Бүгін бокстан 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 4-курс студенті Махмұд Сабырханды әуежайдан салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Батырымызды күтіп алуға Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы, қалалық бокс федерациясының президенті Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исақов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы- ректор Дария Қожамжарова, танымал спортшылар, студенттер мен жанкүйерлер жиналды.
"Екі жыл бұрын Белградта өткен әлем чемпионатында жіберген ақымды қайтарамын деген уәдем бар еді. Сол уәдемді орындап, алтын медальге ие болдым. Ендігі мақсат алдағы чемпионатта тағы бір алтын жүлдеге ие болу”,-деді Махмұд Сабырхан.
Естеріңізге сала кетейік, Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бокстан өткен әлем чемпионатында боксшымыз топ жарып, қазақ елін төрткүл дүниеге танытқан болатын.
Әлемдік сайыста ҚР ұлттық құрамасы 4 алтын, 1 күміс жүлде олжалап, жалыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді.