Атаның баласы болма, адамның баласы бол!
блог
Сәлеметсіздер ме, құрметті Массагет қауымы! Маған жақсылық тақырыбындағы мақалалар эстафетасын жалғастыру бақыты бұйырыпты. Мен бұған өте қуаныштымын. Өзімнің қысқа ғана өмірімде бастан кешіргендерім аз емес. Мен біреуге жақсылық жасайтын, маған басқалар жақсылық жасайтын да кездер аз болмады. Бірақ, мен бұл жазбамды кішкене ерекше еткім кеп тұр. Ендеше бастайық!
"Жамандар жақсымын деп айғайлайды, жақсылар жақсымын деп айта алмайды" демекші, жақсы адам жақсылығын ешқандай сөздерсіз-ақ көрсетеді. Қазіргі күндері теледидардан, әлеуметтік желілерден және әр-түрлі ақпараттық сайттардан шығып жүрген жаңалықтарға қарасақ, айналамызда адам өлтіргіш арсыздар, көлікті мас боп айдап, басқалардың өмірін қиып жатқандар, тонаулар, парақорлық, өрт, қиянат, жезөкшелік, қыздардың төбелестері сияқты сұмдық дүниелер толып жатыр. Аналар балаларын өлтіріп жатыр, әкелер қыздарын зорлап жатыр. Байлар қарапайым халықты ренжітіп, ол үшін жазаларын алмайтын кездерде болады. Осының бәріне қарап, әрине, жүрегіміз ауырады. Дегенмен, осыншама тұңғиықтың арасында жүрегіміздегі үрейді сейілтіп, жүзімізге үміт нұрын түсіретін жақсы оқиғалар да бар. Осы оқиғалардың бірнешеуін сіздердің есіңізге сала кетсем деймін.
Ең көңілдісінен бастайын. ГАИ қызметкерлері тек пара алуды ғана біледі деген ой санамызға сіңіп қалған деуге болады. Бірақ, мына оқиғаның кейіпкері бұл ойларды жоққа шығарды деуге болады.
Жақында ғана, шілденің 25 - і күні, түскі сағат төрттің кезінде, Астана қаласына кіреберістегі Ертіс постына бір Ауди маркалы автокөлігі келіп тоқтайды. Ішінде толғағы ұстап жатқан жүкті әйелі бар екенін, ауруханаға үлгермейтіндігін айтып көлік егесі пост ішіне жүгіріп кіреді. Мұны көрген МАИ қызметкері, жедел жәрдем шақырады. Бірақ, жедел жәрдем келгенге дейін, өзі баланың дүниеге келуіне көмектесіп, кіндігін кесіп қояды. Ана мен баланың жағдайы қазір өте жақсы. Бұл ерлікті жасаған бес баланың әкесі Бақыт Әлімқұлов екен. Осыған дейін де екі рет жол үстінде босандыруға көмектескені бар екен. Бұл кісі болмағанда жаңағы адамдардың жағдайы не болуы мүмкін еді? Өздерінің разылығын білдіру ретінде әлгі бақытты ата ана, Бақыт мырзаға жаңа туылған нәрестеге өзі есім беруіне болатындығын айтқан тұғын.
Келесі оқиға батырлары, 6-шы және 7-ші сынып оқушылары Ермахан Мадиев және Бейбарыс Қайроллаұлы. Бұл оқиға Атырау облысындағы Еңбекші ауылында, осы жылдың шілдесінде орын алған. Сұрхан өзенінің бойында ойнап отырған екі жігіт, көмекке шақырып жатқан әйел кісінің дауысын естиді. Бір әйел, жолды қысқартпақ мақсатымен өзенді жүзіп өтпекші болған екен. Жолдың ортасына келгенде тұншыға бастап көмекке шақырады. Жас батырлар еш ойланбастан өздерінің өмірін қауіпке салып жаңағы кісіні құтқаруға кіріседі. Соңында әлдері жеткенінше, қиындықпен болса да жаңағы кісінің өмірін сақтап қалады. Сол жігіттерге "Ерлігі үшін" медалін тапсырмақшы болып жатқан. Осындай батыр жастарымыз өсіп келе жатқанына өте қуаныштымыз.
Ендігі айтатын оқиға, менің көңілімді ауыртқан, бірақ сонымен қатар, жүрегіме жақсылық бар екендігіне үміт ұялатты деуге болады. Осы жылдың маусым айының 24-күні қаралы оқиға болғаны туралы жаңалық оқыдым. Оңтүстік Қазақстан Облысында 7 кісі, олардың ішінде 14 жасар бала қаза тапты. 10 жолаушысы бар "Нива" автокөлігі, жолды қысқартпақ мақсатымен, "Үлкен Келес" арнасынынан, көлікке арналмаған көпірден өтпек болады. Өте бергенде, көлік суға төңкеріле кетеді. Осыны байқап қалған 1975 жылдың тумасы Асылбек Кельмуратов, құтқаруға бас салады. Бірінен соң бірін 4 әйел кісіні судан алып құтқарып шығады, бірақ келесі суға сүңгігенінде кері шыға алмай өзі де ағып кетеді. Басқаларды құтқару жолында өз жанын құрбан екткен Асылбек ағамыздың орны жұмақтан болсын деп тілеймін.
Дәл осы постты жазып отырғанымда тағы да бір ерлік жасаған 23 жасар жас офицер туралы естіп қалдым. Көкшетада үйіне қайтып бара жатқан жолында, жас сержант Данияр Аманжол 4 бала мен олардың анасын оттан сақтап қалыпты. Жаңалықтар сайттарын ашып көрсеңіздер толық ақпарат оқи аласыздар.
Қорытындылайтын болсам, жақсы адамдардың мұндай ерліктері күн сайын айналамызда болып жатыр. Бірақ бұл жайлы бұқаралық ақпарат құралдары көп айта бермейді. Ал бәріміз білетіндей жақсылар жақсымын деп айта алмайды. Бір-бірімізге жақсылық жасауды, барлығымыз бір Алланың құлдары екенімізді ұмытпайық ағайын!