Бақыттың бесігінде тербелудеміз

Сіз үшін бақыт деген не?

Кей адамдар бақытты байлық деп білсе, кейбірі басымның амандығы дейді. Бірақ, бай бола тұра, аман боп жүрсе де өзін бақытсыз адам сезініп жүргендер бар ғой...

Өмір- тоқтаусыз ағып жатқан өзен секілді. Өзеннің ағысының жылдам болуы да, жай болуы да, суының мөлдір таза не лай болуы да адамның өз қолында, өйткені адам өмірі ол "өзен". 

Адамдар әрқашан мінсіз өмірді сүруді аңсап өтеді. Алайда, ойланып қарасақ өмірде мінсіз не бар?! Тіпті, оны табудың өзі қиын. Біз мінсіз өмір мен ғажайыпқа сеніп арманның құшағында қалқып жүргенде, "өзен" түрлі керемет мекендердің жанынан өтіп кете береді. Сондықтан, біздер нақ осы шақта өмір сүруді үйренуіміз қажет. Ия, армандай білген де дұрыс "армансыз адам - қанатсыз құспен тең" дейді, бірақ армандап қана қою өмірді керемет ете алмайды, ол үшін әрекеттене білу керек. Сонда ғана әр істің нәтижесі болып өміріңді қуанышты сәттерге толтыра аласың. Сонда бақыт деген не?!

Бақыт - ол сен, сенің күнделікті күйбең тіршілікте кешкен қиындықтарыңнан сабақ алуың, бүгінгі өмірді кешуің мен сенің жүзіңе күлкі үйірілтер жандардың болуы. Міне, осы да - бақыт. Өйткені, өмірде соңы жоқ соғыс алаңының ортасында жүріп-ақ өзін бақытты сезініп жүргендер бар, олар өзінің отаны үшін жан пида еткендеріне бақытты боп кетеді. Ал біз болсақ, көк аспанның астындағы бейбітшілік заманда жүріп неліктен өзімізді бақытты сезіне алмаймыз екен? Оның себебі адамда қанағаттың шүкіршіліктің болмауы. Өмірден көп нәрсені күткен дұрыс, бірақ бүгінгіні мойындамау адамды бақытсыздыққа сүйрелейтін ең басты фактор. Сол себепті де бүгінгі өмірге келгенің үшін жаныңда жақындарыңның, қалаған ісіңмен шұғылданып немесе алдыңда мақсатың, қолыңда өз болашағыңды құруға мүмкіндігіңнің бар екендігін ұмытпа! Не де болса, сен тәңірдің ғаламға берген бір сыйысың, сол үшін де өзіңді бақытты сезінуге тиіссің. Сен - бақыттың бесігінде тербелудесің. 



Бөлісу: