Ата жолын қуған ұл!

Ата жолын қуған ұл!
жеке
блог

Қалада туып, қалада өскен Алматының албырт баласы қатарластарынан ерекше болды. Оқушы кезінде сыныптастары «мен әнші болам», «мен заңгер болам», енді бірі «өскенде мұғалім болам» деп жүргенде бала Мейіржан болашағын жол саласымен байланыстырушы еді. Себебі әр демалыста ауылдағы ата-әжесіне барып қайтқанда ой-шұқырлы жол азабын, көлікті шайқаған қисық жолдар жас баланың мақсатын айқындай түсетін. «Қашан ауылға тақтайдай тегіс жолмен келіп кетеміз» деп тістенуші еді. Сонымен қатар, Мейіржанның жолшы мамандығын таңдауына нағашы атасы да себепші болды. Бексырға атасы – ұзақ жыл жол салу мекемесінде еңбек еткен ардагер жолшы. Жол құрылысы туралы әңгімелерді көп тыңдап, ондағы техникалар, жол салу әдістері жайындағы жиі естіген Мейіржанның бала арманына одан сайын қанат бітті. Қазақстанның кең жазирасына мыңдаған шақырым жол салып жүргенін көз алдына елестетіп, қиялға беріліп кететін.  

Мейіржан Мырзахмет Алматыдағы орта мектепті аяқтап «экономист» мамандығы бойынша Жоғарғы оқу орнына түсті. Оны ойдағыдай бітіріп, қаладағы жаңадан құрылған Наурызбай ауданына маман болып жұмысқа тұрды. Алайда әкімдік қызметкеріне бала күнгі жол салу арманы маза бермейді. Көп ұзамай Алматыдағы Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жол академиясына құжат тапсырып, өзі қалаған жолшы мамандығына оқуға түседі. Академияны бітіргенде 2019 жылы елімізде жол сапасын бақылайтын Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мемлекеттік мекемесі құрылады. Мейіржанның бала арманы орындалуға бір қадам ғана қалғандай көрінді.

Ал Мейіржан Мырзахмет жол салу туралы кітаптарды оқып, интернеттен мәліметтер іздеп, пайдалы әрі қызықты ақпараттарды білгісі келіп тыным таппайды. Жол саласына қызметке кіріскенге дейін бұл мамандықтың қыр-сырын білуге талпынады, білімін шыңдай түсті. Теп-тегіс асфальт жол мемлекеттің күре тамыры, экономиканың негізі екенін түсінді. Қазақтың байтақ даласы, мол қазба байлығы, әр алуан әсем табиғаты үшін ең әуелі күре жолдың маңызы жоғары. Сондықтан жол салу – үлкен міндет және жауапты қызмет.

Мейіржан үшін көптен күткен сәт те туды. Ол Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Алматы филиалына жұмысқа орналасты. Жаңадан құрылған мекеменің ұжымы да жас маманды жылы қарсы алды. Мекеменің басты қызметі – Алматы қаласында салынып жатқан жолдар мен қала көшелеріндегі жол активтерін қадағалау, бақылау. Осынау аз уақыт аралығында Мейіржан жол салу тәртібін, мемлекеттік стандарттарды, жол саласына қатысты заңнамаларды үйренді. Ең бастысы, қызметіне тікелей қатысты мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеу ретін, тәртібін меңгерді.

Бүгінде жас маман Алматы қаласында жаңадан салынып жатқан жолдардың құрылыс барысын бақылап, нысанның басына барып түрлі сынамалар алып, сараптамалар жасай алады. Мердігер мекемелерге жол сапасына, құрылыс материалдарына қатысты ұсыныстар жасап, жұмыс барысындағы олқылықтарды ескертіп, кемшіліктерді белгілеп береді. Өз ісіне жауапты, мамандығына адал Мейіржан Мырзахмет жол саласын жақсарту үшін талапты жолшы жастар көп болса деп ойлайды. Кәсіби білімді жастар – болашақта жол саласының білгірі болатынына сенімді. Ал ынталы жастар көп болу үшін мемлекеттік қолдау да маңызды дейді Мейіржан.