел, бақытты жан шығар деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, ол кісінің де арман-мұраттары аз емес екен. Естуімше, апайдың ержеткен ұлы мен бойжеткен қызы бар. Әңгіме арасында оны өзі де айтып отыратын.
– Мен нағашы әжемнің қолында өстім. Ол кез соғыстан кейінгі қат жылдар еді, – дейді Күнсұлу апай. – Сабақты жақсы оқыдым, әжеме де қолғанат болдым. Мал дегенде әжемнің қолында бес-алты-ақ ешкі бар. Бір уақ соны бағып келемін. Біздің тамағымыз ешкінің сүті болды, соны сауып ішетінбіз. Менің үздік оқушы атанғаныма әжем де қуанатын. «Оқыңдар, болашақ сендердікі, әлі-ақ заман түзеледі» дейтін байғұс әжем. Мектептен соң институтқа оқуға түсіп, өзім армандағандай мұғалім болдым. «Отбасын құрайық» деп сөз салған Манарбекке «бағып-қаққан, оқытып-тоқытқан ата-анама ең болмаса екі-үш жыл жемісімді жегізейін» деп көнбей жүріп, ақыры тұрмысқа шықтым. Құдайға шүкір, Манарбек екеуміз осы күнге дейін шәй дескен жоқпыз, сыйластығымыз артпаса, кеміген емес. Екі перзент сүйдік. Балаларды ештеңеден таршылық көрсетпей өсірдік. Екеуі де жоғары білім алды, қызметте табысқа жетті. Тек мені қинайтыны – екеуінің де үй болуға ұмтылмайтындығы. Жастары 40-қа келіп қалды, басында «үйленіп, үй болсаңдаршы» дегенімізде қыз – жігіт, ұл – қыз жоқ деп маңайлатпай, енді мүлде айтқанымызды жүре тыңдайтын болды. Айта-айта біз де шаршадық. Жасымыз, міне, жетпіске келді. Біздің қатарластарымыз әлдеқашан немере сүйді, тіпті шөберелі болып жатқандар бар. Шалым екеуміз де сондай бақытты аңсаймыз. Бақытты ата-әжелерді көргенде қызығып, тәтті немерелерге тамсанамыз. Ал біздің ұл мен қыздың қаперінде ештеңе жоқ. Өмір болса өтіп барады, біздің төрімізден көріміз жақын емес пе?! Көзіміз тіріде соларды аяқтандырып, міндетімізден құтылсақ дейміз ғой шал екеуміз... Ертең олай-бұлай боп кетсек, олардың күні не болады деп жүрегім қарс айырылады, – деп мұңаяды апайымыз.
Қайран ана жүрегі десеңізші... Өле-өлгенше бауыр еті баласының қамын жеп, түн ұйқысын төрт бөлген ғазиз жан... Күнсұлу апайды тыңдап отырып жастары жер ортасына келсе де, балалығынан әлі арылмаған, өздерінің ғана жан тыныштығын ойлайтын өзімшіл қыз-жігіттердің қылығы көз алдыма келеді. Рас, бүгінде ондайлар аз емес. «Үй болу қиын» демекші, қазір көптеген жастар жауапкершіліктен қаша ма, әлде салт басты өмірге еттері үйреніп кетті ме, түтін түтетіп, бала тәрбиелеп, ұрпақ жалғастыру деген ұғымдарды естен шығарды. Біз көп жағдайда ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі, міндеті дегендерді көп айтамыз. Ал сонда баланың ата-ана алдындағы міндеті деген болмай ма?! Біздіңше, болса керек-ті, ол – жасы келген жастардың өз уақытында шаңырақ көтеріп, бала сүйіп, ұрпағын жалғастырып, ата-анасын құрметтеуі дер едік. Ол құрметке әрбір ата-ана лайық, өйткені баланы өмірге әкеліп, оны тәрбиелеп, өсіріп жеткізуде оның еңбегі ұшан-теңіз. Сол себепті баланың да ата-ана алдындағы міндетін ұмытпағаны жөн дер едім.
К.МАТАЙҚЫЗЫ
Талғар ауданы
Алматы облысы
PS: Өзім керемет блог жаза алмағансоң, өзіме ұнаған мағынасы жақсы газет, сайттардан, оқығанымды ұсынғаным дұрыс шығар
Ренжімеңіздер