Әйел азса – заман азады.

Әйел азса – заман азады.
жеке
блог

«Әйел азса – заман азады»

Қазіргі әйелдер оқыған, білімді. Тіпті кейбіреулері жоғары лауазымды қызметтерде. Мемлекеттік атақ-даңқтары да бар. Бірақ солар неге ұлттық құндылықтарды сақтап, жастарға үлгі көрсетпейді? 

Теледидардан өнер адамдарын көп дәріптеп жатады. Оған қарсы емеспін. Бірақ ол қандай атақты тұлға болса да, ел алдына шыққанда өз жасына сай киініп шықса қайтеді? Мысалы, әйел адамды, онда да әжені эфирге шығарар алдында үстіне кәжекей кигізіп, басына орамал тартқызуға болмай ма? Рас, кимешек киген әжелеріміз, басына орамал тартқан қыз-келіншектер кейбір бағдарламалардан кездеседі. Бірақ өте сирек. Жақында әлдебір бағдарлама авторы белгілі бір диктор апамызды үйінде, немересімен теледидарға түсірді, онда да жалаңбас. Ол – сол отбасының отанасы емес пе? Өз басым «әже – бүкіл қазақ жастарының әжесі» деп түсінемін. Менің де келіндерім, немерелерім бар. Ұлттық құндылықты шама-шарқым жеткенше үйретіп отырамын. Өкінішке қарай, шашын жайған қыз-келіншектер мен бет-аузын баттастыра бояған әйелдерді, жалаңбас әжелерді көгілдір экраннан көрсетіп жатқанда салың суға кетеді. Үйдегі бала-шағаға берген тәрбиең желге ұшқандай күй кешесің. 

Осы орайда, әйелдердің шашына қатысты мына бір жайтты айта кеткен жөн шығар. Жалпы, әйелдер қай уақытта шашын жаяды? Әрине, басын жуғанда, күйеуі өлгенде және босанар алдында. Сондай-ақ есі ауысқан адамның шашы жиналмайды және өлген әйелді жуындырып, кебіндегенде шашын жаяды. Өмірде көріп, көкейге түйгенім осы. Сонда жалаңбастанып, шашын жайып жіберетіндей бүгінгі қыз-келіншектердің басына соншама не күн туды? 

Қазақта «Әйел азса – заман азады» деген сөз бар. Бұтына шалбар киіп, бет-жүзін бояп, жүнін жұлған тауықтай қысқа шашын бұйралап алып, теледидардан ақыл айтып отыратын әйелдерге, әжелерге қарап тұрып, ұлттық болмысымыздан қаншалықты алыстап бара жатқанымызға жаның күйеді. Өкінішке қарай, бүгінде әйел заты жан сұлулығынан гөрі сыртқы сұлулығын жоғары санап, соған көбірек мән беретін сыңайлы. 

Қазақтың бүкіл қыз-келіншектерін, әже атаулыны жамандап, топырақ шашудан аулақпын. Менікі тек ой салу ғана. Өйткені қазақы салт-дәстүр, дін тұрғысынан да дұрыс киінбеу – үлкен күнә. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың хадистерінде «Себепсізден себепсіз әйелдің киімін киген еркекті және ешқандай мұқтажсыз еркектің киімін киген әйелді Алланың қарғысы атсын» делінген. Білмей істелген іс – қателік, біле тұра істелген қателік – қылмыспен пара-пар. 

Баяғыда әжелерге ұл-қызы, немере-шөберелері, тіпті бүкіл ауыл құрмет көрсеткен. Әжелердің айтқанын екі етпеген. Қазақтың қыз-келіншектері мен әжелері ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, жастарға тәлім-тәрбие беруді парыз санаған. «Тәрбиелі әйел көп болса, ел ынтымақты болады» дейді халық даналығы. Шоқанның Айғаным, Абайдың Зере әжелеріндей парасатты кісілердің жолын жалғастырып, ғибратын насихаттау қазіргі қоғамға ауадай қажет. 

 

Қуанғали АРОНОВ, зейнеткер