БАҚ саласындағы білім жүйесі

БАҚ саласындағы білім жүйесі
жеке
блог

Журналистика саласында сапалы білім беру бойынша А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің атқарып жатқан еңбегі орасан зор. Жасалып жатқан істер жайлы толық ақпарат білу үшін аталған оқу орынның «Журналистика және коммуникациялық менеджмент» кафедрасының меңгерушісі Балажан Мұстафинамен тілдескен едік. Оның айтуынша ҚӨУ-дің өңірлік БАҚ саласына қосып жатқан үлесі шексіз.
— Ұлт ұстазы атындағы университет журналистика мамандарын даярлау да 25 жылдан астам уақыт қызмет көрсетіп келеді. Ең басты айтылуы керек заңдылық бұл мамандардың білімді әрі өз ісін жақсы білетін әмбебап болып шығатындығы. Оған дәлел қазір еліміздің түкпір-түкпірінде біздің қара шаңырақтан түлеп ұшқан студенттер кезігеді. Оқу жүйесінде студенттерге тиімділік мақсатында дуалды оқу енгізілген. Бұл жерде білім алушы 60% сабаққа қатысып, қалған 40%-да редакция немесе телеарна, радиоларда тәжірбие жинақтайды. Студентке жұмыс беруші орынмен ЖОО арасында арнайы үш жақты келісімшарт жүргізіліп, білікті маман шығуы үшін осындай жағдай жолға қойылған. Нақтырақ айтқанда студент, ЖОО және жұмыс беруші. Бірақ жұмыс берушілердің талаптары басты назарда. Өңірлік БАҚ өкілдерімен кездескен де олар арнайы талаптарын айтады. Көбіне жазатын, сөйлейтін, суретке және бейне роликтерге түсіре алатын студент болса ойланбастан жұмысқа қабылдаймыз дейді. Қазір 21 ғасыр жедел ақпараттың заманы. Сондықтан жылдамдық пен шапшаңдық және әмбебаптық керек. Аталған қасиеттер бойында тоғысқан студенттер жұмыс пен оқуды қатар алып жүруде. Осы ретте студенттер оқып жүргенде жергілікті БАҚ салаларында тәжірбие жинақтап, білім алады да, дипломды қолға алған күні республикалық телеарналар мен баспасөздерге жол тартады. Ол бір жағынан қарағанда дұрыс. Себебі жастардың бойындағы таланты мен дарынын тек жалғыз ортаға байлап тастауға болмайды. Жалындап тұрған жастың өзіне лайықты орнын тапқаны құба-құп, — дейді кафедра меңгерушісі.

Сонымен қатар өңірлік университетті бітіріген жастардың арасында республикалық деңгейде жүрген түлектердің қарасы қалың. Олар жайлы ауыз толтырып айту артықтық етпес. Ел алдында жүрген жастар жайында журналистика мамандығының аға оқытушысы баяндап берген болатын.
— Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде көптеген шәкірттер түлеп ұшты. Солардың басым бөлігі халық назарында жүр. Атап айтқанда «Хабар» телеарасындағы «Жеті күн» бағдарламасының редакторы Гүлжан Марқабаева, «Қазақстан» ұлттық арнасында Бауыржан Бөгенбай, Азамат Бейбітұлы, «Қазақстан Республикасының Әділет минстрлігінде» баспасөз хатшысы Меруерт Боканова, «Хабар 24kz» арнасында редактор Дархан Қастеров, «Abai.tv» рухани танымдық арнасының продюсері Гаухар Төлекбаева, Генадий Головкиннің баспасөз хатшысы Жанар Өтешова, «Айқын» газетінде Нұрсұлу Мырзахметова секілді таныс есімдер бар. Қаламыздағы республикалық телеарналардың «меншікті тілшілері де» біздің оқу орынның түлегі. Тағы ең үлкен ауыз толтырып мақтанарымыз «Қостанай» телеарнасы және облыстық «Қостанай таңы» газетінде бізден түлеп ұщқан түлектердің 90%-дан астамы қызмет істейді. А. Байтұрсынұлы атындағы білім ордасының ең ерекшелігі журналистика мамандығын бітірген маман екі бағыттағы мамандық алып шығады. Журналист және заман талабына айналған PR маманы. Екі бағыт бойынша айналысып жатқан студенттеріміз жетерлік, — дейді аға оқытушы Гүлшат Төлеуқызы.

«Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының қорытындысы бойынша 2022 жылдың рейтингінде ұлт ұстазы атындағы университеттің журналистика мамандығы үздік екінші орынға енген. Ескере кету керек білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, жыл сайын барлық қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізіледі. Республикалық көрсеткішке өңірлік оқу орынның енгені қуанышты жаңалық.
Университетке түсем деп ниет білдірген оқушылар толық ақпаратты «ksu.edu.kz» сайтынан және «baitursynov_university», «zhurnalistykru» инста парақшаларынан біле алады. Сондай-ақ, мамандыққа тарту мақсатында кәсіптік бағдар беру (профориентация) жұмыстары жолға қойылған. Әр курс студенттері өз қала-аудандарына барғанда мектеп басшыларымен жолығып мамандық жайлы ақпарат таратады. Осы кезге дейін Ақмола облысы Жақсы ауылына, Арқалық қаласына, Аманкелді ауданына және қаламыздағы бірқатар мектептерде кездесулер өткен.
— Үгіт-насихат жұмыстары тоқтап қалмайды. Бүгінгі күні де жалғаса беретін болады. 10-11 сынып оқушыларына журналистика мамандығына түсу жолдары туралы айтылуда. Көбіне балалар журналистикаға түсу үшін ҰБТ-да бес пән таңдайды деп ойлайды. Негізінде бізде тек екі пән оқу сауаттылығы мен Қазақстан тарихының баллдары есептеледі. Бес пәнді тапсырған оқушы да журналистикаға құжат тапсыра алады. Дегенмен онда негізгі екі пән Қазақстан тарихы мен оқу сауаттылығы ғана есепке алынады. Қос пәннен алған балл көрсеткіші жоғары болуы керек. ҰБТ нәтижесімен университетке келіп шығармашылық емтихан тапсырады. Емтихан екі бағыт бойынша өтеді. Бірінші жазбаша. Онда берілген және еркін тақырып бойынша бір шығарма жазады. Екінші сөйлесу баланың қабілетін байқау. Оған газет беттеріне жарияланған мақала, өлең, әңгіме және журналистикаға байланысты сертификат, диплом, алғыс хаттарын алып келуіне болады, — дейді Г. Төлеуқызы.

 

Бибіт НҰРМҰХАНОВ,

Қостанай қаласы.